Жаңалықтар

Ұлттық көсемсөз: реализм мен сыншыл реализм сабақтастығы

Қазақ публицистикасындағы реализмнің көрініс табуы
Ұлттық көсемсөз: реализм мен сыншыл реализм сабақтастығы
17.09.2017 16:32 3659

«Сыншыл реализм» және «социалистік реализм» деген атаулардың шарттылығын ұмытпау шарт. Оның екеуі де кәдімгі реализмнің әр кезге лайық, әрқилы идеялық нысананы аңғартатыны бір болса, екінші жағынан әрбір ұлт әдебиетіндегі өзіне тән суреттеу тәсілдері арқылы көрінетін реализмдер болатынын бұдан былай ұмытпауға тиістіміз. Сондықтан «қазақ реализмі», «қазақ романтизмі», тіпті «қазақ символизмі» дегендерден үрікпейтін қисынға ұмтылғанымыз жөн болмақ».

Ал Жүсіпбек Аймауытовтың публицистігі, әсіресе сыншылдығы басым, айтар ойы әрқашан кесек те өрелі тұлға. Шындығында, классикалық реализмді өз шығармашылығында жарқырата пайдаланып, ешкімге жалынып-жылпылдамай, өзіндік еркіндік пен тәуелсіздікті пайдаланған дарын осы – Жүсіпбек Аймауытов.

Қазақ әдебиетінде сыншыл реализм дәстүрінің сілемдерін әңгімелеудің екі тұрғыдан мәні бар. Бірінші, 20 жылдардағы көркемдік тәжірибеде болып жатқан ізденіс-талпыныстың сырына үңіле алмай, оның теориялық сыр-сипаты неге байланысты екенін ұға алмай көп қателік жібергенімізді айту керек болса, екіншіден, культ тұсында еркін ойлау мүмкіндігінен айрылғандар, кешегінің бүгінгіге азық, дәстүр жалғастығы екенін ұқпағандар сыншыл реализм принциптерін өзінің шығармаларында жетілдіре қолданған авторларды күнәға батқандай, қателік жасағандай сезінетін, сыншыл реализммен жанасқан дарындардың творчестволық келбетіне дақ түсетіндей қаратындар ғылыми ортада жиі кездесті. Ескілікпен күресуді ең негізгі идеялық-көркемдік шартқа а йналдырып, кешегіден безуіміз керек деп ұққандар әдебиет әлеміндегі көркемдік құбылыстарды дұрыс таразылауға тәжірибеде қолдануға мән бермеді. Сондықтан жаңалықты, ізденістің сырын дұрыс аңғарып алуға көп қиындық жасап келді» деген. М.Әуезовтің шығармашылығындағы сыншыл реализм үрдісін терең зерттеген ғалым Т.Кәкішев: «Әуезов еңбектерін жансыз, қатып қалған стилмен жазбады. Өйткені, оларда ғасырлар бойы жемтіктелген өмірдің өзгермейтіндігі суреттеледі. Ол  сол дәуірдің ілгері басуына ерік бергісі келмеді. Шындықты бздің түсінуімізше бағаласақ, бұл жалған көтеріңкі романтикалық әңгімелер қозғалыстан құралақан емес, бірақ олар жаңа өмірдің гүлденуіне қарсыласа отырып, кейін қарай, өткен ескілікке қарай сүйрелейді. Егер Әуезов осымен кете берсе, онда ол суреткер ретінде опат болар еді. Ол сол қиын-қыстау кезеңде реалистік ағымы басым болған шығармалар жаза білді, шындық «сұлу» ойларды төңкеріп тастап, сыртқа тепті. Бұған жазушының шындықты жаңаша тұрғыда түсініп, жазған еңбектері мысал.

М.Әуезовтің 20-жылдарадғы әңгімелерінің ішінде романтикалық леппен жазылғандары да, сыншыл реализмнің классикалық үлгісінде жазылған туындылары да басым. Ал «жырлайтыным, мұңдайтыным – ауыл тақырыбы» деп өткен Б.Майлиннің қысқа әңгімелерінің көбі сыншыл реализмге тұнып тұр.

Ғалымның пікірінде көп дүние жатқан сияқты. Демек, сыншыл реализмнің сілемдерін көргіміз, аңғарғымыз келмесе де, оның әсіресе публицистиканың құнарлы топырағына нықтап орныққанын жасыру мүмкін емес. Оған теориялық тұрғыдан қарай алмай, басқаның айтқанына көніп, аузына қаражық. Өзіміз теориялық қисын айта алмайтындай күн кештік, ондай ізденістің ұлы көрсеткіші Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты кітабы жаулық, ұлтшылдық пиғылда жазылды деп маңына жоламадық, тарихта болмағандай көзді жұмып алдық.

Тіпті өзгені былай қойғанда, осы сыншыл реализм туралы сонау 20-жылдары А.Байтұрсыновтың «сындар дәуірі» деп атағанын ұмытпаған жөн. Сындар дәуірі дегеніміз «шығарушы өзі жазушы, өзі сыншы болған уақытта шыққан мағыналы сөз. Сөздің асыл қасиетті сырын біле бастау – сын болады. Абайдан кейін сөзге талғау кіреді. Айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын болды, олай болғаны – Абай асыл сөздің айқын нұсқаларын көрсеткеннің үстіне, аз да болса сөз сипаттарын айтып та жұртты хабардар қылды» деген ойлардың бәрі де профессионалдық әдебиеттң көркемдік әдісіне, алған бағытына құйылатын таным-біліктер екені даусыз.

Тәуелсіздік алған 1990 жылдардағы баспасөзде сыни трендтің көрініс табуын негізгі нысан етіп алғандықтан мұрағаттағы газет парақтарын ақтаруға тура келді. Әсіресе, сол кезде жарық көрген «Жас алаш», "Егемен Қазақстан", "Ана тілі", "Азат", "Азия" басылымдарының 1990 жылдан 1995 жылға дейінгі сандарына шолу жасадым. Сонда бір нәрсеге анық көзім жетті. Ол – еліміз етегін жиып, шекарасын бекітіп, өз қолы өз аузына әрең жеткен уақыттың өзінде ешкімнен тайсалмастан баспасөз бетінде сынға толы өткір материалдарды жариялауының өзін ерлікке балар едім. Аты аталған басылымдардың қай-қайсысын ашып қарасаңыз да, сөзімізге дәлел боларлық мақалаларды оқып, айызыңыз қанады. Әрине, егемендік алған екі-үш жылда сыни көзқарасқа толы өткір пікір айтуға батылдық керек-ақ. Салыстырмалы түрде айтсақ, тәуелсіздік алған 25 жылдың табалдырығында тұрсақ та, қоғамда, билік тармақтарында күйіп тұрған мәселелерді ашық жаза алмай, жететін жеріне жеткізе алмай жатқанымыз ащы да болса, шындық. Тіпті, кейбір мемлекеттік басылымдар публицистикадағы сынды жылы жауып қойған. Астарлап бірдеңе жазғандай болады, бірақ нақтылық, адресаттық мақалалар жоқтың қасы. Демек, біз төменде келтіретін мысалдарға зер салсаңыз, Тәуелсіздіктің 25 жылында емес, тәй-тәй басқан алғашқы жылдары демократияның ұшқыны, сыншыл реализмнің элементтері көзге ұрып тұр.

Тағы да бүгін «аға» газет атап кеткен «Егемен Қазақстан» газетіне шолу жасасақ. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің 1994 жылғы 10 маусымдағы  No81 санында белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртазаның «Империяның улы жемісі» атты мақаласын оқып, көсемсөз шеберіне деген құрметім арта түскендей. Автордың сол кезде жарық көрген көркем немесе публицистикалық дүниесінің қай-қайсысы да адам баласына ерекше рух пен жігер береді, жүрегіне қайрат пен сенім ұялатады. Белгілі публицист мақаласының бісмілләсінде жүздеген жылдық империялық қанау халқымыздың тұтастығын ту-талақай етіп келгенін қадап айтып,  империяның ежелден келе  жатқан ұрандарының түпқазығы: «Бөліп алда, билей бер!» саясаты екенін әшкерелейді. Мақаланың сөзімізге дәйек болар тұсын қаз-қалпында берсек, сөкеттігі жоқ шығар.

«Бұл ұранның жан түршіктірер мақсаты: тәуелді халықтың бет-бейнесін, ақыл-санасын, салт-дәстүрін, психологиясын, мінезін өзгертіп, тілін жойып, жер-суының атына дейін өзгертіп, ұлттық сипаттан жұрдай ету. Осы тұрғыдан алғанда күні кеше коммунистік империя күйреуінің алдында қазақтар ұлт  ретінде жардың жағасында тұрды. Енді болмаса құлайтын еді де, Солтүстіктегі толып жатқан ұлт ретінде жойылып кеткен халықтардың (Вогулдар, Эдегейлер, Черемистер, Шорлар,Евендер, Ительмендер, Нивхылар, Аиндар, Юкагирлер, Алеуттер) кебін киетін еді.

Бұл үшін оларды кінәлау да қиын. Оларды заман қалыптастырды, империя солай жаратты. Кезінде Қазақстанның астанасы  Алматыда бірде бір қазақ мектебі қалмаса, оларды қазақша білмейсің, қазақтық қасиетің жоқ деп қалай айыптайсың. Бұл қасірет.

Ал енді қоғамның біздегі тағы бір қасіреті: осы нигилистер өзі қазақ бола тұра қазақ тілін үйренуге құлықсыз. Өйткені қазақ тілі ол үшін артық бейнет, ауыр жүк. Орысша білмесең, басың алтын болса да іске алғысыз күн болған», – дейді ол.

Тәуелсіздік таңы атты. Қазақ тілінің күні туды дедік. Қазақ тілі жеке дара мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді дедік. Тақиямызды аспанға лақтырдық. Асығыстық болды. Өйткені сол тақия қайтып жерге түспей, бой жетпес бір ағаштың бұтағына ілініп, қалған сыңайлы.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына қасарыса қарсы шыққандар, әлі де жанталаса қарсы болатындар аз емес. Олардың қатарына құдай  сорлатқанда зіміздің әлгі ұлттық нигилистеріміз де бар. Әсіресе солардың өңмендеуі жаман. Бұл енді, бір жағынан пендешілік. Екінші жағынан, намыссыздық, ұлтсыздық. Пендешілік болатыны – ол қазақ тілінің жеке дара мемлекеттік тіл болуынан қорқады. Неге? Жеп отырған нанынан аырылып қалуы мүмкін. Олар орысшаға келгенде орыстардың өзін сөзінен сүріндіріп, оқытуға жарайды. Соның арқасында ол биік мансап, үлкен мәртебеге, лауазымға,  атақ -дәрежеге ие.

Ал, егер ертең бүкіл іс-қағаз, ресми қарым-қатынас, өздері  оқып жүрген лекция, жазып жүрген кітап қазақшаны талап етер болса, күні не болмақ?! Ә, мәселе қайда.

Ұлтсыздық – отансыздықтың белгісі. Онда ұлтсүйер, отансүйер  сезім өліп қалған.Міне, бұл әсіресе қатерлі. Олар үшін Қазақстан деген дербес мемлекет бола ма, болмаса бордай тоза ма – бәрібір. Өз ұлтын, өз тілін даттап, өзгелерге жағынып, қарны тойса,ол  соған риза, соған мәз. Нақты мысал керек пе? Құзырыңызға құлдық. Н.Масанов,Н.Әміреқұлов дейтін ғалымдар соңғы бір-екі жылдың ішінде республикалық орыс баспасөзінің бетінде тынбай осы бағытты ұстап келеді.

Бұл екеуінің тағы бір мақаласы Қазақстанда шығатын  «Мысль» атты журналда жарияланды. (No2,1994 жыл) Тақырыбы: «Бәріміздің де ойланатын мезгіліміз жеткендей...» (« Пора бы всем задуматься»...)Бұл авторлардың айтуынша, қазір Қазақстандағым халықтар хақ жарылып,екіге бөлініпті: дәрежелі («титульный»), дәрежесіз («нетитульные»). «Титульный – қазақтар», «нетитульныйлар – қазақ еместер». Сөйтіпті де «дәрежелі» қазақтар жан-жақтан жау тауып алыпты. Алдымен қарама-қайшылық қазақтар мен орыстар арасында (солтүстікте), қазақтар мен немістер арасында (Тың өлкесінде), қазақтар мен ұйғырлар арасында (оңтүстік-шығыс), қазақтар мен өзбектер арасында, (оңтүстік) қазақтар мен тағы басқа майда халықтар арасында.

Сөйтіп қазақтар басқа халықтарға «апартеид» болыпты. Кадр мәселесінде бәрін өз қолына алыпты. Сөйтіп бір ернімен көк тіреп, бір ернімен жер тіреп, жетісіп-ақ қалыпты. Құдайшылығын айтыңыздаршы,осындайды көргендеріңіз бар ма? Ай мен күннің аманында бұл не деген жала?

Сөйтсе, сорлы қазақ осы саясаты арқылы өз  көрін өзі қазып жатқан көрінеді. («... подготовляет почву для своего самоуничтожения»). Сөйтсе, байғұс Қазақстан быт-шыт болып ыдырайтын көрінеді.(« и в конечном итоге приведут к распаду данного государства»).

Н.Массанов пен Н.Әміреқұлов үшін Қазастанға Д.А.Қонаев бастық болдыне Г.В.Колбин бастық болды не – бәрібір, бәлендей айырмашылық жоқ. Әруақтан да сескенбесе не шара. Бұл авторлар үшін Голощекинді қайта әкеліп отырғызсаң да қуанбаса, өкінбес сыңайы бар.

Өткенпарламент азшылықтың тілін мемлекеттік тіл ретінде көпшілікке зорлап таңып, Қазақстанды жарға жығатын қысқа жолға салыпты. Ал қазақ тілі  түкке татымсыз. Ештеңеге жарымайды. Мұны айтып отырған әлгі авторлар. Мен емес. Авторлардың айтуынша, «Ғылым мен әлемдік мәдениет табыстарының 99,9 проценті Қазақстан тұрғындары үшін тек орыс тілінде ғана түсінікті болады.

Сорлы қазақ тілі! Әлгі аталған қызметтің бір процентін атқаруға да қауқары жоқ екен-ау... Жалған!

Мұқағали Мақатаевтың аударуында дүние-әлемнің алыбы Данте қазақша сөйледі және қандай сөйледі!  Қазақ тілі Дантенің тақиясына тар келген жоқ. Қазақ тілінде Толстой иен  Достаевский,Бальзак пен Драйзер, Пушкин мен Есенин шебер сөйледі. Керек десеңіз, Пушкиннің «Дубровскийін» Шәкәрім өлеңмен аударды.

Қазақ тілі ғылымды,саясатты,экономиканы игере ала ма? К.Маркс пен Ф.Энгельс, В.Ленин шығармалары түгелге жуық қазақшаға аударылды. Қазақ тілі күрделі техникалық,медициналық пәндерді оқытуға жарайды екен. Қазақ тілінде жаралған әдеби мұра дүниежүзілік мәдениетке қосылған елеулі үлес.Дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесі болмаса,ЮНЕСКО ұлы Абайдың 150 жылдығын, немене «пара» үшін өткізе ме? Мұхтар Әуезовтың шығармасы әлемнің 75 тіліне аударылып басылса, ол дүниежүзілік мәдениетке қосылған үлес емей немене?

Тізе берсе, мұндай мәселелер бір кітап болады. Бірақ, Н.Масанов пен Н.Әміреқұлов бұның бәрін  талақ етіп отыр ғой. Олар мұның бәрін білмейді,білгісі де келмейді. Қарғыстың ең үлкені: «Өзің білме, білгеннің тілін алма!». Олар қазақ мәдениетінің уызын татып көрмеген, ана тілінің уызына жарымаған. Уызға жарымаған жан безбүйректеу болатын көрінеді.

Ал, енді қазақ халқы қай уақыттан бері «дәрежелі», «титульный» болып, «дәржесіздерге» тізесін батырыпты? Бұл енді тек екі араға жасанды жік салып,отқа май құйып, өрт шығарғысы келгендердің сандырағы. Осы сандыраққа әлдекімдер сеніп қалып, өрт шықса, сол  өрттің жалынына қойдың басын үйітіп қалғысы келгендердің, содан пайда тапқысы келгендердің пендешілік әрекеті.

Әйтпесе қазақ халқы өз жеріне өзге ұлттардың миллиондаған  өкілдерін қабылдады. Олардың біреуі басқыншылықпен келді,біреуі қуғын-сүргін көріп келді, біреуі «тыңды бағындырамыз» деп келді. Сонда қазақ кімге қиянат қылды?

Соғыс жылдарында әділетсіздікпен жер аударылған немістерді, қарашай, малқарларды, чешендерді, ингуштарды, қырым татарларын, әзербайжандарды, курдтарды, соғыстан бұрын кәрістерді паналатып үйінің бір бұрышынан орын беріп, бір уыс дәнін беріп, бөліп жегені үшін жазықты ма? Сол «дәрежесіздер» қазір «дәрежелі» қазақтардан әлдеқайда ауқатты тұрмай ма? Егер қазақтар оларға қысым жасаса, қуғындаса,олар өстіп дәулетті болар ма еді?

Н.Асанов пен Н.Әміреқұлов қазақтар Қазақстанда азшылық, 40-ақ процент деп күстаналайды. Неге азшылық болып қалды деген мәселеге бармайды, барғысы келмейді. Онда өздерін өздері әшкерелер еді. Мұның қайғылы-қасыретті себептері бар екенін мүйіздері қарағайдай-қарағайдай ғалымдар білмейді емес, біледі. Бірақ ғалым бола тұра, тарихқа, ғылымға қиянат жасап жалғандықтың қара жалауын желбіретеді. Сөйтіп, Қазақстанда тұратын қалған 60 процентті «орыстілділерге» жатқыза салады. Сайып келгенде, бұл орыс емес, басқа халықтардың ар-намысын, ұятын, ұлттық тілін тікелей қорлау. Айталық, немістің өз тілі бар. Керек десеңіз, Қазақстанда олардың өз театры, газеті, баспада редакциясы, радиода, теледидарда немісше сөйлейтін өз бағдарламасы бар. Ұйғыр да, кәріс те сондай. Қазақстанда тұратын 300 мыңнан астам өзбектер қалайша «орыстілділерге» жатады. 300 мыңнан астам татарлар ше?

Ау, бұл зорлық-зомбылық, өктемшілік, өркеуделік дегеннің де бір шегі болмай ма екен? Жоқ, қазақтан басқаның бәрі өз еркінсіз «орыстілділер» болды да кетті. Бұл енді империялық астамшылықтың кекірігі. Империя жоқ, бірақ астамшылық психология тірмізік. Біздің мына автор ғалымдарымыз –сол империяның кеше сепкен ұрпағының бүгінгі жемісі.

Сонымен бұл ғалым авторлардың жазуынша, бәленің бәрі қазақтардан. Бұл «бәлеқорлыңын қоймаса, Қазақстан мемлекет ретінде тоз-тоз болады-мыс. Ең кемі беске бөлініп кетеді. «Жағыңа жылан жұмыртқаласын!» дейін десең – ауыр қарғыс. Аузың бармайды. Не айтуға болады? Сондықтан қайран қазақ, беске бөлініп, ел болудан, ұлт болудан, мемлекет болудан қалам демесең, мемлекеттік қос тіл: қазақ, орыс тілдері болуы керек екен. «Қос азаматтық» дегенді қабылдауың керек екен. Екен, екен...

Мұны «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп қазақтың меймандостығын, кеңпейілдігін тәрк етіп, «асыңды ішейін, аяғыңа нетейін» дейтін бір пара авторлар айтып жүргелі қашан. Сонау Солженицыннан бастап, Супрунюк, Ачкасов, т.б. толып жатыр. «Московксие новости» газеті таяудағы санында тіпті Қазақстаннан Ресейге өтуге тиісті облыстардың картасын да жариялады. Сөйтіп, республика Конституциясының беломыртқасынан бір-ақ басты.

Ау, бұл қалай деп үн қатқан не Үкімет жоқ, не Парламент жоқ, тым құрыса Қазақстан деген мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінің нотасы жоқ. Тым-тырыс.

Неге десеңіз, әлдеқалай ши шығарып алмайық дейді.

Ши шығарып алмау керек. Дұрыс. Бірақ, кеудеңді бастырма. Әруағыңнан айналайын Шортанбай бабам:

 Сұғанақ болып ұрынба,

Сыбағаң болса тұрып ал! – деген жоқ па?!

Сұғанақ болып, біреудің ақысын жеп, жерін жаулап, елін жаулап алайық деген ниеттен аулақпыз. Ал, сыбағадан өзіңе тиесілі игіліктен айырылғаның бишаралық.

Ал, біздің аталған авторларымызға сенсек, қазақтар қазақ еместерге «геноцид» жасап жатыр екен. «Геноцид» деген жаппай қырып-жою. Мысалы, Голощекиннің 1932-1933 жылдары қазақтарды қолдан жаппай қыруы.Бірақ бұл авторлар бұл геноцид туралы жұмған аузын ашпады. Ииперияның жалпы қазаққа жасаған геноциді, оның тіліне, мәдениетіне жасаған геноциді – «пішту», түкке тұрмайды. Қазақ тілінің қауқары тіл ретінде бір процентке де жетпейді деп өздері айтып отыр. Ау, неге? – деген сұрақ жоқ.

Ендеше сол өлегізіген тілді тірілту де айып па? Ол тіл неге тірілмеуі керек? Егер мемлекеттік тіл екеу болса, қазақ тілі еш уақытта бас көтере алмайтынын бұл оқымыстылар білмей ме? Біледі. Және орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде сол мемлекеттік тілмен қатар, тіпті әлдеқайда жоғары тұрғанын да біледі. Және орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде сол мемлекеттік тілмен қатар, тіпті әлдеқайда жоғары тұрғанын да біледі. Жоғарғы басшылардан бастап ел ағаларының бәрі ірі-ірі жиындардың жұмысын тек орыс тілінде ғана («бәріне түсінікті болу үшін») жүргізетінін де біледі. Қазақстанда мектеп оқушыларының басым көпшілігі орысша екенін де біледі. Оның шінде дәл қазір 400 мың қазақ баласы орыс кластарында оқитынын да біледі. Ал қазақ тілі байғұс сәл-сәл басын көтерейін десе: – Тәйт! Жатқаныңнан тұрма! – дейді. Сонда бұл қай әділеттілік?! Мұны басқа ұлттың өкілі айтса, ай, пендешілік-ай, дер едің.

Ал енді аты-жөні қазақша ғалымдар айтып жатса, мұның атын, затын не дейміз? Н.Масанов пен Н.Әміреқұловқа келсек, республикада басшы қызметтің, биліктің бәрін қазақтар өз қолдарына алыпты. Бәленің бәрі содан көрінеді. Қазақстаннан басқа қай жерде, қай елде үкімет басында өзге ұлттың өкілі отыр? Өзбек үкіметінің, яки, қырғыз, грузин үкіметінің басында орыс отырғанын көрдіңіз бе? Министрлер санын салыстырып көрсеңіз де Қазақстан кеңқолтық.

Ұлттар мәселесі жөнінде Қазақстаннан асып түскен демократиялы елді таба алар ма екенсіз? Адам құқығы дейді. Қазақстанда басқа ұлттардың құқығын аяққа басып жатқан ешкім жоқ. Ал қазақтың құқығын кім қорғайды? Ұлт ретінде жойылып кету шегіне жеткен қазақтың құқығын ойлап, осы Қазақстанды мекен еткен, осы жерде туып-өсіп, қазақтардың жақсылығын, меймандостығын, парасатын, адамгершілігін көрген өзге ұлттардың өкілдері; – Әй, обал ғой, қазақта қазақ болып жақсылыққа, теңдікке жетсін де! – деп неге айтпайды? Өзің өлме, өзгені де өлтірме. Міне, шын демократия! Міне, шын адамгершілік, имандылық! Ал бұл қасиет, Құдайға шүкір, қазақта бар.

Қазаққа, Қазақстанға жала жауып, ғайбат айту әдетке айналды. Қазақстандағы елдің тыныштығы әлдекімдерге шаншудай қадалып, мазасын май ішкендей қылып тұр. Мәскеудің баспасөзі, радио теледидары неше алуан, сұрқия сұмдықты айтып жатыр. Қазақстанның өзінде де бұрынғы орталықтың сойылын соғушылар жетіп артылады. Ау, сонда мұрттары көкке шаншылып, күннің көзінен шылым тұтатып жүрген біздің ғалымдарымыз, академиктеріміз, жазушыларымыз, арлы интеллигенция, баспасөз басшылары қайда?

Н.Масанов пен Н.Әміреқұлов тайраңдағалы талай уақыт болды. Неге Ұлттық академия бір ғылыми-практикалық конференция өткізіп, олардың дұрыс-бұрысын неге ажыратпайды?

«Үндемесең, үйіңді өртейді» деген. Ойлану жөн!..».

Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің 1994 жылғы маусым айындағы №75 санында журналист Ғабит Мүсірептің «Тіл төңірегіндегі тайталас. Кейбіреулердің «ұпай» жинау әрекеті болып жүр едік» атты мақаласында қоғамды екіге бөлген «Орыстілділер дегеніміз кімдер?», «Қазақстанда екінші мемлекеттік тіл болуы керек пе?» деген мәселелерге терең талдау жасайды. Журналист одақтың ыдырауы оның құрамындағы республикалардың тәуелсіздікке ұмтылуының бастауы болды. Бұдан кейін орталыққа қарсы аузын білеген ресейлік басылымдар енді тәуелсіздік алған республикаларға ауыз сала бастады. Ауыз салғаны сол, тәуелсіз мемлекеттердегі өз қандастарының тағдырына «арашашы», «қамқоршы» болуға белсене кірісті. Мінеки, осыдан келіп «жергілікті халық» және «орыстілділер» деген қолдан жасалған жаңа сөз қолданысы дүниеге келді.

Шындығында, «орыстілділер» дегеніміз кімдер? Осы мәселені ой талқысына салып көрелік. Әсіресе, Қазақстан тәрізді көпұлтты мемлекетті осындай «өлшеммен» бағалаудың ешқандай қисыны жоқ. Алайда мұның өзі базбіреулер үшін пайдалы көрінеді. Өйткені, олар үшін республиканың жергілікті қазақ халқы – бір бөлек те, қалған жартысына жуық басқа ұлт өкілдері – бір бөлек. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде, қоғамның бөлшектенуін емес, бірігуін қамтамасыз ету болашағымыздың кепілі болып табылатын кезеңде, ұстанып отырған сәтте қарсылықты жағдайды қолдан жасау шовинистік пиғылдағы әлдекімдерді «жеңіс» тұғырына жетелейтін тәрізді. Әрине, демографиялық саясат көп жағдайда басты рөл атқаратыны сөзсіз. «Көп қорқытады, терең батырады» деп аталарымыз осындайда айтқан шығар-ау, сірә. «Орыстілділер» терминін қолданушылар осы тұрғыда өз ұпайларын түгендегісі келгендей ме, қалай?

Республикамызда 1992 жылдың ортасында орта есеппен жалпы тұрғындардың 42,5 проценті қазақтар да, ал 36,1 проценті орыстар екен. Қалған 21,4 проценті басқа ұлт өкілдерін қамтиды. Біздің түсінбейтініміз, басқа ұлт өкілдерінің барлығы «орыстілділер» қатарына жата ма? Олар өздерін осыған қоса ма, бар мәселе осында. Егер қосқан күнде Қазақстан Республикасының басқа ұлт өкілдеріне деген қамқорлық саясатын не үшін жүргізіп келеді? Әрбір халықтың ана тілінде білім алуы үшін қолдан келген көмекті кімге арнап жасап отыр? Республиканың 21,4 процентін құрайтын басқа ұлт өкілдері өздерін «орыстілділер» қатарына қосамыз дейтін болса, онда оларға ана тіліндегі мектептердің қажеті бар ма? Қазақстандағы көп ұлттардың қатарына жататын немістер мен украиндарға ұлттық жаңару орталығы немесе мәдени орталық неге қажет? Болмаса түркі жұртының ұрпақтары өзбектер, татарлар мен ұйғырлар өздерін «орыстілділердің» қатарына қосамыз деуі көлденең жұрттың күлкісін шақырады емес пе? Тіпті, соңғы үшеуінің республикада өз басылымдары, телерадио бағдарламалары бар ғой. Олар өздерін «орыстілді» санайтын болса, орыс газетін оқып, орыс тіліндегі хабарларды неге тыңдай бермеске? Керісінше, олай емес. Ендеше, бұл әрбір ұлттың уақыттың ағымына орай жаңғыру дәстүрі белең алып келеді деген сөз. Ұлттың қайта ояну кезеңі арғы-бергі тарихына көз жүгіртіп, өздерінің салт-санасын, ұлттық үрдісін түгендеуге жол ашады.

Олай болатын болса, «орыстілділер» қатарына жатады дейтіндердің санын азайтуға тура келеді. Қазақстандағы славян тобына жататын украин, беларусь ұлтының өкілдері де ұлттық ояну кезеңіне қадам басты. Түптеп келгенде, жоғарыдағыдай талап-мақсат тұрғысынан қарайтын болсақ, кез келген ұлт пен ұлыс өздерін «орыстілділер» қатарына қосады деу қиын.

«Орыстілділер» мәселесін көтеріп жүргендердің іс-әрекетіне қарап отырып,немістер неге өздерін «немістілділер», украиндар «украинтілділер», беларустар «беларустілділер», ұйғырлар «ұйғыртілділер», татарлар «татартілділер» деп атамайды деген заңды сауал туады. Өйткені республикада немістер мен украиндардың әрқайсысы бес процентке жуық, беларустар мен ұйғырлардың әрқайсысы бір проценттен астам ғой. Әлде барлығына бір айдар тағу тиімді ме? Бәлкім, бұған төл тілінен марқұм 40 процентке жуық қазақтарды да енгізер. Себебі, неміс, украин,беларусь сияқты олар да төлқұжатында «қазақ» болып жазылғанымен,өз ана тілінде сөйлей алмайды ғой. Ресейдің Астрахань облысындағы 133 мың,Омбы облысындағы 80 мыңнан астам қазақты бұлар қандай тілділерге жатқызбақ?

Республика көлеміндегі барлық халықтардың тілінің еркін дамуына мемлекеттік тұрғыда ешқандай шектеу қойылған емес. Тіпті, Ата Заңымызда «...Мемлекет ұлтаралық қарым-қатынас тілі мен басқа да тілдердің қолданылу аясын сақтауға кепілдік береді,олардың еркін дамуына қамқорлық жасайды» деп тайға таңба басқандай жазылған.Осы жағынан келгенде,ешбір адамның өзінің туған тілінен безіп, «мен орыстілділер санатына қосыламын» деп айтуы ағаттық-ау,сірә.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға