Жаңалықтар

Ұлттық геологиялық қызмет базасында халықаралық аккредиттелген зертхана құрылады

Ұлттық геологиялық қызмет базасында халықаралық аккредиттелген зертхана құрылады
Фото: t.me/KZgovernment 13.11.2024 16:19 939

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Саланы дамыту Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға, технологиялар мен капитал тартуға, сондай-ақ экономиканың жаңа секторларындағы жеткізу тізбегіне қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ЖШС, «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК компанияларының басшылары баяндама жасады.

Елімізде бериллий, скандий өндіретін әлемдегі үш зауыттың бірі және тантал мен ниобидің төрт әлемдік өндірісінің бірі орналасқан. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәлімдеуінше, еліміздің металлургия зауыттарында висмут, сүрме, селен және теллурид өндіріледі, алюминий тотығынан галлий, полиметалл шикізатынан индий алу технологиясы бар. Биылғы қараша айында Алматы облысындағы қуаты 3,3 млн тоннаға дейін жететін Бұғыты кен орнында вольфрам концентраты өндірісі іске қосылды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы құны $350 млн-ды құрады. 

Премьер-министрге сондай-ақ вольфрам кенін игеру және шикізатты аммоний паравольфрамат дайын өніміне дейін өңдеуді тереңдету, магниттер өндірісі бойынша кластер құру саласындағы перспективалы жобалар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды.

Батарея материалдарын, тұрақты магниттерді өндіру, ресайклинг әдісі және ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру секторларын дамытуға назар аударылды. Қажетті металдарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылуда. Мәселен, әлемдегі ең ірі Сарытоған кен орындарының бірінде дайын өнімге жеткізумен графит концентратын өндіру жоспарлануда. 2024 жылдан бастап Қазақстанда марганец сульфаты моногидраты шығарылады, ол әлемдік нарықтың 5%-ын қамтиды. Сондай-ақ Германияның Bergbau AG компаниясымен литий кен орындарын игеру бойынша жобалар іске асырылуда, Кореяның KIGAM институты Шығыс Қазақстан облысында литийге геологиялық-геофизикалық зерттеулер жүргізуде. Сонымен қатар рений, тантал, вольфрам, никель және кобальт металдары негізінде реактивті авиақозғалтқыштар құнының 50%-на дейін құрайтын ыстыққа төзімді никель қорытпаларын өндіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда елімізде авиақозғалтқыш қалақтарының сынықтарын қайта өңдеу жолға қойылған.

Олжас Бектенов қазақстандық компаниялардың геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, оның ішінде инвестицияларды одан әрі тарту үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бөлігіндегі әлеуетін атап өтті. Мұндай тәсіл Қазақстанның сирек және жерде сирек кездесетін металдарының әлемдік өндірісіндегі үлесін кеңейтуге мүмкіндік береді. Премьер-министр Үкімет отандық ғылыми-зерттеу институттары мен өндірушілерге қолдау көрсететінін атап өтті.

Сирек және жерде сирек кездесетін металдар өнеркәсібін дамыту отандық қаржы институттарының белсенді қатысуын талап етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, шикізат өндіруден бастап терең өңделген өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбектің толық циклі бар кластер құру үшін модель әзірлеу тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық геологиялық қызмет базасында халықаралық аккредиттелген зертхана құру мәселесін пысықтау жүктелді, бұл қазақстандық кәсіпорындарға жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес болуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға