Ақтөбе облысының әкімдігі

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы: Ақтөбеде жоба қалай өтеді

Ақтөбе облысында биыл 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Статистика департаменті басшысының айтуынша, санақ екі кезеңде жүргізіледі: 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама өтеді, ал 20 қыркүйектен бастап арнайы сұхбат алушылар үй-үйді аралайды.

Сауалнамаға ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды және жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылық иелері қатысады. Облыс бойынша шамамен 57 мың үй шаруашылығы мен 10 мыңнан астам агроөндірушіні қамту жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірлік комиссия құрылып, елді мекендердің карталары жаңартылған. Мал мен құстың нақты деректері Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесімен сәйкестірілуде.

Асхат Шахаров санақтың маңызын атап өтіп, тұрғындарды толық қамту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және барлық деңгейдегі әкімдіктердің белсенді қатысуын тапсырды.