Жаңалықтар

«Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» атты жинақтың тұсауы кесілді

Кітаптың тұсаукесері
«Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» атты жинақтың тұсауы кесілді
Фото: Құндыз Маршалова 07.12.2022 18:07 2553

Ұлттық академиялық кітапханада «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлының «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Шараға белгілі ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Серік Негимов, Қуаныш Сұлтанов, Қойшығара Салғараұлы, Қайрат Сақ, Амангелді Құрмет, Дәулеткерей Кәпұлы, Ержан Исақұлов, Ирак Елекеев, Ақеділ Тойшанұлы сынды тағы басқа белгілі зиялы қауым өкілдері мен ЖОО-ның тарихшы магистранттары мен докторанттары қатысты.

Кітап бірнеше еңбектің жиынтығынан тұрады және Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» (1730) деп аталатын шағатай қарпіндегі қолжазбасы негізінде даярланды.

Жинақта сан ғасырдан бері Ұлы далада өмір сүріп, тіршілік еткен түркі халықтарының, соның ішінде «қазақ» деп аталған халықты құраған ру-тайпалардың шығу тегі, дамуы, тіршілігі, тарихы мен өмірлік салт-дәстүрі, мекендеген атақонысы, қол жеткізген ұлы жетістігі туралы тың деректер қамтылды. Сондай-ақ, ежелден бері Ұлы далада өсіп-өнген, көптеген даңқты перзенттері мен ұлы билеушілердің шыққан тегі, атажұрты туралы нақты дәлелді деректер келтіріліп, адамзат тарихына өшпес із қалдырғаны баяндалған.

Кітап бірнеше еңбектен құралып, жинақ болып шықты. Ең үлкені Ақтан сопы Құтб ғұламаның 1730 жылы жарық көрген «Біздің тарих» деген кітабы. Жинақтың негізгі бөлігі осыдан тұрады. Кітаптың авторы Зәріпбай Оразбай жинақтың мың таралыммен басылғанын тілге тиек етті.

«Кітаптың «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» деп атауымның сыры еңбекте Түрік атамыздың тарихы қамтылды. Түрік атамыздың ең алғашқы қонысы – қазіргі Алатау мен Қаратудың баурайындағы Сайрам мен Таластың екіаралығы. Яғни, түркілердің алтынбесігі деуге болады. Сол жерде ұрпағы көбейіп, өсіп-өнді. Көбейгеннен кейін бұл жер тарлық қылып, Түрік атамыздың өзі Еуразия кеңістігінде Ұлы көш жасап, Байкал көліне дейін ұрпақтарын қоныстандырды. Одан кейін Балқаш, Ертістің бойын мекендеді. Өзі Сайрам қаласының орнында жерленген. Жерленген жерінде оның баласы қала тұрғызғандықтан, Сайрам деп аталып кетті. Сайрам сөзінің мағынасы «тақ мұрагері» дегенді білдіреді. Сол себепті, кітапты осылай атауым – түркілерден шыққан ең алғашқы әулие Түрік атамыздың өзі. Әулие «Алланың досы» деген мағынаны білдіреді. Ұрпағынан да өте көп әулиелер шықты. Сондықтан да еңбекте сол әулиелердің бірнеше тарихы келтіріліп, Ұлы әулие атамыздың тарихы бейнеленді», – деді жинақ авторы Зәріпбай Жұманұлы.

Қоғам қайраткері, тарихшы Қойшығара Салғараұлы тарихи санасы әлі де толық жетілмеген жас ұрпаққа ең қажет еңбек екенін айтты.

«Біздің бай тарихымыз бар дейміз. Бірақ әлі де толық зерттелген жоқ. Өз тарихымызды жеткілікті білмейміз. Мұндай еңбектің шығуы заңды», – деді.

Саяси ғылымдардың докторы, профессор Ержан Исақұлов кітапты аса құнды және ата-бабаларымыздан қалған мұра деп санайды.

«Онда Шыңғыс ханның (қолжазбада – Шыңғыз) ең сенімді қолбасшысының бірі Ноқта (кей деректе Бұқыршын) ноян мен оның ағасы Орақты ұрпақтарының XVIII ғасырдың басына дейінгі тарихы баяндалған. Аталған кітаптағы түркілер мен Шыңғыс ханға қатысты мәліметтер Ра¬шид ад-дин Фа¬зуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» (1316) және Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафарнама» (1425) еңбектеріндегі деректерге сәйкес келеді. Жинаққа Бекасыл әулиенің «Зикзал» мұрасы туралы деректер мен Мәшһүр Жүсіптің естеліктері, сондай-ақ академик Ғарифолла Есімнің «Шыңғыз хан туралы тосын пікір» атты мақаласы енген. «Ұлы тарих және Ұлы әулие¬лер» көне заманнан осы күнге дейінгі ел тарихын дұрыс байыптауға жәрдемін тигізеді», – дейді.

Сондай-ақ, мұратанушы-профессор кітаптың ерекшелігіне тоқталды.

«Жинақтағы деректер орта ғасырлық кітаптарда келтірілген ең негізгі дерекке сай. Ал айырмашылығы, мұнда біздің түркі тайпалар мен қазіргі кездегі қазақ халқының құрамына кіретін рудың қайдан шыққаны, атауы қандай адамнан бастау алатыны жазылды. Сондықтан да кітап көне тарихтан толық мағлұмат береді», – деді профессор Ержан Исақұлов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға