Жаңалықтар

Ұлттық болмысты жаңғыртуды кәсіп еткен

Тігінші, дизайнер, ісмер Құндыздың шеберханасында
Ұлттық болмысты жаңғыртуды кәсіп еткен
23.08.2018 16:21 6828

Егер әлемнің түкпір-түкпіріндегі озық сән түрлерін сарапқа салатын болсақ, қазақ сән өнері өзіндік ұлттық ерекшелігімен көзге түсері сөзсіз. Табиғат аясында еркін ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз күні кешеге дейін өзінің әдет-ғұрпымен, дүниетанымымен сабақтасқан төл киімдерін киіп келген. Қазақ сән әлемінің болашағы – қазақи нақыштағы қол өнерімізде. Себебі, еліміздің сән әлемінде соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдер мен бұйымдарға қызығушылық арта түскенін айта  кеткеніміз  абзал. Бүгінгі күні ұлттық нақышы бар, заман талабына сай туындылар  сұранысқа ие болса, сол туындыларды таңдай қақтырарлықтай дәрежеде жандандырып жатқан жас мамандардың шеберлігі көңіл қуантады.

Соңғы уақытта этникалық үлгіде тігілген киім-кешекке жоғары сұраныс байқалуда. Бұл тек ұлттық болмыстың жаңғыруын ғана емес, отандық қолөнердің, сән саласындағы кәсіпкерліктің де жанднуын білдірсе керек. Әлбетте етегі жерге тиетін қосетек көйлектер, етек-жеңі төгілген киімдер болмаса да, ұлттық нақыштағы ою-өрнек түсірілген, ұлттық колоритке қанық мата, зергер қолынан шыққан бұйымдармен әрленген киім кез-келген адамды қызықтырып әкетері сөзсіз. Әлемдік сән аренасын жаңа дүниемен таңқалдыру да, бағындыру да мүмкін емес. Оның үстіне этинкалық стиль Париж, Рим сынды қалалардың көңілін аударта бастады. Мысалы, Haute Couture-ді алатын болсақ, Dolce&Gabbana, Valentino соңғы коллекциялары этникалық мотивте болды.

Этникалық стиль бұл бірегей идеяны заманауи материал мен пішінмен толықтыру. Қазіргі таңда дизайнерлерді де, тұтынушыны да қызықтырған бұл стиль өте ескі әрі тың. Оның түп тамыры ғасырларға созылса, қазіргі дамуы өте қарқынды. Ежелгі заманда киім тек қорғаныс қабаты ғана емес, идентификациялау құралы болғанда тамаша образдар пайда болды. Бүгінгі таңда бұл стиль өзі функциясын жоғалтпады. Өзгелерден ерекшелену, өзіңнің кім екеніңді этникалық киім арқылы айту тамаша емес пе? Рухани жаңғыру қазіргі таңда отандық сән индустриясына да жеткен сыңайлы. Көптеген дизайнерлер өз желілерін ұлттық болмыспен ұштастыруда.  

Осындай ұлттық нақыштағы камзол, көйлектер біздің талантты дизайнерлеріміздің жұмыстарында да жарқын көрініс береді. Әлбетте дизайнерлік киімнің бағасы да өзіне сәйкес. Дегенмен қарапайым халыққа сапалы дүние ұсынып жүрген ел арасындағы тігіншілер аз емес. Солардың бірі туралы жазуды жөн көрдім.

Жамбыл өңіріндегі Төле би ауылында қызмет ететін Үмбетбаева Құндыз – ұлттық нақыштағы, қазіргі уақыт талабына сай дүние жасайтын, көпшіліктің сұранысқа да, ризашылығына да ие болып жүрген ісмер.  Өзінің айтуынша қол өнермен айналысып жүргеніне көп бола қойған жоқ.  Соған қарамастан өзінің киімдер топтамасын шығарып үлгерген. Құндыз ханымның қолынан шыққан дүниелерді өнер туындыларына жатқызатын едім.  Ол ұлттық ою-өрнек, сән өнерін жаңа деңгейге алып шықты.

Оның коллекциясының ерекшелігі өзгеге ұқсамайтын ұлттық қолтаңбасы, сонымен қоса қазіргі жағдайда қыз-келіншектерге киюге ықшамдылық. Көптеген адам ұлттық киімді практикалық тұрғыда кию ыңғайсыз деп санайды. Себебі үйдің де түздің де жұмысында былғануы оңай, жүріс-тұрысқа да ыңғайсыз дер. Ал Құндыздың қолынан шыққан киім-кешек керісінше осы мәселелерді ескере отырып жасалған. Қозғалысты шектемейді, артық-ауыс сүйретілетін тұсы да жоқ. Ал жұрттың назарын аудартып, ерекшелігіңізді көрсетіп тұрады.

«Қандай іспен айналыссам да, өзіме тоқмейілсімеймін. Өзімді үнемі жетілдіріп отырамын. Сұлулықтың шегі жоқ десек, ісмерліктің де шегі болмайтыны анық», дейді тігінші. Ол өзін жетілдіруден, машығын арттырудан ешқашан шаршамайды. Тігіс техникасы, модельдің қатарларды байыту, дизайнерлік қабілетін шыңдау үшін түрлі оқуды өз бетімен меңгеріп алады.

Меніңше дизайнер нағыз әйелдердің кәсібі. Әйелді сұлу етіп көрсететін киім-кешекті әйел ғана жасай ала ма деп ойлаймын. Дене бітімінің сұлулығын көрсетіп, кемшіліктерін жасыру кез келген тігінші қолынан келе бермейді. Әрі маталар үйлесімділігін де білген дұрыс. Түстердің бір бірімен үйлесуі, аша түсуі де өнер. Қындыздың топтамасында ерекше көзге түсетін көгілдір және күлгін түсті үлбіреген жібектен тігілген көйлектері кез келген қызды арман мен қиялға беріліп, шабыттандырады.   Ал оның жасаған сәукелелері тылмыс күшке ие сияқты. Бойындағы нәзіктік, ибалық пен көркемдікті паш етеді.   

Бүгінде Құндыз тек қолөнер шебері, тігінші ғана емес, нарық талабына сай өзге де мамандықтарды игеруге мүдделі. Өз өнімдерін тұтынушыға жеткізу үшін маркетинг негіздерін меңгерген. Аудандық, қалалық, республикалық көрме, байқаулардан тыс қалған емес. Мақалама арқау болған кейіпкерді осындай көрмелердің бірінен кездестірген едім. Кейін республикалық көрмелерден туындыларын көзім шалды. Сән саласында жүрген мамандар да Құндыздың өнеріне оң баға берген. Себебі Құндыз Үмбетбаева тек шебер тігінші, талантты дизайнер ғана емес,  Сондықтан да оның өнімдерін жергілікті халық қана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыспен алдырады. Жас шебердің алдағы жоспарлары биік.  

Ел ішінегі осындай ісмерлеріміз, қолөнершілеріміздің кәсібі дами берсе, ұлттық болмысымыз жаңғырып, нағыз ұлттық бояуға қанық сән әлеміміз де дами беретіні анық. Олай болса, жас шеберге шабыт пен тамаша туындылар тілейміз.

Дайындаған: Аружан ДӘРІБАЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға