коллаж El.kz

Ұлттық валюта алдағы 10 жылда қалай өзгереді? Қаржыгер болжам жасады

15.11.2025 09:00

1993 жылғы 15 қарашада теңге айналымға енді. Содан бері бұл күн Қазақстанда Ұлттық валютаның ресми күні ретінде аталып өтеді. Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Бауыржан Ысқақ El.kz интернет порталына берген сұхбатында теңгенің рөлі, оның ішкі нарықтағы орны және ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтаудың жолдары туралы айтып берді.

Теңге – ұлттық тәуелсіздіктің экономикалық символы

Бауыржан Ысқақтың пікірінше, теңгенің айналымға шығуы еліміздің экономикалық тәуелсіздігін бекіткен маңызды қадам болды.

Теңгені енгізу арқылы біз рубль зонасынан бөлініп, өз монетарлық саясатымызды жүргізуге мүмкіндік алдық. Бұл ұлттық бюджетті, салық жүйесін және нарықты басқарудың нақты құралдарын қалыптастыруға жол ашты, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, теңге тек экономикалық ғана емес, символдық мағынаға да ие.

Бұл – Қазақстанның тәуелсіздігін айқындайтын маңызды институт, – деп атап өтті Бауыржан Ысқақ.

Теңге – ішкі айналымның басты құралы

Қаржыгердің айтуынша, бүгінде теңге Қазақстан экономикасында ішкі есеп айырысудың негізгі тетігі болып қала береді. Соңғы жылдары цифрлық және карточкалық төлемдердің қарқынды дамуы ұлттық валютаның айналымдағы орнын нығайтып отыр.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда теңге ішкі нарықтағы барлық операциялардың негізгі құралына айналды. Әсіресе цифрлық төлемдер мен банктік карталар арқылы жүзеге асатын транзакциялар көлемі артқан сайын, теңгенің айналымдағы белсенділігі де күшейе түсті, – дейді сарапшы.

Алайда, ол сыртқы нарықта жағдай сәл басқаша екенін айтады.

Импорттық үлесі жоғары компаниялар мен экспортқа бағытталған кәсіпорындар үшін доллар мен еуро сынды шетел валюталары әлі де маңызды. Сондықтан ірі транзакциялар кезінде ұлттық валютаға тәуелділік толық жойылған жоқ, – деп түсіндірді Бауыржан Ысқақ.

Ұлттық банк теңге айналымын бақылауда ұстап отыр

Бауыржан Ысқақтың сөзінше, бүгінде теңгенің ішкі нарықтағы айналымы жүйелі түрде бақылауда. Бұл бақылау бірнеше тетік арқылы жүзеге асады.

Ең алдымен, теңге айналымына Ұлттық банк жауап береді. Ол ақша-несие саясатын жүргізіп, базалық мөлшерлеме мен ақшаның ұсынысын реттейді. Сонымен қатар банктердің валюталық ұстанымдарын бақылап, қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жасайды, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол бүгінде қолма-қол және қолма-қолсыз төлемдерге қатысты барлық деректер ресми түрде жарияланып, ашық жүргізілетінін атап өтті.

Қысқаша айтқанда, ішкі айналымдағы теңге қозғалысы жақсы бақылауда. Дегенмен, халықаралық операциялардың көбеюі мен нарықтағы жылдам өзгерістер теңгенің қысқа мерзімді құбылмалығын көрсетіп отыр, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Теңгенің тұрақтылығын қалай сақтауға болады?

Қаржыгердің пікірінше, ұлттық валютаның тұрақтылығын арттыру үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның ішкі ерекшеліктеріне сай экономикалық тетіктерді күшейту қажет.

Ең алдымен, монетарлық саясаттың айқындылығы маңызды. Инфляцияға қатысты тұрақты күтулер қалыптасуы және базалық мөлшерлеменің саяси ықпалдан тәуелсіз жүргізілуі теңгеге деген сенімді нығайтады, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, сыртқы және ішкі резервтерді тиімді басқару да ұлттық валютаның тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Халықаралық резервтерді сауатты басқару мен нарықтық күйзелістер кезінде интервенция жасау қабілеті сақталуы тиіс. Ал фискалдық тәртіп, яғни бюджет шығыстарының тұрақтылығы – теңгеге деген сенімнің негізгі факторларының бірі, – деп түсіндірді Бауыржан Ысқақ.

Оның пікірінше, валюта және капитал нарықтарын дамыту да аса өзекті.

Форвард, своп секілді құралдар арқылы валюталық тәуекелдерді хеджерлеу мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Сондай-ақ ұлттық валютада бағаланатын өңірлік облигациялар мен қаржы құралдарын дамыту, ішкі инвестицияларды теңгемен жүзеге асыру – долларлық тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді, – дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақ сонымен қатар Ұлттық банктің ашық коммуникация жүргізуін де маңызды деп санайды.

Қаржы реттеушісі өз саясаты мен болжамдарын алдын ала ашық жариялап, нарықтағы күтулерді дұрыс бағыттай алуы тиіс, – деп түйіндеді ол.

Ұлттық банк саясаты – теңге тұрақтылығын сақтаудың негізгі тетігі

Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкі қазіргі таңда теңге бағамын реттеуде үйлестірілген әрі дәстүрлі орталық банк құралдарын тиімді қолданып отыр.

Қазір Ұлттық банк инфляция мен нарықтық қысымдарға қарай базалық мөлшерлемені дер кезінде түзетіп отырады. Бұл – теңгенің құбылмалылығына жауап ретінде қабылданған орынды шара, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, банк саясатының тағы бір маңызды бағыты – халықаралық резервтерді сақтау және экономикалық деректерді ашық жариялау. Бұл қоғам мен нарық тарапынан сенімді арттыруға септігін тигізеді.

Теңге бағамын тұрақты ұстап тұру тек ақша-несие саясатына ғана емес, жалпы бюджеттік тәртіп пен құрылымдық реформалардың тиімділігіне де тәуелді, – деп түйіндеді Бауыржан Ысқақ.

Теңгенің халықаралық беделін арттыру

Қаржыгер теңге бүгінде аймақтық деңгейде мойындалған ұлттық валюта ретінде қалыптасқанын айтады. Дегенмен, оның халықаралық сенімділігін арттыру үшін жүйелі әрі кезең-кезеңмен жүргізілетін шаралар қажет.

Теңгенің беделін күшейту үшін ең алдымен елдің экономикалық тұрақтылығы мен бюджет тәртібін сақтап, суверенді рейтингтерді нығайту маңызды, – дейді сарапшы.

Ол Fitch секілді халықаралық рейтинг агенттіктерінің Қазақстанға оң баға беріп отырғанын мысалға келтірді.

Мұндай бағалар елдің қаржы жүйесіне сыртқы сенімді арттырады. Сондай-ақ резервтердің жеткілікті болуы мен валюталық сақтандыру тетіктерін көрсету де сенімділіктің маңызды факторы, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Қаржыгердің пікірінше, халықаралық сауда мен инвестицияларда теңгені көбірек қолдану да ұлттық валютаның беделін көтереді.

Экспортты теңгемен бағалау, екіжақты келісімдерге ұлттық валютаны енгізу және шетелдік инвесторларға теңгемен қаржыланатын құралдарды ұсыну – ұзақ мерзімде тиімді нәтиже береді, – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, бұл шаралар бір күнде әсер етпейді, бірақ тұрақты түрде іске асса, теңгеге деген сыртқы сенім артып, халықаралық деңгейдегі беделі күшейеді.

Теңгенің болашағы – экономикалық тұрақтылыққа тәуелді

Бауыржан Ысқақ алдағы 5-10 жылдағы теңгенің болашағына қатысты өз болжамын ұсынды. Оның айтуынша, ұлттық валютаның рөлі ел ішіндегі экономикалық саясаттың тұрақтылығына тікелей байланысты.

Егер инфляцияны төмен деңгейде ұстап, бюджет тәртібін сақтау және қаржы нарығын дамыту бағыты жалғаса берсе, теңгенің рөлі айтарлықтай күшейеді. Бұл әсіресе ішкі транзакциялар мен аймақтық сауда келісімдерінде ұлттық валютаның үлесін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол сыртқы факторлардың ықпалын да ескеруге шақырды.

Геосаяси жағдай мен әлемдік нарықтағы өзгерістер теңгенің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда экономикада шетел валюталарының үлесі арта түсу қаупі бар, – деп түсіндірді Бауыржан Ысқақ.

Оның пікірінше, алдағы бес жылда теңге ішкі нарықтағы негізгі төлем құралы ретінде өз орнын сақтайды.

Теңгенің әлемдік деңгейдегі беделінің айтарлықтай артуы екіталай. Оның халықаралық қолданыстағы үлесі баяу, кезең-кезеңімен ғана өседі. Бұл көбіне макроэкономикалық саясат пен жаһандық нарық жағдайына тәуелді, – деп түйіндеді қаржыгер.