Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да төмендетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да төмендетті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 06.10.2023 13:16 2624

Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жылдық инфляцияның баяулау қарқыны жоғары. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады. Реттелетін бағалардың көтерілуінен болған қайталама әсерлерден тәуекел күшейді. Олар бұрын теңге бағамының динамикасымен өтелген болатын.

Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады.

Жылдық инфляция биылғы қыркүйекте осы жылға арналған болжамды диапазонның 10-12% төменгі шегіне апаратын траектория бойынша 11,8%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның төмендеуі ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен былтырғы жоғары база әсерінің біртіндеп сарқылуы аясында жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру жағдайында орын алуда. Қыркүйек айындағы көрсеткіш тұрғын үй коммуналды шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) тарифтерінің күтілгеннен қалыптырақ өсуіне байланысты болжамнан төмен болды. Айлық инфляция 0,6% болды. Бұл орташа тарихи мәндерден әлі де айтарлықтай жоғары. Инфляциялық процестердің орнықтылығын сипаттайтын базалық инфляция тұрақтанып келеді.

Инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляциялық күтулер біршама жеделдеді. Бір жылдан кейін күтілетін инфляция қыркүйекте 17% (тамызда – 16,4%) болды. Алайда, сезілетін инфляция қыркүйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді. Жалпы алғанда, күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасы ТКШ нарығындағы реформалардың іске асырылуын және ЖЖМ бағасының өсуін көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға