avianews.com

Ұлытау облысынан Балқаш пен Түркістанға жаңа авиамаршрут ашылады

03.12.2025 12:20

Ұлытау облысы құрылғаннан бері өңірде жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әкімнің айтуынша, үш жыл ішінде 549 шақырым автомобиль жолы және 4 көпір жөнделген.

Қызылорда-Жезқазған автожолын реконструкциялау биыл көктемде басталды. Қазіргі таңда оның төрттен бір бөлігіне асфальт жабындысы төселді, – деді Дастан Рыспеков.

Өңірде бұған қоса «Қаражал-Атасу» автожолының реконструкциясы, сондай-ақ «Ұлытау-Арқалық» бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Әкім «Сәтбаев-Малшыбай-Жошыхан, Домбауыл кесенесі» автожолының құрылысы аяқталуға жақын екенін атап өтті.

Биыл ұзындығы 316 шақырымды құрайтын Қызылжар-Мойынты жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл біздің облыстан Жамбыл облысына тікелей қатынау мүмкіндігін ашады, – деді ол.

Қазіргі уақытта аймақ бойынша 29 автобустық маршрут жұмыс істейді. Үкімет тапсырмасына сәйкес, биыл Жезқазған, Қаражал, Жаңаарқа және Қызылжар станцияларында теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Авиация саласында да өзгерістер күтіледі. 

Қазір облыс орталығынан Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды бағыттарына тұрақты рейстер бар. 2026 жылы Балқаш және Түркістан қалаларына жаңа авиамаршрут ашу жоспарланған, – деді Дастан Рыспеков.