Жаңалықтар

Ұлттық Ұлан – елі мен халқына қорған

Ұлттық Ұлан батырларына құрмет көрсетті
Ұлттық Ұлан – елі мен халқына қорған
04.05.2018 15:36 14332

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орайластырылған салтанатты жиын өтті. Бұл шараға Бас қолбасшылық басшылығы, Астана гарнизоны әскери бөлімдерінің офицерлері мен келісімшарт әскери қызметшілері, әскер ардагерлері, ықпалдастық органдар өкілдері қатысты.

ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы бас басқармасының бастығы Беляков Қанат Ерғалиұлы қазақ әскерінің күш-қуаты мен бүгінгі жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.

– 1992 жылы тәуелсіздік алған соң, егемен елдің өз әскері құрылды. Содан бері, 25 жылдың ішінде әскеріміз аяғынан тік тұрды. Бүгінде заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, қуатты мемлекетке айнала білдік. Бұл күн – қайсар да қайтпас жауынгер ата-бабаларымыздың заңды жалғасын тапқан күн деп есептеймін.  2013 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде белгілеу жөнінде тапсырған  болатын. Жыл сайын елімізде әскеріміздің әл-қуатын көрсететін әскери парадтар өткізіледі. Ал биылғы жауынгерлік парад Отар кентінде ұйымдастырылмақ. Ұлттық ұланның күш-қуатын Қаракемер кентіндегі құрамадан жасақталған жауынгерлер көрсетеді. «Ұлттық ұлан» Ұлттық гвардиясы да егемендікпен бірге есейді. Олар жауынгер ата-бабаларымыздың ізін жалғап, жыл сайын ерен ерліктерімен көзге түсуде.

Дәл осы сәтті пайдаланып, ел қорғаған батырларымыз туралы айта кетейін. Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына бір миллион екі жүз мың адам аттанып, оның тең жартысы елге оралған жоқ. Елі үшін опат балған батырларымыздың ерен ерліктері әрқашан жадымызда болады. Ұлы Отан соғысы ардагерлері от кешкен аталарымыз бен тылда еңбек еткен апаларымызға барынша құрмет көрсетіледі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста жеңіске жетеледі. Сол сұрапыл жылдары жанын қиған сарбаздарымыз Отанға деген ыстық махаббаттың анық дәлелі бола білді.

9 мамыр күні – мереке ғана емес, айбынды ерлік пен батырлықтың белгісіндей болған күн. Біздің парызымыз – бұл күнді есте сақтау. Бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқанымыз, жеңіс күнін жақындатқан азаматтарымыздың арқасында. Оларға алғысымыз шексіз. Ерлікті жасау – бір ерлік, оны дәріптеу – мың ерлікке тән. Бейбіт өмірдің негізі, осы – өшпес ерлікте. Келе жатқан мереке батырлық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілікпен, адалдықтың өлшемі. Сол ардагерлердің ерліктерінің арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешудеміз. Ұланы бар елдің ұраны да бар. Жауынгерлік жанұядай ұйысқан Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған деген ұранды ұстанған гвардиямыз тәуелсіздіктің кепілі. Отан қорғау күзетінде тұрған құқықтық тәртіп әскерінің айбыны асқақтай берсін.

Мерекелік шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізген әскери қызметшілер ҚР Ішкі істер Министрі мен  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен арнайы марапаттарға ие болды.

Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы:

– Бүгінгі жас ұландықтардың ел тыныштығын қорғауын – парызы деп біліңіздер. Біздің ата-бабаларымыз бейбіт күн үшін жан аямай, жауды жағадан алып, жеңіске жете білді. Сондықтан, біз өзімізге артылған жауапкершілікті сезінуіміз керек. Ұлы Отан соғысы бір-екі жыл емес, бақандай төрт жылға созылды.  Біз немесе сіздер сол кездегі офицерлердің орнында болсақ, дәл солай нақты шешім шығара алар ма едік?! Олар секілді сарбаздарының қайта оралмайтынын біле тұра, соғыстың қызыл жалынына жібере алар ма едік? Сол сияқты жауынгер жауды жібермес үшін, өзі қаза тапса да сол отқа кірді. Ал біз олардың орнында сондай қадам жасар ма едік? Ойланып көрейікші...

Мен осы сәтті пайдалана отырып, барлық соғыс ардагерлерін шын жүректен келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын. Олар ерлік көрсетпегенде мен осы жерде тұрар ма едім немесе біз барлығымыз осы бейбіт күнгі шараны өткізер ме едік?!

Сөз жоқ, біздің сарбаздар күн сайын әртүрлі қылмыскерлерді қолға түсіреді. Біз туралы ешқашан жаман сөз айтылған емес, себебі барлығы қызметіміздің қандай қиын екенін біледі. Сол үшін де жеке өз атымнан осында жиналған барлықтарыңызды келе жатқан мерекелеріңбен құттықтаймын, – деді.

Елбасы Жарлығымен 2 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған генерал-майор Сатов Мұхаметқали Құсайынұлына, 2 дәрежелі  «Айбын» орденіне ие болған полковник Шекарбеков Сәкентай Амантайұлына, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған подполковник Құлынбетов Руслан Жақсылықұлы мен майор Рахимов Тимур Рысқалиұлына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, салтанатты шарада «Генерал-майор» жоғарғы әскери атағы полковник Бочаров Дмитрий Владимировичке және полковник Әбікеев Ұларбек Ташықұлұлына берілді. 

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, 2 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған генерал-майор Сатов Мұхаметқали Құсайынұлы өз ойымен бөлісті:

 –1978 жылы Новосібір қаласында орналасқан ішкі әскер институтын бітіріп, 1982 жылы Қазақстанға келгенмін. Міне, сол 40 жылдан бері Отанды қорғау міндетін адал атқарып келемін. Взвод командирінен бастап, аға офицері шендеріне дейінгі аралықты жүріп өттім. Сол сіңірген еңбегім бағаланып отырғанына шын жүректен қуаныштымын.

Ең алдымен, Елбасымызға алғысымды айтамын. Президентіміздің арқасында еліміз халықаралық аренада абырой жинап, төрткүл дүниеге танылып отыр. Қазір біздің ісімізді жалғар, батыр да батыл жас ұрпақтарымыз өсіп келеді. Олардың міндеті – ата-бабамыздан келе жатқан кең байтақ жерімізді жаудан қорғау, халқына қызмет ету. Қазір ХХІ ғасыр жаңа технологияның ғасыры болғандықтан, өсіп келе жатқан ұрпақтың зман талабына сай білімді, білгір, зерек болып жетілгендерін қалаймын.

Сөз соңында, барлық ардагерлерімізді келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көк туымыз биіктен желбіріп, еліміздің жүрегі мәңгі соқсын! 

Ілгеріде аталғандардан басқа биыл жауынгерлік міндетті үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерлігі мен батылдығы үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық ұланның бірқатар әскери қызметшілері мемлекеттік марапаттармен марапатталған болатын. 

Ұлттық ұлан Ішкі әскерлердің даңқты дәстүрлерінің мұрагері ретінде 2014 жылдың 21 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен қайта құрылған болатын. Құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері күнделікті қызметке шығып, еліміздің қалалары мен елді мекендерінің тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.

Салтанатты шара Ұлттық Ұланның Ән-би ансамблінің мерекелік концертік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға