Ұлттық электронды кітапхананы пайдаланушылар саны 44% артты
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы Kazneb.kz платформасының даму қарқыны жаңа деңгейге көтерілді. Яғни контент қаралымының саны 4 076 629-ға жетіп, 30 пайызға өсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ал пайдаланушы саны - 379 312, қашықтықтан 746 056 пайдаланушы кіріп, 44% артты. Сондай-ақ авторлардың рұқсатымен құжаттарды жүктеу саны 1 миллион 600 мыңнан асты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері электронды база 2 758 құжатпен толығып, былтыр осы кезеңмен салыстырғанда 6% көбейді. Бүгінге дейін 114 842 бет сканерленіп, 362 049 бет редакцияланды.
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана қорында 81 357 құжат сақталған, 64 тілдегі құжаттармен еркін танысу мүмкіндігі бар.
Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы – қазақстандық мазмұндағы кең көлемді ақпараттар ұсына алатын тұңғыш мемлекеттік кітапханалық портал. Кез келген пайдаланушы интернет желісі арқылы электронды кітапхана порталына тіркелусіз, еркін, авторизациясыз толық мәтінді құжаттармен таныса алады.
ҚазҰЭК әлемнің 110 елінен пайдаланушылардың сенім артып, тұрақты қолданатын порталына айналып келеді. Негізгі елдер қатарында Қазақстан, Ресей, Германия, АҚШ, Өзбекстан, Нидерланды, Франция, Түркия, Қытай, Ұлыбритания және тағы да басқалары бар. Портал көзі нашар көретін жандар үшін де қолжетімді.

