Жаңалықтар

Ұлт руханиятының темірқазығы – Абай

Ұлт руханиятының темірқазығы – Абай
Фото: ortcom.kz 10.08.2024 17:15 682

Әлемде ағылшындарда Шекспирдің күні, немістерде Гетенің күні, орыстарда Пушкин, түрікмендерде Мықтымқұлдың күні деген алыптардың күні аталып өтіледі. Ал қазақта Абай күні бар. 10 тамызда аталып аталып өтілетін бұл күн 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде осы күн «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын. Биыл – қазақтың бас ақынының 179 жылдығы. Ұлы ақынның күніне орай Абай атымен байланысты барша деректі назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл күн – елді бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, бірін-бірі дос тұтатын қастерлі күн! Себебі, Абай — ұстаз, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға дініне таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиеті тарихында үлкен із қалдырған, ірі тұлға. Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен, Абайдың әдеби бай мұрасы ойға оралады. Өзі өмір сүрген кезеңде, даланы торлаған надандық түнегіне шамшырықтай сәуле төгіп, рухани байлыққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсеткен ақын. Өзінің қара сөздерінде де адамгершілік мәселесінде адамды ақылды, талапты, қайратты болуға шақырады. Ұлы дала философы және ағартушысының өмірден озғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде.

Хош, 2020 жыл ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында ТҮРКСОЙ шеңберінде «Абай жылы» деп бекітіліп, әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Сол жылы Ұлттық Банк «ABAI. 175 JYL» деген атпен коллекциялық монеталар шығарса, «Қазпошта» «Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл» деген тақырыппен пошта маркасын айналымға енгізді.

Қазақстан Республикасының Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария Елшіліктері мен Чехияның «Клементинум» Ұлттық кітапханасы жанынан «Абай» орталықтары, сондай-ақ ҚР Монғолиядағы Елшілігі жанынан Абай бұрышы ашылды. Ал Грузия астанасындағы көшелердің біріне Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен ақын құрметіне саябақ пен ескерткіш тақта орнатылды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшіліктің қолдауымен Абу-Даби қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. АҚШ-та Дж.Вашингтон университетімен бірлескен «Абай виртуалды орталығы» (abaicenter.com) жұмысын бастады.

Ақпараттық ресурста Абай Құнанбайұлының шығармаларымен қатар Қазақстанның тарихы, өнер, кино, музыка мен археологиясына қатысты америкалық сарапшылардың еңбектері мен мақалалары үнемі жарияланып тұрады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша да 2020-2021 жылдары әлем картасында Абай атындағы нысандардың саны артқан. Ал елімізде 38 елді мекенге Абай Құнанбайұлының есімі берілген. Абайдың есімі берілген ауылдар санынан Түркістан облысы көш бастап тұр. Бір облыста жеті ауыл, екі ауылдық округ бар екен. Одан кейінгі орында – Қарағанды облысы. Бұл облыста бір аудан, бір қала, екі ауылдық округ, бір ауыл бар. 1 300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақынның есімімен аталады.

Қазақстан аумағында ғана Абай Құнанбайұлына арналған 50-ден аса монумент, ескерткіш пен бюст орнатылған. Сонымен қатар Хәкімнің атында телеарна, Алматы Ұлттық университеті, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры да бар.

Ақын атындағы еңселі ескерткіштер мен  көшелер

Бұл салада Абай образын сомдау өткен ғасырдың 50-жылдарында бастау алды. Ақын ескерткіштерін жасау жобасына арнайы конкурс жарияланды. X.Е.Наурызбаев сомдаған еліміздің мәдениеті тарихында айшықты орын алған мүсін 1960 жылы Алматы қаласында ашылған Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш болатын. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Сәтті сомдалған Ұлы Абай бейнесі қала сәулетімен үндесіп, ақынның шыққан биігін символдық тұрғыдан асқақтата бейнелей алған.

Абай ескерткіші – Семей қаласының да көрікті жерлерінің бірі. 1972 жылы мұнда Абай алаңында Абай ескерткіші ашылды. Бүгінде ақын тұлғасы Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде монументальды скульптура тарихында айрықша орын алатын өнер туындыларына айналған. Айталық, ақынның 160 жылдық мерейтойында Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Қазақстан елшілігі маңайында ұлы ақынның тұлғасын сомдаған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің екі жағына Тянь – Шань бөктерінен жеті қарағай орналастырылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші М.Айнеков, дизайнер Т.Сүлейменов, суретші Э.Дробицкий, сәулетші В.Романенко. 2010 жылы Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан Туризм және спорт министрлігінің алдында хакім Абайдың айшықты ескерткіші бой көтерді. Жаңа ескерткіш стилобаттан, тұғыр мен мүсіннен тұрады. Оның жалпы биіктігі 14 метрден асады. Жоба авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов.

Бас ақынның құрметіне аталған көшелер мен еңселі ескерткіштер елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Айталық, Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің онкүндігі аясында таныстырылған. 1988 жылдан бері Украина астанасы Киевте Ұлы ақынның көшесі ашылған. Ақын атындағы көше Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында (Ұлыбритания) Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды. Мысыр астанасы Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде (Германия) 2000 жылы Абай-штрассе ашылған. Сонымен қатар Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында да, тіпті Үндістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кездестіруге болады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен. Люксембургтен де ақын есімін иеленген көшені кездестіресіз.

2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылып, ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған. Одан бөлек Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында да ақын атында көше бар.

2007 жылы Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да ақынның мүсіні қойылған.

2011 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2013 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті марқұм Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші бой көтерді.

2014 жылы Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында, сол жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды. Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі – 1 070 мм, ені – 900 мм. Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады.

2016 жылы Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды.

2020 жылдың 10 қыркүйегінде Бухарест орталығында Ұлы қазақ ойшылының мерейтойына орай ақын бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Бюст авторы – Еуразия ұлттық университетінің профессоры, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков. Сол жылдың 11 тамызында «Болгария – ағайынды Диневаны еске алу» қорының қолдауымен қазақтың ұлы ақыны және қоғам қайраткері Абайдың 175 жылдығына орай Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар аллеясында Абайдың барельефі ашылды.

2020 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақ ойшылының 175 жылдығына және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Абай бюстінің салтанатты ашылуы өтті.

Көркем және деректі фильмдер

Хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы бірқатар көркем де, деректі фильм де түсірілді. 1945 жылы ақынның туғанына 100 жыл толуына орай Алматы көркем және хронологиялық фильмдер студиясы «Абай әндері» фильмін түсіруді қолға алды. Бұл туындыны соғыс жылдарында Қазақстанға келген, сол кездегі Одаққа танымал режиссерлер – Григорий Рошаль мен Ефим Арон түсірді. Сценарийін заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жазды.

Фильмде басты кейіпкерді атақты актер Қалибек Қуанышбаев сомдаса, басқа рөлдерді Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары ойнады. Тіпті, әйгілі актриса Әмина Өмірзақованың экрандағы жолы осы кинодан басталған екен.

Бұл фильм Мұхтар Әуезов-тің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің басты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшылдығын, ақындығын, халық қамқоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңаша жастармен бірге екенін суреттеген, – деп жазады «Абай әндері атты мақаласында белгілі қоғам қайраткері, публицист Камал Смайылов.

1946 жылы Мәскеуде өткен фильмнің премьерасын көрермендер жылы ықыласпен қабылдаған.

Келесі фильм режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Абай» (1995) фильмі. Бұл фильм Абайдың жастық шағын және оны белсенді шығармашылық тұлға ретінде қарастыратын, XIX ғасырдағы қазақ даласының өмірі, қоғамы және адами қарым-қатынастар туралы көлемді дүние болды. Абайдың рөлін Ғабиден Тұрақбаев сомдап, актерлік шеберлігін жақсы көрсете білді.

Келесі соңғы шыққан жаңа фильм режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» (2015) фильмі. Сценарийін кезінде талантты жазушы Таласбек Әсемқұлов жазған. Фильм атақты дала кемеңгері Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Абай бейнесі фильмнің соңында көрінеді.

Көркем фильмдерден бөлек ақын шығармашылығы мен өміріне арналған деректі фильмдер де аз емес. Мәселен 1954 жылы Алматы киностудиясы «Абай» деректі фильмін түсірді. Сценарий авторлары В.Рапопорт пен О.Әбішев, режиссері О.Әбішев, операторы О.Зекки болды. Фильм ұлы ақынның қайтыс болғанына 50 жыл толуына арналған еді. Фильмде Абайдың Семейдегі әдеби-мемориал мұражайындағы заттар, ақынның кітаптары, қолжазбалары, фотосуреттері көрсетілді. Осындай көріністер арасында диктор Абай шығармалары туралы әңгімелеп, ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып тұрады. Алматыда, Москвада өткен еске алу жиындарынан деректі кадрлар, Л.Соболев пен Г.Мүсіреповтың сөйлеген сөздерінен, Р.Абдуллиннің орындауында «Абай» операсынан үзінділер беріледі. М.Әуезовтың сөйлеп тұрған сәтінен көрініс те бар.

Одан кейін 1956 жылы «Абай» диафильмін Мәскеу «Диафильм» студиясы түсірді. Сценарийін С.Даронян жазса, кеңесшісі Мұхтар Әуезовтің өзі болды. Ұлы ақынның өмipi мен шығармашылығына қатысты фотосуреттерді басқа да қажетті материалдарды Мұхтар Әуезов Алматы мен Семейдегі мұражайдан алдырған. Бұл жөнінде сценарий авторы былай дейді: «Мұхаң Москваға келгенде iздеп бардым. «Абай» диафильмі туралы «Абай» романының авторы не дер екен деп күтудемін. Ол менің сценарийімді оқып отырып, деңгелек үстел үстіне жайып тастаған иллюстрацияларға қарап қояды. Мен оның әpбіp қимылын бағып отырмын. Жекелеген «кадрларды» ауыстырып қойып, текске түзетулер eнгізіп жатқанына қызыға қарап отырмын! Мұхаң бұл дүниені, қарсы алдында отырған мeнi – бәрін ұмытқан тәрізді. Кенет: «Енді бітті!» деді. Сөйтіп, сценарий тeкciнe қол қойды. Мен иығымнан ауыр жүкті бipey алып тастағандай, epкiн бip дем алдым». Диафильм түсіріліп біткеннен кейін, Мәскеу университетінде Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиетінің тарихынан дәріс тыңдайтын курс студенттеріне алғаш рет керсетілді.

1983 жылы «Абай. Өмірі мен творчествосы» деректі фильмін, режиссері Тимурлан Арганчеев түсірді.

Абайды сомдағандар

Киелі театр саханасына тұңғыш рет Абай образын Мұхтар Әуезов пен Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жылы Асқар Тоқпанов шығарғаннан бастап ақын бейнесін сомдау әртістер үшін өнердегі бір белес болды. Ақын жайлы алғашқы спектакль қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес болып қосылды. Сол алғашқы сәтті қадамнан кейін «Абай» трагедиясы көптеген қазақ театрының үздік туындылары қатарына енді. Спектакльдегі Абай бейнесін театр корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдады. Корифейдің рөліне Ұлы Мұхтар Әуезовтың өзі риза болып «Пәлі, жаман Қалибектен жап-жақсы Абай туыпты» – деп сәбише қуанған екен деген ақпарат бар.

Одан кейін алып тұлғаның бейнесін сомдау Ыдырыс Ноғайбаевқа бұйырды. Осылайша, 1962 жылы Абай бейнесі екінші мәрте сахнаға жол тартты. Спектакль ұлы артист Қалибек Қуанышбаевтың кеңесіне сүйене отырып, талантты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің ортақ туындысы болды. Қойылым көбіне трагедиялық, романтикалық бағытта өрбіді.

«Абай» трагедиясын қойған режиссерлер ішіндегі бірегейі ҚР Халық артисі Есмұхан Обаев өз сұқбатында:

Мен өзімнің режиссерлік тәжірибемде «Абай» қойылымын бес рет сахналадым... Абай әлеміне саяхаттап қайту, Абай образына кіру екінің бірінің қолынан келмейді. М.Әуезов театрында Абайды бес ұрпақтың әртістері қойып келеді. Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Мәлік Сүртібаев, Ыдырыс Ноғайбаев ойнаса, енді міне, біздің Ерлан Біләл мен Азамат Сатыбалды сомдайды, – деген болатын.

Одан бөлек Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов пен Нұркен Өтеуіловтің де сомдаған образдары халықтың жүрегінен орын таба білді.

Дариға-ай, Абайлар ай...

Ұлы ойшылдың құрметіне аталған қазақстандықтар туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімет ұсынды. Онда ғұлама есімі берілгендердің ең көп саны Түркістан облысында - 2050 адам, одан кейін Астана – 2021 адам және Алматы қаласы -1639 адам. Ойшыл есімі берілген азаматтардың ең аз саны Ұлытау өңірінде – 193 адам. Ақынның туған өлкесінде (Абай обл.) Абай есімді 232 адам тұрады. Егер жас құрамы бойынша қарайтын болсақ, 18 жасқа дейінгі 4166 балаға Абай есімі берілген, 18 бен 44 жас аралығындағы осы есімді тағы 8 179 адам және 45 жастан асқан 6241 адам бар.

Елімізде Абай Құнанбаев шығармашылығына арналған 500-ден астам шара ұйымдастырылады

Ұлы ақынның 179 жылдығына орай республикалық деңгейде оның шығармашылығына арналған жүздеген іс-шара өтеді, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі. Облыс орталықтарында мереке Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталады.

Сондай-ақ OpenAir форматында Абай шығармаларын оқу, әдеби кештер мен караоке іс-шаралары ұйымдастырылады, – деп қосты ведомство.

Мереке аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығында «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...», «Кел жастар біз бір түрлі жол табалық», «Шәкірдің Абайға арналған естеліктері мен өлеңдері» іс-шаралары, «Абайды оқы, таңырқа...» атты жыр мүшәйрасы, «Түркістан тарихы» мұражайында «Абай әлемі» көрмесі өтеді. Жастар саясаты желісі бойынша ұлттық жастар онкүндігі аясында челлендждер және Абай шығармаларын оқу жоспарланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді. Келешек ұрпағына өшпес өнеге, білімді мұра етіп қалдырған ұлы Абай әлемі – шексіз әлем.

Қорыта айтқанда, қазақтың қара өлеңін құбылтып, парасатты пәлсапасымен қазақтың ой-өрісін, көңіл көкжиегін кеңейткен ақылман абыз Абайды тану тек салтанатты шаралармен, есімін мекенге беріп, келбетін сомдаумен ғана шектелмесе керек. Ендігі біздің алдағы міндет – Абай сүйген қазақ болып, Абай сынаған қазақтың жөнсіз қылықтарынан ада болу. Ал тек қазаққа ғана емес, әлемдік мәдениетке жаңа серпін берген тау тұлғаның есімі мәңгі өшпей, туындылары қазақпен бірге жасай бермек. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға