«Ұлттық қор – балаларға»: 2026 жылғы төлем бүгін аударылады
Бүгін Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» мемлекеттік бағдарламасы аясында кезекті төлем жүзеге асырылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
Биыл 1 ақпан демалыс күніне сәйкес келгендіктен, балалардың шоттарына қаражат 30 қаңтар күні аударылады. Ал ата-аналар мен заңды өкілдер бұл қаржыны 31 қаңтар түстен кейін немесе 1 ақпан күні таңертең өз шоттарынан көре алады.
Оқи отырыңыз:
- Үй бағасы түседі деп күтуге бола ма? Сарапшылар не дейді
- 2016 тренді: адамдар неліктен өткенді аңсайды және ол несімен қауіпті?
- Тарихта тұңғыш рет: Заңғар Нұрланұлы Australian Open жартылай финалына шықты
2026 жылы әр балаға 130 АҚШ доллары, яғни қазіргі бағам бойынша 65 мың теңгеден астам қаражат аударылады.
Бір балаға қанша қаражат жиналды?
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылғанына биыл үшінші жыл болды. 2026 жылғы төлемді қоса есептегенде, бір балаға аударылған қаражаттың жалпы көлемі 360 АҚШ долларына жуық, бұл қазіргі бағаммен 181 мың теңгеден асады.
Ал қаржы баланың атына ашылған жеке шотта жинақталады. Қаражатты 18 жасқа толғанға дейін пайдалану мүмкін емес. Кәмелетке толғаннан кейін оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға бағыттауға болады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы
Бағдарлама 2024 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын Қазақстандағы 18 жасқа дейінгі барлық балаға теңдей бөлінеді. Бұл – баланың отбасындағы табысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан берілетін мемлекеттік қолдау.
Маңыздысы, аталған қаражатты қолма-қол шешіп алуға болмайды. Ол тек нақты мақсаттарға – білім алу немесе баспана сатып алу үшін ғана қолданылады.
Кімдер алады?
Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, 18 жасқа толмаған барлық бала қатысады. Баланың ата-анасының табыс деңгейі немесе әлеуметтік жағдайы есепке алынбайды.
Айта кетейік, бағдарлама енгізілген кезде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тіркелген. Жобаның басты мақсаты - әр баланың ересек өмірге қадам басуына қаржылық негіз қалыптастыру. Мұндай жинақ жүйелері Норвегия, Канада және Сингапур сияқты елдерде де қолданылады.
Бұған дейін жеке табыс салығынан кімдер босатылғаны туралы жазған едік.

