Ұлы Абайдың 180 жылдығы қалай тойланады?
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Биыл еліміздің барлық өңірінде қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған 5 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланып, іске асырылуда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасы Ерлан Дәкенов ОКҚ алаңында айтты.
Аталған мерейтойға арналған халықаралық және республикалық деңгейдегі жоспар бекітілген. Бұл жоспар 100-ден аса түрлі форматтағы ең ірі іс-шараларды қамтиды. Басты іс-шаралар ақынның туған жерінде – Абай облысында Абай күні аясында өткізілмек.
Атап айтсақ, «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы, «Жеті қазына» республикалық байқауы, «Құнанбай» көркем фильмінің көрсетілімі, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» халықаралық ақындар фестивалі, «Асыл сөзді іздесең Абайды оқы» республикалық жыр мүшәйрасы, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымындағы концерт, «Абай оқулары» республикалық байқауы және тағы басқа ауқымды іс-шаралар өтеді, - деді спикер.Абай облысы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Мұстафиннің айтуынша, Абай облысында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай көптеген шара ұйымдастыру көзделген. Оған 30 мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр.
Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырлған шаралар бірінше рет 10 күндік ретінде аталып өтуде. 1 тамыз күні «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал іске қосылды. Абай мұрасы цифрлық кеңістікке жол ашты. Семей қаласында ұлттық өнерді, салт-дәстүрді дәріптейтін этноауыл қалашығы ашылды. Белгілі иллюстратор Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі, «Асыл мұра» қолөнершілер фестивалі, «Адамзаттың алыбы хәкім Абай» мерейтойлық концерті өтті, - деді спикер.

