Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 24.11.2023 12:47 1248

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Мұндай шешімге келуге Ұлттық Банктің болжамдарды жаңартуы, деректерді талдауы және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалауы негіз болды.

Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр.

Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын алдағы шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. Инфляция бойынша 5% мақсатына қол жеткізу қажеттілігі ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды талап етеді.

Жылдық инфляция 2023 жылғы қазанда баяулап, 10,8%-ды құрады және алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне жақындап келеді. Айлық инфляция 2023 жылғы қазанда өзінің орташа тарихи мәндеріне дейін төмендеп, 0,7%-ды құрады. Баға өсімі қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуіне, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуіне, билік қабылдаған шараларға, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалына байланысты баяулап келеді. Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталды. Алайда, олар таргеттен жоғары қалыптасып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кең ауқымына бағаның орнықты өсуін көрсетіп отыр.

Инфляцияның бірқалыпты баяулауына қарамастан, халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейде сақталуда және жекелеген тауар нарықтарында ахуалдың өзгеруіне сезімтал күйінде қалып отыр. 2023 жылғы қазанда алдағы бір жылда күтілетін инфляция көрсеткіші өсті. Жанар-жағармай бағасының өсуі мен азық-түлік өнімдері бағасының динамикасы жоғары күтулердің негізгі факторына айналды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға