Жаңалықтар

Ұлыбританияда құлпынай теретін қазақстандықтар қанша табыс тауып жүр

Ұлыбританияда құлпынай теретін қазақстандықтар қанша табыс тауып жүр
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 11.06.2024 11:36 1939

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің ақпараты бойынша, былтыр еңбек эмиграциясында 194 мың қазақстандық болған, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Салалық комитеттің мәліметінше, Ұлыбританияда бес мың қазақстандық еңбек етуде. 2022-2023 жылдары Орталық Азиядан келген иммигранттар саны едәуір артқан. Бұл Ұлыбритания билігі фермаларда жұмыс істеу үшін шетелдіктерді тартуға квоталар санын арттырумен байланысты.

Халықаралық миграция ұйымының мәліметі бойынша, Ұлыбританияда Қазақстаннан барған маусымдық қызметкерлер саны 2023 жылы 87,6% - ға, бес мың адамға дейін өсті. Ал 2021 жылы елге тек 400-ге жуық қазақстандық барған екен.

Ұлыбританияда фермада құлпынай жинаушы болып жұмыс істейтіндер айына 737 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін ақша таба алады(күніне 8-ден 12 сағатқа дейін жұмыс істегенде). Мысалы, автозауыттағы жұмысшының немесе жүргізушінің жалақысы айына 2,2-ден 2,9 млн теңгеге дейін, ал супермаркетте 2,5 млн теңгеге дейін болуы мүмкін. Мұндай жұмысқа орналасу шығындары да айтарлықтай екенін естен шығармаған жөн.

Рекрутинг агенттіктің қызметі мен виза шығындары алты айға шамамен 970 мың теңгені құрайды. Трансфер мен маусымға байланысты тағы 200-270 мың теңге шығын бар. Кейбір шетелдік жұмыспен қамту агенттіктері құжаттарды рәсімдеу және әуе билеттеріне кеткен шығындардың бір бөлігін жұмыс берушілер өтейтінін айтады.

Алайда, әлеуметтік желілерде және әртүрлі онлайн-алаңдарда «шетелде жұмысқа тұруыңа көмектесеміз, тегін баспанамен қамтамасыз етеміз, жолға кететін шығындарды өтейміз» деген жалған-компаниялардың жарнамалары жетіп артылады. Олардың құрығына түсіп қалмау керек, - дейді сарапшылар.

Мамыр айында өткен Қазақстандағы еңбек нарығы мен көші-қонды дамыту жөніндегі дөңгелек үстелде халықаралық ұйымның сарапшылары Ұлыбританияға жұмысқа орналасу кезінде қазақстандықтар делдалдық қызметтер үшін үлкен ақша төлейтінін айтып қалды. Кейде бұл сома жұмысшылардың бірнеше жалақысына дейін жетіп қалады екен.

Мамыр айының соңында Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) Қазақстандағы миграцияға қатысты соңғы  деректерді жариялады. Онда жоғары жалақы үшін шетелге жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтардың 2024 жылдың қаңтарына дейінгі есебі ұсынылған.

Қазақстан тұрғындары еңбек эмиграциясына қай елдерге жиі барады? Көші-қон саласындағы сарапшылар жүргізген зерттеу Еуропада жұмыс істеуге аттанатын қазақстандық эмигранттар туралы біржақты пікірді жоққа шығарды. Мемлекеттік органның мәліметінше, өткен жылы еңбек эмиграциясында 194 мың қазақстандық азамат болған. Олардың 84% – ы Ресейде, ал 9,3% - ы Еуропа елдерінде жұмыс істеп жүр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға