Жаңалықтар

«Ұлттық намысымызды қорлау». Депутат ұшаққа домбыраны алып кіру мәселесін қайта көтерді

«Ұлттық намысымызды қорлау». Депутат ұшаққа домбыраны алып кіру мәселесін қайта көтерді
Фото: t.me/mazhilis_kz 04.09.2024 13:28 439

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай әуе компаниялары домбыраны бортқа алып кіру мәселесін қашан шешетінін сұрап, Көлік министрлігіне сауал қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өздеріңізге мәлім, әуе компаниялары бортқа қазақтың қасиетті қара домбырасын кіргізбейді. Бұл біздің ұлттық намысымызды қорлау деп түсінеміз. Қазақтың қасиетті домбырасы қатардағы жүк емес, біздің ұлттық құндылығымыз. Бүгінгі таңда қасиетті домбыраға қалай болса солай қарау біздің намысымызға тиеді. Сондықтан әбден тайраңдап кеткен әуе компанияларын қашан тәртіпке шақырасыздар?, - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев жауап берді.

Кейбір аспаптарды қазіргі әуе кемелерінің сөресіне орналастыруға мүмкіндік жоқ. Соған байланысты осындай сұрақтар туындап жатыр. Бүгінгі таңда әуе компанияларымен бірлесіп, осы шаруаны шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Керек болған жағдайда жол жүгін, қол жүгін тасымалдау шарттарына өзгерістер енгізуге дайындалып жатырмыз. Барынша осы мәселені әуе кемелерінің мүмкіндіктеріне байланысты шешуге тырысып жатырмыз, - деді Аблалиев.

Айта кетейік, бұған дейін  ұшаққа домбыра алып кіру үшін ақша төлеу керектігі айтылған еді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға