Жаңалықтар

Ұлттық валюта күні: Теңгеге - 30 жыл

Ұлттық валюта күні: Теңгеге - 30 жыл
Фото: Коллаж El.kz 15.11.2023 09:30 1962

Бүгін – Қазақстанның ұлттық валютасының күні. Теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1993 жылы 12 қарашада ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды. Басында ұлттық банк бір теңгені мың сомға бағалаған. Артынан оны 500 сомға дейін түсірді. Ұлттық валюта айналымға шыққанда бір долларға шаққанда бағамы 4,75 теңге болған.

Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов салған. Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды.

Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте - Сүйінбай, бес теңгелікте - Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте - Абай, елу теңгелікте - Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды.

Уақыт өте келе, тарихи тұлғалардың бейнесін алып тастады. Ал 2016 жылы 1 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік банкнот басылды. 

Ұлттық валютаның атауын таңдағанда үлкен дау болды. Мамандар оны "алтын", "ақша", "таньга" ("тенга") деп атауды ұсынды. Тіпті, "сом" деп қалдыра салуға бастама көтерілген. Кеңестік банкноттарда рубльді қазақ тіліне солай аударып шығарған. Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін "теңге" атауы қабылданды.

Ортағасырлық түркі күміс монеталардың "денге" немесе "танга" деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін "тиын" деп атады.

Ұлттық валютаның өз символы бар (₸). Көрсетілген теңгенің графикалық түрі – транскрипцияда "теңге" сөзі басталатын "т" дыбысын, сондай-ақ "тәңірі" дыбысын білдіретін көне түркі алфавитінің символы. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы идеясын, жоғары әлеуетті, даму динамикасын және Қазақстанның ұлттық экономикасының өсуін білдіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға