Ұлттық құрылтайда балаларды әлеуметтік желілерден шектеу мәселесі көтерілді
Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық балалардың арасында клиптік ойлау кеңінен қалыптасып, сараптамалық және сыни ойлау дағдылары жеткілікті деңгейде дамымай отыр. Осыған байланысты депутат 14-16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесін қарастыруды ұсынды.
Әлеуметтік желілер бүгінде қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ықпалды саяси тетікке айналды. Қатарынан бірнеше елде наразылық науқандары, көшедегі жаппай мобилизация және күрт саяси өзгерістердің едәуір бөлігі онлайн-платформалар арқылы басталып, сол жерде үйлестірілгеніне куә болып отырмыз. Менің ойымша, бұл мәселе терең әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Мұнда әңгіме тек технологиялар жайында емес, идеология туралы, жастардың болашағы және түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздігіміз жайында болып отыр, – деді ол.
Депутат бұл мәселені жүйелі түрде пысықтау үшін Жасанды интеллект министрлігін тартуды ұсынып, кешенді талдау негізінде балалар мен жасөспірімдерді қорғауға бағытталған нақты шаралар әзірлеу қажет екенін атап өтті.
Халықаралық тәжірибеге назар аударғым келеді. Кейбір елдерде 14 жасқа дейінгі, ал жекелеген мемлекеттерде тіпті 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігі шектелген. Бұл тыйым – цифрлық дәуір жағдайында ойлау қабілетін, талдау дағдысын, тірі диалогты және кемел тұлғаның қалыптасуын қорғауға бағытталған қадам, – деді депутат.
Айта кетейік, бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Өткен жылдың соңында Мәдениет және ақпарат министрлігі «Онлайн-платформалар және массмедиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Құжаттағы негізгі бастамалардың бірі – 16 жасқа толмаған азаматтардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шектеу тек әлеуметтік желілерге қатысты болады. Ал жедел хабар алмасу сервистеріне, атап айтқанда, WhatsApp пен Telegram-ға аталған норма қолданылмайды. Сондай-ақ онлайн-ойындар да бұл тізімге кірмейді.
Әзірге шектеу қойылуы мүмкін платформалардың нақты тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен министрліктің мәліметінше, заң қабылданған жағдайда Қазақстан аумағында жұмыс істейтін барлық әлеуметтік желілер – TikTok, Instagram, Facebook, Threads, X (бұрынғы Twitter), VK секілді сервистер аталған талапқа бағынуы мүмкін.
Балалардың жасын қалай тексереді деген сұрақ та қоғамда қызу талқылануда. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық тәжірибені, оның ішінде Аустралияның үлгісін зерделеп жатқанын хабарлады. Қоғамдық талқылаудан кейін жас ерекшелігін растау тетіктері, пайдаланушылардың деректерін тексеру және өзге де техникалық әрі ұйымдастырушылық механизмдер айқындалмақ.
Ведомство өкілдері бұл бастаманың негізгі мақсаты балалар үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру екенін атап өтті. Министрліктің ресми жауабында әлеуметтік желілердің балалар үшін бірқатар қауіп төндіретіні, оның ішінде буллинг, алаяқтық әрекеттер мен психологиялық денсаулыққа кері әсер ететін заңсыз контенттің кең таралатыны айтылған.
Сергей Пономарёв цифрлық қауіпсіздік мәселесін бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Депутат былтыр әлеуметтік желілерде жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын қолдану арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің қауіптілігі туралы ескерткен болатын. Оның айтуынша, жалған бейне немесе аудиожазбалардың сапасы күн санап артып келеді, бұл қоғамдық пікірді манипуляциялау, мемлекеттік органдардың беделін түсіру және елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыру қаупін күшейтеді.
Егер мемлекет басшысының немесе қоғамға танымал тұлғаның қатысуымен жалған үндеу немесе мәлімдеме тараса, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнетін тікелей қатер, – деген еді депутат.
Сонымен қатар ол дипфейктерді қаржылық алаяқтар да кеңінен қолданып жатқанын атап өтті. Адамдар жақындарының дауысын естіп немесе бейнежазбасын көріп, көмек сұрағанына сеніп қалады. Feedzai компаниясының 2025 жылғы есебіне сәйкес, онлайн-алаяқтықтың 50 пайыздан астамы жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалады. Бұған жауап ретінде банктер мен төлем жүйелері де клиенттерін қорғау үшін ЖИ-шешімдерді енгізе бастаған.
Депутаттың пікірінше, ең үлкен қауіп – репутациялық зиян. Тіпті жалған ақпарат жоққа шығарылғанымен, нұқсанды толық қалпына келтіру мүмкін болмайды.
Осыған байланысты Сергей Пономарёв Жасанды интеллект министрлігі мен Ішкі істер министрлігін алдын ала әрекет етуге шақырып, бірқатар нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда, цифрлық контентті мониторингтеу және сараптау орталығына дипфейктерді жедел анықтау мен бұғаттау міндетін жүктеу, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен ресми медиада цифрлық материалдардың түпнұсқалығын растайтын арнайы жүйе әзірлеу, сондай-ақ азаматтарды дипфейктерді тану мен цифрлық алаяқтықтан қорғану жолдарына үйрететін ауқымды ақпараттық науқан жүргізу қажеттігін жеткізді.

