Жаңалықтар

Ұлттық идеология негізі Абайда жатыр

Ұлттық идеология негізі Абайда жатыр
Фото: Дания Қоспаеваның жеке мұрағаты 10.08.2024 17:04 2228

Бүгін ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. «10 тамыз – Абай күні» деп ресми түрде бекітілген. Бұл мереке елімізде төрт жылдан бері тойланып келеді. Бір ғана елордада ғылыми конференциялар, тәрбие сағаттары, викториналық ойындар және басқа да 70-тен астам түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. 14 тамыз күні Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлылар мекені...» экспедициясының қорытындысы бойынша ғылыми конференция өтпек. Еліміздің түкпір-түкпірінде осы тақілеттес шаралар атқарылып жатыр, деп хабарлайды El.kz тілшісі.

Абай күнінің тарихы

Абай күнінің мереке ретінде тойлануының өз тарихы бар. Ақын Ұлықбек Есдәулет әдебиеттің, руханияттың мерекесі ретінде Абай күнін атап өтуге Жазушылар одағы мұрындық болғанын айтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына осындай ұсыныспен хат жолдаған.

Абай атамызға қандай теңеу айтсақ та жараса береді. Мәселе – Абайды түсіндіруде. Абай жұмбағын әлі шешіп болғанымыз жоқ. Абай мұз жарғыш кеме сияқты. Жүрекке, санаға жол салады. Философияны, өмір мәнін түсінуде, өткенді екшеп, болашақ бағдарын анықтауда Абайдың рөлі үлкен. Бұл күн әр жерде шартты түрде өткізілмей, халықтық мереке, поэзия мерекесі болуы тиіс деп ойлаймын, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

Ақынның пікірінше, Абайды мерейтойларда ғана атап өтіп, қалған кезде ұмытып кету жөн емес. Мәдени мұрасы жыл сайын жаңғырып тұруы керек.

Өйткені, Абайдан ұлымыз жоқ. Біздің темірқазығымыз да – Абай. Арқа сүйер асқарымыз да – Абай. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген Абай өсиеті – қазақтың моралдық кодексі болуы керек. Біздің ұлттық идеологиямыз жоқ дейміз. Осы күнді атап өтудегі мақсат – Абай идеяларын соның өзегіне айналдыру, – деп ой тастайды Ұлықбек Есдәулет.

Рас, Абай мұрасының болашақ үшін маңызы зор. Жастардың Абайды оқып, тануы тиіс.  

Кейінгі жастар Абайды біліп өсуі керек. Телефонмен, интернетпен өсіп келе жатқан буын бар. Солардың көкірегіне, зердесіне құю біздің міндетіміз емес пе?, – дейді Жазушылар одағының бұрынғы төрағасы.

Абайтану сабақтары

Әрине, келер буынның Абайды оқуы, тануы үшін бірақатар жұмыс жасалып та жатыр. Абай шығармалары қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту бағдарламаларына кіретіні өз алдына бөлек әңгіме. Бұған қосымша мектептерде Абайтану элективті курстары оқытылып жатыр. Абайтану оқулықтары мен әдістемелері де шықты. Қапшағайлық ұстаз Дания Қоспаева – Абайтану әдістемесінің авторларының бірі.  

Мен 11 сыныпқа арналған Абайтану оқулығына әдістемелік нұсқаулық жазған автормын. Мұғалімдер үшін өте тиімді құрал. Онда әр сабаққа қысқа мерзімді жоспар жасала отырып, Абайдың өмірін, шығармаларын құндылығын дәріптейтін әдіс-тәсілдер ұсынылған, – дейді Дания Қоспаева.

Абайтану оқулықтары жай мектептерге және тереңдетіп оқылатын мектептерге арналып, екі бағытта жазылған. Абайтану пәні 9-11 сыныптарда элективті курс ретінде оқылады. Жай мектептерде әр сыныпқа бір сағат уақыт берілген, жылына 34 сағатқа жоспарланады. Ал тереңдетіп оқытылатын сыныптарда, сондай-ақ Абай мектептерінде аптасына 2 сағаттан беріледі. Тереңдетіп оқу үшін арнайы артық сағаттар бөлінген.

Абай мұраларын мектеп оқушыларына оқытудың маңызы ерекше.  Ұлттық болмысымызды қалыптастыруға, ұлттық кодымызды сақтауға қосар үлесі мол. Мәселен, «Абай жолы» романындағы бір жайтқа тоқталайық. Абай оқудан келгенде бірінші анасына барып сәлем береді. Анасы «алдымен әкеңе сәлем бер» дейді. Мұның өзі – ұлттық код. Ер адамдарды биік қоятынымызды көрсетеді. Ер адамның отбасының тірегі, қорғаны екенін баланың бойына сіңіреді. Әйел адамдарға келсек, алдымен үлкен әжесіне, сосын барып қалғандарына сәлем беру керек екені жақсы көрсетілген. Бұл жерде үлкенді, ананы, әкені сыйлау, құрметтеу жақсы көрініс табады. «Абай жолы» – қазіргі кезде кемшін болып жатқан отбасылық тәрбиені әр балаға сіңіретін шығарма, – дейді Дания Қоспаева.

«Абайтану» әдістемесінің авторының пікірінше, Абай адамның білімге, ғылымға, ізденімпаздыққа, таным көкжиегін кеңейтуге деген ұмтылысын ерекше көрсетіп берген.

Абайдың жетінші қара сөзінде адамның туа салысымен есті болмай, көріп біліп, жақсы мен жаманды сараптап, көңілге тоқыған тәжірибелерін, ақылын жинақтай келе, білімділікпен қолданған кезде адамның деңгейі көтерілетіндігін, біздің хайуаннан айырмашылығымыз ақылымызда екенін, ақылды болуы үшін білімді болу керек екенін, ғылымға сүйену керек екенін айтады. Бұдан да балалардың алары өте мол. Жеткіншектеріміз Абайтану курсынан өтетін болса, Абай туралы тереңірек білім алып, Абайдың философиясын ұғынып, толық адам қалыптасады деген ойдамын, – дейді Дания Қоспаева.

Абай Һәм әлеумет(тік желі)

Қоғам қайраткері Дос Көшім көпшілік біле бермейтін Абайдың бір ерекше қасиетіне назар аударып отыр. Оның айтуынша, басқа ұлт өкілдері қазақ тілін керемет меңгерсе де, Абайды бәрібір терең түсіне алмайды екен.

Менің ағылшын, америкалық, неміс достарым Қазақстанға келсе, алдымен Абаймен таныстырамыз. Сонда олар: «Тамаша екенін сезініп тұрмыз. Бірақ онша түсіне алмаймыз» деп жауап береді. Абай шығармаларын қазақтың қасиетін бойына сіңірген адамдар ғана түсінетін деңгейде жазған екен. Басқалар қанша тырысса да, түсінуі қиын. Өз басым осыған таңқалдым, –дейді Дос Көшім.  

Абайдың ұлылығы сонда, өткен ғасырларда өмір сүрсе де, бүгінгі күннің өзекті мәселесін тап басып айтып береді. Дос Көшімнің ойынша, әлеуметтік желінің дәуірі болатынын Абай алдын ала білген сияқты.

Жұрт біреудің жазған нәрсесінің соңынан ереді, біреуді даттаса, жабыла даттап, біреуді мақтаса, жабыла мақтайды. Мұны Абайдан артық ешкім айтып кеткен жоқ. Абай өз дәуірінде қазақтың осы мінезіне ерекше назар аударса, қазіргі әлеуметтік желі кезеңінде де алдымыздан шығып отыр. Бұл қазақтың мәңгілік мінезі секілді. Абайдың кемеңгерлігі сол, осыны болжай білген тәрізді, – дейді Дос Көшім.

Қайраткер қоғамдық-саяси өмірде көптің, тобырдың мәселесін Абайдан артық айтып кеткен ешкім жоқ екенін алға тартады. Қазақтың ақылды тыңдай бермей, әркімнің сөзіне еріп кететін ерме мінезін сынаған.

Саяси өміріміздегі, қоғамдық қатынастарымыздағы шындықты ашып берген. Қазақ халқының ерекшелігін, кемшіліктерін тап басып көрсеткен. Бұл мінезден Абай шаршады. Кейде түңілгені тұстары да бар. Бірақ қазақты қанша сынаса да, қазақты жақсы көргені көрініп тұрады. «Ақымақ көп, ақылды аз, деме «көптің сөзі – пұл», «Көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жөнге сал» деп қандай тамаша айтылған, – дейді Дос Көшім.

Қоғам қайраткері Абайды өмір бойы оқып келе жатқанын айтады. Араға уақыт салып қайта оқыған кезде ұдайы жаңа қасиет, жаңа мазмұн, жаңа данышпандық көреді.

Абай ешқашан да таусылмайтын дүние екен. Уақыт өткен сайын Абай туралы түсінігің тереңдей береді. Абай мәңгілік кітап секілді. Классика деген осы шығар. Басқа шығармаларды оқысаң да, қабылдайсың, риза боласың. Бірақ қайта оқиған кезде мұндай жаңалық аша алмайсың. Абайдың әр сөзінен жаңалық ашасың, – дейді Дос Көшім.

Абай философиясының мәні

Философ Әбдірашит Бәкірұлының айтуынша, «Абайдың ойын түсіну үшін адамға даналық деңгейде ойлау білу қажет. Ол сонда ғана Абайдың сөзін де, ойын да түсінуге толық қол жеткізе алмақ.

Абайдың философиясы – өз заманындағы қазақ қоғамының көрінісі. Мысалы, мінездерді теріп көрсеткен. Яғни, «Абай жолының» өзі қазақ мінездерінің энциклопедиясы деп айтуға болады. Қоғамдық болмысты бейнелеу үшін сол қоғамдағы барлық психологиялық, әлеуметтік, болмыстық мәселелер түгел қамтылуы тиіс. Абай толық қамтыды. Оны бір сөзбен жеткізу білу – үлкен еңбек. Сондықтан оның қара сөздері – қазақ болмысын түсіндіру, оған сипаттама беру, кемшіліктерін, артық жақтарын іріктеу, жалпы қоғам болмысын ашып көрсету, – дейді Әбдірашит Бәкірұлы.

Рас, қара сөздері – эпизодтық шығармалар. Әр қайсысы жеке тақырыпқа бөлінген. Абай қара сөздері арқылы қоғамның болмысын үлкейткіш шынымен  қарағандай жан-жақты қарастырады. Кемшіліктерін табады. «Әттеген-айларын көреді. Соны қалай түзеуге болады деп ойланып, нұсқаулығын береді.

Әрине, сол нұсқаулығын оқып, оны біреулер орысшыл деп ойлайды. Шынын айту керек, Абай заманында Ресей біздер үшін өте прогрессшіл мемлекет болып тұрды. Өйткені, ол жан-жағын жаулап алған алып империя еді. Қаруы мықты. Үлкен-үлкен университеттері бар. Абайды «неге еуропашыл болмадың?» деп кінәлай алмаймыз. Абай «қазақ қоғамы орыстан көп нәрсе үйреніп, сол деңгейге жетсе, жаман болмайтын шығар» деген ойды айтқан. Бұл ешқандай орысшылдық емес, қазақ қоғамын алға сүйреудің бір бағыты, – дейді Әбдірашит Бәкірұлы.

Философтің сөзіне қарағанда, Абайдың ол кезде Қытай туралы айтуы мүмкін емес. Өйткені, бұл елдің ол кездегі әлемдік орны елеусіз. Басқа мемлекеттер туралы сөз қозғауы мүмкін емес еді. Еуропа Абай үшін алыс. Еуропа жаңалықтарының өзі Ресей арқылы жетіп отырған. Сондықтан оны орысшыл деп кінәлай алмаймыз. Абай – прогрессшіл адам.

Болашаққа бағдар

Біз Абайды неге дәріптейміз? Өйткені, қазіргі қоғамда Абай сияқты прогрессшіл тұлғаларға өте зәру. Мемлекетті, мемлекетпен бірге халықтың деңгейін көтеріп, адам капиталының сапасын арттырып, Қазақстанды Жерұйыққа айналдыру идеясы Абай түңіліп айтып кеткен тоғышарлық кедергіге тап болып отыр. Ол біздің саяси жүйеге келіп тіреледі. Өздеріңізге белгілі, отыз жылдық авторитаризмнің зардабын тарттық. Бүкіл қоғамның, мемлекеттің өмірі бір адамның қалауына тәуелді болып қалды. Бір ғана адам мемлекет үшін кепіл болды. Халық та соған үйреніп, саяси, әлеуметтік белсенділіктен ажырап қалды. Жоғары жаққа қарап күнелтті, – дейді Әбдірашит Бәкірұлы.

Философтың пайымдауынша, бізге осы сеңді бұзып жара алатын Абай секілді тұлғалар керек. Ол тұлғаның жинақтаушы образы – халық. Ояна бастаған халық – Абайдың өзі. Абай қойған талаптарды халықтың өзі қойып жатыр. Дін мәселесіне, экономикаға, АЭС құрылысына, әкімшіліктердің жұмыс істеуіне, қоғамдағы әділеттілік мәселесіне қатысты қоғам Абайдың өзін, ісін қайталап отыр. Қазіргі кезде Абай образы қоғамның бейнесі ретінде көрінеді.  

Енді тұлғалық деңгейге қарай бағыт бұру қажет. Халықтың талабы тұлға арқылы жүзеге асуы керек. Өйткені, халық – абстрактілі ұғым. Халық талабын жүзеге асыратын – билік басындағы тұлға. Біз осы бағытқа қарай қадам басып келе жатырмыз. Бірақ ескі кедергілер алдымыздан көп шығып жатыр. Бұрынғы басқару тәсілі, сыбайласқан жүйе, қазақтың ескі ырымшыл, рушыл, туысқаншыл мінез-құлқы мемлекет басқару ісінде көрініс тапты. Бұл қоғамның интеллектуалдық, даму потенциалын төмен түсіріп жатыр, – деп ой қорытады философ.

Абай күні мерекесінің өзі кез келген адамды осындай ой толғауларға жетелеуі тиіс. Бұл мерекенің құндылығы осында.

Абайды еске алып отырып, біз өзіміздің кім екенімізді, қайдан шығып, қайда бара жатқанымызды саралап отыруға мүмкіндік аламыз, – дейді Әбдірашит Бәкірұлы. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға