Жаңалықтар

Ұлттық банк алдағы оқу жылына 50 білім грантын бөледі

Ұлттық банк алдағы оқу жылына 50 білім грантын бөледі
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 06.06.2023 23:21 1027

Ұлттық банк алдағы оқу жылына 50 білім грантын бөлетінін мәлімдеді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, бағдарламаның мақсаты – Ұлттық Банк пен оның еншілес ұйымдары үшін, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үшін білікті кадрлар даярлау. 

Білім беру бағдарламалары мынадай: «Назарбаев Университеті» ДББҰ Жоғары бизнес мектебінде «Қаржы бойынша ғылым магистрі» – 15 грант,  «Нархоз университеті» КЕАҚ «Қаржы талдаушысы», «Қаржылық тәуекел менеджмент», «Макроталдау және болжау» – 20 грант,   «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ «Қаржылық тәуекел, менеджмент және деректер туралы ғылым», «Макроқаржы және деректер туралы ғылым» және «Қаржылық технологиялар» – 15 грант.  

Бағдарламалар аясында қаржы, экономика, қаржылық технологиялар, бухгалтерлік есеп, тәуекел-менеджмент, статистика, эконометрика, математика, машиналық оқыту және бағдарламалау бойынша мамандар даярланады. 

Осы бағдарламалар бойынша оқу кезеңінің басталуы 2023 жылғы тамыз-қазанға жоспарланған. Оқуға түсу үшін кандидаттар Университеттердің талабы мен өлшемшартына сәйкес, конкурстық іріктеуден өтеді. «Назарбаев Университеті» ДББҰ бағдарламасы бойынша оқу кезеңінің ұзақтығы – 16 ай, «Нархоз университеті» КЕАҚ және «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ бағдарламалары бойынша – 2 академиялық жыл. Оқу аяқталғаннан кейін Ұлттық Банкке және оның еншілес ұйымдарына, сонымен қатар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жұмысқа орналасу көзделген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға