Жаңалықтар

Ұлттық ұлан қызметкері Гүлжан Хамзина: Әскери азамат лайықты жалақы алуы керек

Ұлттық ұлан қызметкері  Гүлжан Хамзина: Әскери азамат лайықты жалақы алуы керек
Фото: жеке мұрағат 19.12.2024 16:57 187

Қазақстанның құрылымдарындағы қаржы бөлімшелері тиімді қызметті қамтамасыз етуде және стратегиялық міндеттерді орындауда негізгі рөл атқарады. Ең алдымен, ол бюджетті жоспарлау мен бақылауға жауап береді. Нақты қаржылық жоспарлаусыз күш құрылымдарының тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бюджеттеу ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға мүмкіндік береді, бұл шектеулі қаржыландыру жағдайында ерекше маңызды. Күш құрылымдарының операциялары мен іс-шараларына байланысты ықтимал қаржы шығындарын болжау да маңызды. Бұл мамандардан елдегі және одан тыс жерлердегі экономикалық жағдайды терең түсінуді талап етеді. Демек қаржы саласының мамандары мықты стратег ретінде болашақта туындайтын мәселелерді алдын-ала шешіп отыруы тиіс.

Бұл – қызметтің қиындығына қарамай төтеп бере алатын, асқан төзімділікті талап ететін, сеніп тапсырылған міндетті жауапкершілікпен істейтін нағыз маманның жұмысы. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қаржы саласының нағыз маманы деп подполковник Гүлжан Жомартқызы Хамзинаны атай аламыз.

Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы бюджеттік-қаржы басқармасының қаржыландыру, талдау және еңбекақы төлеу бөлімінің бастығы подполковник Гүлжан Хамзинаның  өмірі мен мансабы құқықтық тәртіп әскерімен  тығыз байланысты көрнекті тұлға десек қателеспейміз. Жиырма екі  жыл ішінде ол өзін ісіне және еліне адал жоғары білікті маман ретінде көрсетіп келеді. Оның қызметтік тізімі сонау 2002  жылдан 5518 әскери бөлімі  қаржылық бөлімше маманы ретінде басталады. Қатардағы қызметкерден бастап, офицерлік шенге қол жеткізді.

Шын мәнінде өз өмірімді әскери саламен байланыстырам деп ойлаған жоқпын. Менің әкем Хамзин Жомарт Ануарбекұлы өзі де әскери адам болған және соңғы кезде 6638 әскери бөлімінде кадр бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарып майор шенінде денсаулығына байланысты зейнетке шықты. Ең алғашында әкем менің әскери саланы таңдағаныма қарсы болды. Өйткені, әскери қаржыгер өз мамандығынан бөлек, әскери дағдыларды да жақсы білуі керек. Әскери бөлімнің қаржыгері есептен бөлек, әскери қызметтің мән-жайын, талаптарын жіті түсінуі қажет. Елмен бірге ату алаңына барады, саптық және спорттық дайындыққа қатысады, тәрбие мен әскери тәртіпті қатаң сақтайды. Бірақ сол кезде Өскемен қаласында 5518 әскери бөлімінің қаржы бөліміне есепші қажет болған еді. Мен тәжірибе жинау үшін сол жерде еңбек жолымды бастап көрмекші болдым. Біраз жұмыс істегеннен кейін әскери жұмыс өзіме ұнай бастады. Ал әкем болса, зейнетке шыққан соң екі айдан кейін дүниеден өтті. Анам мұғалім, артымнан ерген екі сіңілім бар. Отбасыма жәрдем беруге және әкемнің атына кір келтірмеу үшін бар күшімді жұмсап жауапкершілікпен еңбектендім, - дейді Гүлжан Хамзина.

Иә, жауқазындай жас қыздың иығына түскен жауапкершілікті сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Алға қойған мақсат-мұраты да тым биік болғанымен, оған жетуге күш-жігері де жеткілікті еді. Сондықтан да Гүлжан Жомартқызы өз күшімен мамандығының майталманы атанды. Әрине, өмір жолын, қызмет жолын жаңа бастаған қаржыгердің бетін ешкім қақпаламай, керісінше басшылық тарапы да қолдау білдірді. Өмір жолында қолдау көрсеткен басшылар мен командирлерге кейіпкеріміздің айтар алғысы да көп. Сонымен, қызмет сатысымен сәтімен көтеріліп, қаржы саласының барлық қыр-сырына қанық болады. Қызмет барысында әр түрлі әскери бөлімдердің қаржы қызметінің бастығы болып қызмет етеді.  Шығыс қолбасшылығындағы 17 жылдан аса әскери қызметтегі адал  қызметі үшін 2019 жылы Астана қаласындағы Бас қолбасшылығына ауыстырылып, қазіргі уақыттабюджеттік-қаржы басқармасының қаржыландыру, талдау және еңбекақы төлеу бөлімінің бастығы лауазымында абыроймен жұмыс атқарып жүр. Гүлжан Жомартқызы тұрмыста, жолдасы да әскери қызметтегі адам, арнайы бөлім офицері, 1 қызы бар.

«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейтін мақал бар. Гүлжан Жомартқызымен әңгімелесудің сәті түскенде оның қаржы саласындағы сауаттылығымен қатар, бүгінде атқарып жатқан лауазымына сай мемлекетшіл көзқарасын аңғаруға болады. Сырт көзге көрінбегенімен, жұмысының нәтижесі бүкіл әскердің алға жылжуына әскер етеді.

Баршамызға белгілі нарықтық экономика жағдайында барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы, әскердің қорғаныс қабілеттілігі, жалпы ел қауіпсіздігі қаржылай қолдауды талап етеді. Өздеріңізге белгілі «Қаңтар» оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан дамыту тапсырмасын қойды. Сәйкесінше, Ұлттық ұланның саны өсті, жаңа полктер, батальондар құрылды, жаңа әскери техника алына басталды. Мұның барлығы қосымша қаржылардыруды талап етеді. Сондықтан, біздің міндетіміз әскер бюджетін жоспарлау, оны Ішкі істер министрлігінде, Қаржы министрлігінде қорғау, нақты қажеттілігін дәлелдеу. Әрине, бюджетті қорғау кезінде басқа ведомствадағы  әріптестерімізбен ой-пікірмен алмасамыз. Кейде келісеміз, кейде өзіміздің Ұлттық ұланға қатысты принципиалдық көзқарастарымызды ұстанамыз. Өйткені, оның барлығы әскеріміздің әлеуметтік қорғалуы, дамуына тікелей байланысты. Бюджеттің шығындарын қысқартумен әрине келісеміз, тек әскерден ештеңені аямау керек. Себебі, бейбіт күніміз әскерилердің жағдайына байланысты, - дейді ол.

 Сөз барысында Ұлттық ұландағы сыйақы және жалақы туралы тақырыптардың басын түртіп өттік. Кейіпкеріміз бұл тақырыпта елжандылық көзқарасын танытты.

Сыйақы мәселесі біздің үнемі назарымызда. Артылған ақшаны әскери қызметкерлерге сыйақы ретінде беру мәселесі толығымен жабылған жоқ. Біз алдағы уақытта, жыл соңына дейін бұл мәселенің оң шешілуіне күш-жігерімізді саламыз. Келесі жылы да әскерилердің жалақысы өседі. Оның бюджеті есептеліп қойған. Екі жылдық көтермелеу болады. Біздің ойымызша, әскери азамат лайықты жалақы алуы керек. Қазір интернет сатылымы, сауда саттық дамыған заманда ақша табу көздері көбейді, ол - ел дамуының белгісі. Сонымен қатар, мемлекет те азаматтардың әскерге баруына мүдделі болғаны абзал. Қазіргі жастар аз жалақыға бола уақыттарын өткізгілері келмейді. Сондықтан әскери қызметтің тартымдылығын көтеру керек. Оның бірден-бір жолы - жалақыны көтеру. Сонда азаматтық мамандықтармен салыстырғанда әскери мамандықтардың басымдылығы бір сатыға жоғары болады. Өйткені, елге қауіп төнген жағдайда ең бірінші шығатын ол әскерилер, - деп ағынан жарылды қаржы саласының маманы.

Гүлжан Жомартқызы үлкен цифрлармен жұмыс істейді. Әр ісінен шашау шығармай, әскердің қажеттіліктерін есептейді. Бойынан тек кәсібилігі ғана емес, елге деген үлкен сүйіспеншілік, әскерге деген жанашырлық көрініп тұрады. Кейіпкеріміз көптеген жылдар бойы қиындықтар мен ауыртпалықтарды еңсеріп, қызметті қаржылық тұрғысынан қамтамасыз етіп жүр. Әрдайым ізденіп, білгенін жас буынға үйретіп, өзінің кеңпейілді қасиетімен жанына ұжымдастарын топтастырды. Бұлардың барлығы оны жауынгерлік жанұяның ажырамас мүшесі етті. Қаруластары қаржы саласының маманын кәсіби дағдылары үшін ғана емес, ұжымдағы көңіл-күйді, жұмысқа жағымды рең жасай білгені үшін де бағалайды. Басқарма басшысы полковник Дәулет Ахметов, полковник Алексей Малых бастаған басшылық тарапы да кейіпкерімізді құрметтейді. Ең бастысы, Гүлжан Жомартқызы секілді қаржыгерлер есеп пен қаруды қатар ұстап, ел мүддесі үшін қажырлы еңбек етіп келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға