Жаңалықтар

Ұлытау облысында ер адам қалыңдығын өлтірген

Ұлытау облысында ер адам қалыңдығын өлтірген
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 07.09.2023 17:50 855

Ұлытау облысы Қаражал қаласының тұрғыны үйленгісі келген қалыңдығын өлтірген. Сондай-ақ оның туыстарын да өлтірмек болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отбасын құрғалы жүрген екі жастың арасында келіспеушілік болып, 5 тамызда қызды туыстары Қаражалдан алып кетуді шешкен. Қызды алып кеткеннен кейін, жігіт арттарынан қуып, әдейі жол апатын ұйымдастырған. Болжам бойынша, жігіт қалыңдығы отырған көлікті бірнеше рет соғып, көлікті жол жиегіне шығарып жіберген.

5 тамызда бес жолаушысы бар көлік жол апатына түсіп, Қаражал қаласының полиция бөлімінде 345-бап 2-бөлігі бойынша "Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерін бұзу" тіркелді. 18 тамызда 28 жастағы жәбірленушінің қаза болуына байланысты іс 345 - бап 3-бөлігіне "абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзу" қайта қаралған, - деп хабарлады Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі.

Кейіннен соталды тергеп-тексеру барысында тиісті сот сараптамалары тағайындалған. 6 қыркүйекте сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қылмыстық іс 99-бап 1-бөлігі "адам өлтіру" бойынша қайта қаралған.

Басқа зардап шеккендерге қатысты Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша "екі және одан да көп адамды өлтіруге қастандық жасау" бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық істі тергеуді ПД мен облыс прокуратурасының басшылығы бақылауға алды, - деді ведомство өкілдері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға