Skillbox Media

Ұлы Қытай қорғанының құпиясы ашылды

Ұлы Қытай қорғанының көптеген бөліктері ғасырлар бойы бұзылмай сақталып келе жатқанының басты себебі - оны эрозиядан қорғайтын цианобактериялар мен мүктер екені анықталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл жаңалықты Бейжіңдегі Қытай ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдары анықтаған. Зерттеу нәтижелері Science Advances журналында жарияланды.

Ғалымдар қорғанның беріктігін тексеру үшін Мин әулеті (1368–1644 жж) кезеңінде тұрғызылған сегіз түрлі бөліктен топырақ үлгілерін жинаған. Талдау нәтижесінде 67% үлгіде микробтар түзген жұқа биоқабықтар бар екені анықталған.

Мұндай учаскелердің беріктігі биоқабық жоқ жерлерге қарағанда үш есе жоғары болған. Әсіресе мүк қорғанды жақсы қорғайтыны байқалған. Зерттеушілердің айтуынша, бұл құбылыс цианобактериялар мен басқа да микроағзалардың топырақ бөлшектерін біріктіріп ұстап тұратын заттар бөлуімен байланысты - яғни, олар табиғи цемент түзейді.

Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы 21 мың километрден асады, және ол біздің дәуірімізге дейінгі 221 жылдан бастап бірнеше ғасыр бойы салынған. Құрылыста көбіне топырақ пен тастардан тұратын органикалық материалдар қоспасы пайдаланылған. Бұл орта цианобактериялар, мүктер мен қыналар сияқты микроағзалардың өсуіне қолайлы болған.