Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа – 10 жыл
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығы биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз турында журналистер орталықтың мұражайы, шығармашылық ұжымдары, «Жас Сарбаз» қозғалысы мен әскери-патриоттық жобаларының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталының тілшісі.
Осы уақыт ішінде ұлттық әскери-патриоттық орталық маңызды мәдени, ағартушылық және тәрбиелік ұйым ретінде қалыптасты. Оның базасында әскери-тарихи мұражай, Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі, орталық ансамбль табысты жұмыс істеп келеді.
Мұнда жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімдері, әскери ант қабылдау, ерлік сабақтары, фестивальдер және тұрғындарға арналған ашық іс-шаралар өткізіледі. Шығармашылық студиялар мен әскери-патриоттық жобалар кеңінен дамыған.
«Жас сарбаз» студиясы мемлекеттік деңгейдегі маңызды алаңдарда өнер көрсетіп, халықаралық байқауларда ел намысын қорғауда.
«Жас сарбаз» республикалық қозғалысы да орталықтың тікелей қолдауымен дамып келеді. Қозғалысқа қазіргі таңда 280 мыңнан астам оқушы қатысады, ал Smart Sarbaz клубтары мен үйірмелері жыл сайын артып отыр.
ҚР ҚК бас әскери дирижері, подполковник Алмас Ибрагимов әскери оркестрдің халықаралық іс-шараларға қатысуы туралы айтып берді.
Біздің орталық әскери оркестр соңғы отыз жыл бойы жыл сайын шетелдерге гастрольдік сапармен шығып келеді. Әр жылдары Қытай, Ресей, Тайвань, Германия, Ұлыбритания секілді елдерде өнер көрсеттік. Желтоқсан айының ортасында Катарда өтетін алғашқы халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне қатысамыз. Онда АҚШ, Ұлыбритания, Иордания, Оман, Түркия және басқа да елдердің әскери оркестрлері өнер көрсетеді, – дейді.
Айтуынша, 2007 жылы біздің оркестр Лондонда өткен халықаралық фестивальде «ең үздік оркестр» атанған. Жыл сайын қатысатын байқауларда жоғары нәтижелерге жетуде.
Оркестрде 70 музыкант бар. Құрамына үрмелі және соқпалы аспаптар тобы кіреді. Музыканттарды қабылдауда негізгі талап – кемінде орта музыкалық білім және кәсіби орындаушылық деңгей. Үміткерлер міндетті түрде тыңдалымнан өтеді.
Бұдан өзге мақтан тұтатын шығармашылық ұжымдардың тағы бірі – Қорғаныс министрлігінің ерлер хоры. Олар барлық ресми іс-шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленуде.
Сондай-ақ жоғары кәсіби ұжымнан құралған би ансамбліміз бар. Басқа би топтары жылына бір-екі жаңа номер дайындаса, біздің ансамбльге халықаралық делегациялар көп келетіндіктен, репертуарды жиі жаңартып отыру қажет. Кешке тапсырма алып, түнде әзірленіп, таңертең дайын номерді көрсете алатын шеберлік деңгейін ерекше атап өткім келеді, – дейді Ұлттық әскери-патриоттық орталық басшысы Арман Әсенов.
Орталық басшысының айтуынша, балаларға арналған әскери-патриоттық лагерьлер бар. Онда жылына 4 250 бала демалады. 9-10 сынып оқушылары 20 күндік ауысыммен келеді.
Сабақтан қол үзбей, мектеп бағдарламасын да оқиды. Сонымен қатар АӘД пәндері, инженерлік бригада, десанттық-шабуыл бригадасы бойынша сабақтар, парашютпен секіру үйретіледі, – деді Арман Әсенов.

