Жаңалықтар

Ұлттық валюта күні: Теңге — елдің экономикалық тәуелсіздігінің нышаны

Ұлттық валюта күні: Теңге — елдің экономикалық тәуелсіздігінің нышаны
Фото: El.kz 15.11.2024 09:00 1319

Бүгін Ұлттық валюта – теңге күні. Бұл күн Қазақстанның тәуелсіз қаржы жүйесінің символына айналған теңге айналымға енгізілген күн. Теңге – елдің ұлттық валютасы ғана емес, Қазақстанның егемендігі мен экономикалық дербестігінің маңызды нышаны, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Теңгенің тарихы

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан бұрынғы кеңестік рубльды пайдалануды жалғастыра берді. Алайда, рубльдің тұрақсыздығы мен инфляцияның жоғары деңгейі ел экономикасына кері әсер ете бастады. Тәуелсіз қаржы жүйесін құру және ұлттық валютаны енгізу қажеттігі туындады. Осылайша теңгенің тарихы 1993 жылғы 3 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, теңгенің дизайнын жасау және басып шығару жұмыстары басталды. Ұлттық валютаны жасап шығаруға көптеген суретшілер мен экономистер қатысқан. Бірегей дизайн жасау үшін Қазақстанның тарихы мен мәдениеті ескерілді. Теңгенің алғашқы нұсқалары Ұлыбританияда басылды және елге жеткізілді.

1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа төлем бірлігіне айналды.  1997 жылдан бастап Қазақстанда Ұлттық валюта күні жыл сайын атап өтіледі.

«Теңге» – тарихи атау. Орта ғасырда түркілердің күміс монеталары «денге» немесе «таньга» деп аталған. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған еді.

Қазақстан ақшасын шығаратын кәсіпорындардың құрылу тарихы

Жоғарыда атап өткеніміздей, алғашқы банкноталар 1993 жылы Ұлыбританияда басылып шықты. Ал 1995 жылғы 19 мамырда Қазақстанда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Қаражат үнемдеу үшін Банкнота фабрикасына жаңа ғимарат салмай, оның орнына «Гидромаш» АҚ зауытының бір корпусын жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. 

1995 жылы фабрикадан 83 миллионнан астам банкнота шығарылды, келесі жылы 104 миллионнан астам банкнота басылды. 1997 жылы Банкнота фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін де шығара бастады. Қазір мол тәжірибе мен көпжылдық машықтың арқасында Банкнота фабрикасы банкноталарды өз базасында әлемдік сапа мен технология стандарттарына сай шығарады.

Қазақстан теңге сарайы – 1992 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды. Ең алғашқы монета партиясы 1993 жылы Қазақстан теңге сарайында шықты. Кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысы бойынша түрлі-түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталарын шығарады. Яғни, айналымға шығаруға арналған монеталар, естелік және коллекциялық монеталар әзірленеді. Оның ішінде диаметрі 100 мм, ал салмағы 2 килограмға дейін жететін қымбат металдан соғылған «proof» сапалы ерекше өнімдер де бар. Сонымен қатар, кәсіпорын мемлекет наградалары мен медальдарын, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің тапсырысы бойынша да монеталар шығарады. 

Қазақстан теңге сарайы – Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі. Бұл қауымдастыққа мыңжылдық тарихы бар Англияның Корольдік монета сарайы сияқты нарықтың ірі өкілдері кіреді.

Теңгенің қорғаныс элементтері

Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік тәжірибеде алғаш рет банкнотаға екі түсті микрооптикалық қорғаныс жіптерін енгізді. Бұл қорғаныс элементі банкнотаны ары-бері аударып қарағанда, екі түс өзара әрекеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады, яғни материал полимерлік емес болуы керек.

Сонымен қатар, банкноталардың дизайнында жарқын әрі есте қалатын 3D әсерін, сондай-ақ үш өлшемді қорғаныс элементтерін қалыптастыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер қолданылды. Бұл элементтер банкноталардың «Сақ стиліндегі» дизайнын толықтырып тұр.

Жаңа сериядағы банкноталардың дизайнында банкноталарды жарамды немесе тозған деп сұрыптау үшін қолданылатын касса техникасының алгоритмдері де ескерілген.

Сондай-ақ, жаңа банкноталарда серия нөміріндегі әріптер мен сандардың биіктігі бірдей (алдыңғы серияларда әртүрлі өлшем қолданылған). Бұл банкноталарды жоғары жылдамдықта өңдейтін жүйелерді барынша дәлме-дәл етеді.

Теңгенің Қазақстан экономикасындағы рөлі

Теңге енгізілгеннен кейін Қазақстан өзінің дербес ақша-несие саясатын жүргізе бастады. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық тұрақталығын қамтамасыз етуге, инфляцияны бақылауға және елдің қаржы жүйесін дамытуға мүмкіндік берді. Теңге енгізілгеннен кейін Қазақстан экономикалық өсімге, қаржы саласының тұрақтылығына қол жеткізіп, халықаралық саудадағы беделін нығайтты.

Экономист Бауыржан Ысқақтан теңгенің қазіргі әлеуеті жайында пікірін сұрап көрдік.

Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін әрекет етеді, ал Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асырады. Қазіргі таңда елімізде валюталық биржаны бақылайтын екінші деңгейлі банктерді қосқанда 30-ға жуық ойыншы бар. Оның барлығының сұранысы мен ұсынысы қатаң қадағаланып отырады. Яғни Ұлттық банк теңгенің тұрақтылығын ойыншылардың сұранысына сәйкес жүзеге асырып отырады. Теңгенің құлдырауы көптеген жарналарға тәуелді болудан орын алуы мүмкін. Мәселен экспорттық үлестің импорттан төмендігіне байланысты болады. Теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бүгінде Ұлттық банк инфляцияның алдын алуға қарай жұмыстарды атқарып жатқандығын айтуға болады. Бүгінде инфляция Үкімет пен Ұлттық банктің негізгі шаруасына айналып отыр, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Экономист Гүлнар Сүлейменованың сөзінше, елімізде теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ауқымды шаралар іске асырылып жатыр.

Биыл Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 10,25%-дан 13,5%-ға дейін көтерді. Базалық мөлшерлеме бойынша жедел шешім теңгенің айырбас бағамына қысымды, атап айтқанда алыпсатарлықты төмендетуге мүмкіндік берді және инфляциялық және девальвациялық күтулердің өсуін болдырмауға бағыттады. Жыл басында бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы есептеуді көздейтін теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы іске қосылды. 10% мөлшерінде сыйақы әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпандағы күннің соңындағы қалдықтар шегінде көрсетілген салымдарға 1 рет, бірақ 20 млн теңгеден аспайтын сомадан есептеледі. Нәтижесінде мемлекет қабылдаған шаралар, сондай-ақ сыртқы факторлар теңге бағамының тұрақтануына әкелді, - дейді маман.

Бауыржан Ысқақ ішкі нарықта теңге айналымы қаншалықты бақылауда екенін түсіндіре кетті.

Теңгенің айырбас бағамына ішкі факторлар әсер етеді. Мәселен, нарықта біреуі ең төменгі шекті – 475 теңге деп ұсынса, екіншісі – 485 теңге деп ұсынуы мүмкін. Сонда Ұлттық банк нарықтағы орташа бағаны 480 теңге етіп бекітеді. Бұл біздің ішкі фактордың көрінісі. Ал сыртқы фактор мұнайдың бағасымен тікелей байланысты. Сәйкесінше, әлемдік ақша доллар да көтеріледі. Дегенмен бұл макро экономикалық тұсынан біз үшін тиімді. Өйткені, біз шикізатты экспорттайтын ел болғандықтан, сәйкесінше экспорттан түсетін валюталық түсім, яғни доллардың түсімі артады. Бұл біздің бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуге ұлттық орган қаражаттардың көбеюіне де әсерін тигізеді. Сол үшін де сыртқы факторлардың әсері кейде оң болып жатады. Яғни валюталық түсім артқан сайын дамушы мемлекеттегі бюджеттің де кірісі артады деп айтуға болады, - дейді ол.

Экономисттің айтуынша, Қазақстан өз экономикасын әртараптандырса, ұлттық валютаның болашағы жақсы дамиды.

Теңге әлемдік валюталардың қатарына жатпайды. Әр валютаның болашағы экономикадағы үлесімен, дұрыс саясатты ұстануымен және валютаның қалыпты болуына әсер ететін факторларға тікелей байланысты. Яғни біз әлі де өзіміздің бюджетімізді мұнайдан түсетін түсімдермен тікелей байланыстырып жатырмыз. Сонымен қатар доллар үлесінің көп болуы да өз әсерін тигізіп жатыр. Ал теңгенің тұрақтылығын сақтап қалу үшін біз экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруымыз керек. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканың алдын алуымыз қажет. Ұлттық қордың қаражатын оңды-солды долларды сақтау үшін емес, керісінше девиденттерді арттырып, өзіндік орнымен дамытқан абзал. Салықтық түсімдерді, шағын және орта бизнесті экономикамен белсенді байланыстыруымыз керек. Енді бюджеттің қаражатын Ұлттық қор қаражаты арқылы жабу тәжірибесін азайтқан жөн. Жалпы алғанда «зона комфортадан» экономиканы шығаруымыз керек. Сондықтан халықтық реформа жасау қажет деп ойлаймын, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға