Жаңалықтар

Ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған «BIRLIK» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті

Ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған «BIRLIK» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ 01.03.2024 20:05 5416

Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 1 наурыз Алғыс айту күніне орай «Бірлік ансамблі» атты ән-би ұжымының тұсаукесер шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Режиссер–хореограф Жаңатай Қожабеков «BIRLIK» ансамблінің тұсаукесер-концертіне қатысты пікір білдірді.

Бұл ансамблдің құрамындағы бишілер Қазақстанның әр өңірінен келді. Соның ішінде грузин, орыс, қазақ, татар, ұлт өкілдерінен құралған өнерпаздар бар. Бүгін сахнада 20 биші өнер көрсетті. Бишілерді біз бұл ансамбльдің құрамына кастинг арқылы қабілеті барларын іріктеп алдық. Дайындыққа бір ай уақыт кетті. Бұл өте аз мерзім. Соған қарамастан тұсаукесер-концертке қызу дайындалдық. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын ансамбль, - деді хореограф.

Сонымен қатар режиссер бүгінгі «BIRLIK» ансамблі концертінің ерекшелігіне тоқталып өтті.

Қазақ, орыс, татар, өзбек биін билейді. Солардың бәрін қойған Татарстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан келген балетмейстерлер. Ансамблдің мақсаты - елімізде тұратын көп ұлт өкілдерінің тату- тәтті, бірлікте өмір сүріп жатқандығын көрсету. Өнерде бас біріктіру. Бұл біздің министрліктің талабымен құрылды. Шетелдерден шақырылған балетмейстерлар өте жоғары деңгейде би қойылымдарын қоя білді. Оны іріктеп алған бишілеріміз бірден іліп кете алмады. Десе де, ақырындап үйретіп, сахнаға шығарып жатырмыз, - деді режиссер–хореограф Жаңатай Қожабеков.

Басты мақсат - көп ұлттың бірлігін, өнерін осы жаңадан құрылған «BIRLIK» ансамблі арқылы көрсету.

Жобаның  режиссері, ұйымдастырушысы Қарлығаш Әжиева қысқа ғана уақытта өте қажет және тамаша жастар ұжымын құрдық деп отыр.

Онда әртүрлі ұлт өкілдері өздерін таба алады, жұмысқа орналасады, ең бастысы, өз өнерін көрермен қауымға паш етеді. Бүгін сіздер біздің республикамыздың 60-қа жуық ұлты сахнаға жиналған кезде бұрын-соңды болмаған әрекеттің куәсі болдыңыздар. Неге 60 деп айтамын? Өйткені бізде көптеген аралас некелер бар. Мысалы, домбырашылардың қатарында жартылай-қытайлық, жартылай-қазақ, жартылай-әзірбайжандық, жартылай-қазақстандық бар. Метистер өте көп. Бұл бізге қорқыныш емес. Ең бастысы, балалар өздерінің қазақстандық екенін біледі, олар өз еліне өте риза, - дейді жоба ұйыдастырушысы.  

Қарлығаш Әжиеваның айтуынша, ансамбль Жаңа Қазақстанның жаңа жастарын, жаңа шығармашылық ортаны біріктіріп отыр.

Ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған «BIRLIK» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті

Сахнада 200 адам болады, мұнда оркестрлер, би ансамбльдері және аспаптық ансамбльдер бар. Өнерлі жастар әр өңірден келді. Барлығы 15 нөмір қойылды. Ертеңнен бастап бізде бұрын-соңды болмаған өтінімдер болады деп үміттенемін. Біз ансамбльге шығармашылық бағыттағы кез келген жас жігіттерді шақырамыз. Репертуарда бізде жаңа әндер, билер, жаңа костюмдер бар. Біздің жас орындаушыларымыздың жасы 16-дан 30-жасқа дейін. Қысқа мерзім ішінде біз концертке дайындалып үлгердік, - дейді жоба режиссері, ұйымдастырушысы Қарлығаш Әжиева. 

Бұдан өзге аталмыш шара жөнінде және бүгінгі мереке туралы Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин пікірін білдірді.

Барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Соның арқасында қазақстандықтар бүгінде тамаша өмір сүріп, дамып келеді. Бұл  - 120-дан астам көпұлтты Қазақстанды біріктіретін мереке. Осы ұлттардың арасында беларустар бар екенін мақтан тұтамын. Мен соңғы халық санағы бойынша беларустар Қазақстан ұлттарының арасында он бірінші орында тұрғанын көрдім. Сондықтан беларустар өркендеген тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып жатқанына қуанамыз. Сондықтан қазақстандықтарға бейбітшілік, жақсылық тілеймін, - деді елші. 

Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Сонымен қатар өкілетті елші бүгінгі мерекелік концертте жақсы көңіл-күй сыйлаған ансамбльге алғысын білдірді.

Менің жанымдағы - қызым София. Ол бүгінгі концертке қатысып, қазақ тілінде ән шырқады, - дейді Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин. 

Ал Канаданың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алан Хэмсон бүгінгі Алғыс айту күніне арналған концертке алғаш рет қатысқанын айтты.

Концерт өте қызықты өтті. Әр түрлі ұлттық билер, өнерпаздар болды. Менің ата-анамның өзі музыканттар. Сондықтан мен әрқашан басқа халықтардың музыкалық шығармашылығымен танысқанды ұнатамын. Канадада Алғыс айту күні бар. Бірақ отарлаумен байланыс жоқ. Онда олар өмірдегі барлық нәрсе жақсы екеніне алғыс айтады. Көпмәдениеттілік - бұл өте маңызды. Қазақстанда көптеген ұлт бар және бейбіт өмір сүреді, бұл өте маңызды, - деді Алан Хэмсон. 

Ұжымның бірегей репертуары қазақ халқының тарихымен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тығыз байланысты 130 этностың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтиды. Ансамбльдің тұсаукесер- концерті Алғыс айту күніне байланысты ұйымдастырылды.

Ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған «BIRLIK» ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға