Үлкен қалада жалғыздық сезімі неге күшейеді? Маман жауап берді
Мегаполистегі өмір ырғағы тым жылдам. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс, кептеліс, әлеуметтік желі, тұрмыс қамы... Осы шапшаңдықта адам өзіне де, айналасына да уақыт таба алмайды. Терең әңгіме, жылы кездесу, шынайы көңіл бүгінде сирек кездесетін құндылыққа айналды.
Осы орайда El.kz интернет порталының тілшісі әлеуметтанушымен сөйлесіп, үлкен қаладағы жалғыздық феноменінің себептерін анықтап көрді.
Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, профессор Рамазан Салықжановтың айтуынша, урбанизация процесі адамдардың өмір сүру дағдысын түбегейлі өзгертті. Үлкен қалада өмір сүру мүмкіндікті арттырғанымен, адамның қоғамнан алыстауына, әлеуметтік байланыстардың әлсіреуіне әкеліп отыр.
Үлкен қалада өмір сүру, жалпы урбанизация процесі адамдардың бір-бірінен алыстап, оқшаулануына себеп болып жатыр. Бұрын қоғамдағы қатынастар табиғи түрде көршімен, туыспен, таныспен тығыз орнатылатын. Ал қазір адамдардың негізгі әлеуметтік байланысы көбіне жұмыс ортасында немесе ортақ қызығушылыққа негізделген хобби, клубтар арқылы ғана шектеліп қалды. Қала тұрғындарының басым бөлігі күннің көп бөлігін жұмыста өткізеді, – дейді профессор.
Кейбірі қосымша табыс табу үшін екінші, тіпті үшінші жұмыс істейтінін жасырмады. Мұндай өмір ырғағында адамның өзін де, өзгені де тыңдауға уақыты жетпейтіні анық.
Нәтижесінде терең қарым-қатынас орнамайды, адамдар бір-бірінен суып кетеді, – дейді Рамазан Саттарұлы.
Сарапшының айтуынша, урбанизацияның психологиялық және мәдени әсері өте терең. Қалалықтар өзара физикалық жақын болғанымен, рухани тұрғыда алыстап барады. Үйдің іргесінде жүздеген көрші тұрса да, олардың көбі бір-бірінің аты-жөнін де білмейді.
Біздің қоғамда бұрын қалыптасқан көршілік, қоғамдық, мәдени қатынастар қазір әлсіреп кетті. Бұрын көршімен амандасу, қал-жағдай сұрау, тойға шақыру сияқты қарапайым дәстүрлер адамдарды байланыстыратын. Қазір ондай дәстүрлі қатынастар сиреп барады. Бұл – қалалық өмірдің өз заңдылығы. Үлкен қалада әркім өз уақытымен, өз мақсатымен жүреді. Мұның бәрі қарбалас өмір салтына, үнемі асығыстыққа байланысты, – дейді әлеуметтанушы.
Оның пікірінше, қазіргі мегаполистегі қарым-қатынас көбіне үстірт сипатта қалыптасқан. Бұған жастар арасындағы жоғары мобильділік, яғни қызмет орнын, кәсібін, тіпті тұрғылықты жерін жиі ауыстыру үрдісі де әсер етеді.
Қазіргі жастардың өмірі өте динамикалық. Олар бір қалада тұрақтап қалмайды, қызметін де жиі өзгертеді. Осы өзгерістер адамның ортасын жиі ауыстыруына әкеледі. Нәтижесінде жаңа таныстықтар пайда болғанымен, олардың көбі формалды деңгейде ғана қалады. Адамдар бір-бірін терең тани алмайды, ал қарым-қатынас тамыр жаймайды. Бұл – қала өмірінің әлеуметтік шындығы, – дейді Рамазан Салықжанов.
Әлеуметтанушы бұл жағдайдың тағы бір себебін виртуалды кеңістіктегі қатынастардан көреді. Әлеуметтік желілер адамдардың бір-бірімен тез танысуына мүмкіндік бергенімен, сол байланыстардың сапасы мен шынайылығын азайтып жіберді.
Қазір адамдардың көбі қарым-қатынасты әлеуметтік желі арқылы құрады. Инстаграм, TikTok немесе басқа да платформаларда біз жүздеген, мыңдаған адаммен «дос» бола аламыз. Бірақ ол достықтың көбі виртуалды деңгейде ғана. Адамдар көбінесе бір-бірін желідегі бейнесі арқылы қабылдайды. Яғни біз адамның шынайы болмысын емес, оның өз қолымен жасалған, сүзгіден өткен, әдемілендірілген образын көреміз. Бұл өз кезегінде иллюзия мен шынайылықтың арасындағы шекараны бұлдыратады, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ сарапшы қазіргі қоғамда жеке тұлғаның өз имиджін қалыптастыруға деген ұмтылысы ерекше артқанын атап өтті.
Бұрын өз бейнесін қалыптастырумен көбіне ірі ұйымдар, компаниялар айналысатын. Ал қазір әр адам әлеуметтік желіде өз «имиджін» жасаумен әлек. Бірі өзін табысты адам ретінде көрсетеді, бірі мінсіз өмірін жариялайды. Бірақ бұл – өмірдің тек бір бөлігі ғана. Көпшілік виртуалды әлемдегі сол жарқын образды шынайы өмірдегі тұлғамен шатастырып жатады. Осы иллюзияны ажырату қабілеті әлі де көп адамда жетіспейді. Біз көбіне адамның желідегі бейнесіне сенеміз, ал оның ішкі жан дүниесін, шынайы болмысын көре алмаймыз, – дейді әлеуметтанушы.
Салықжановтың пікірінше, бұл үрдіс адамдардың өзара сенім деңгейіне де әсер етуде. Шынайы сөйлесуден гөрі, көрініс үшін қарым-қатынас жасау белең алды.
Қазір қоғамда «көріну мәдениеті» қалыптасты. Адамдар көбінесе бір-бірімен шынайы байланыс орнатудан гөрі, жақсы әсер қалдыруға ұмтылады. Бұл әрине, әлеуметтік желінің ықпалы. Адамдар өздерінің өмірін көрсету арқылы бағалануға, мойындалуға тырысады. Ал мойындалуға деген осындай құмарлық шынайы эмоцияны, адами жылулықты азайтады. Нәтижесінде қоғамда рухани жалғыздық күшейіп отыр, – дейді.
Әлеуметтанушы урбанизацияның жағымды жақтарын да жоққа шығармайды. Қала өмірі білімге, еңбекке, жаңа тәжірибеге жол ашады. Алайда бұл мүмкіндіктерді пайдалана отырып, адам арасындағы рухани байланысты сақтап қалу маңызды мәселе екенін ескертеді.
Қалада өмір сүру адамның еркіндігін кеңейтеді, бірақ осы еркіндікпен бірге жауапкершілік те артады. Егер адам өз ортасымен байланыс орнатуға, мейірім мен сенім ұсынуға ұмтылмаса, жалғыздық сезімінен құтылу қиын. Қоғамда рухани байланыс жоғалған сайын, адамдардың ішкі әлемі босайды. Сол себепті, қалалық мәдениеттің дамуымен қатар, адами қатынастар мәдениетін де ұмытпауымыз керек, – дейді.
Рамазан Саттарұлының айтуынша, қалалық жастар мен аға буын арасындағы қарым-қатынас бұрыннан бар алшақтықтың тереңдей түскенін көрсетеді. Үлкендер қауымы күнделікті тіршілік қамымен, жұмысбастылықпен жүріп, рухани байланысқа уақыт таба бермейді. Ал жастар болса өз қызығушылығы мен жеке кеңістігін бірінші орынға қойып, аға буынмен араласуды сиреткен.
Сарапшы бұл құбылыстың басты себептерінің бірі ақпараттық кеңістіктің ықпалы екенін айтады. Әлеуметтік желілер, түрлі коучтар мен блогерлер жастардың дүниетанымын қалыптастырып, олардың өмірге көзқарасын өзгертуде. Бұрын жас ұрпақ үлкендердің ақылына жүгінсе, қазір көбіне бағытты интернеттен іздейді. Соның салдарынан буындар арасындағы түсіністік әлсіреп, рухани алшақтық күшейіп отыр.
Әлеуметтанушының пікірінше, бүгінде үлкен қалалардағы жалғыздық кездейсоқ емес, заңды құбылыс. Урбанизация үдерісі күшейген сайын адамдардың арасындағы байланыс әлсіреп, қоғам біртіндеп «атомизация» жағдайына өтті, яғни әр адам өз өмірінің жеке бөлшегіне айналды. Күн сайын жұмыспен шапқылап, кешке үйге тек демалуға ғана келетін қалалықтардың өмір ырғағы өзара қарым-қатынасты азайтып, бір-бірінен алыстатып жіберді.
Сарапшы бұл жағдайдың ұзақмерзімді әлеуметтік қауіптері бар екенін ескертеді. Өйткені адамдардың осылай жеке дара өмір сүруі қоғамның бірігу әлеуетін төмендетеді. Біртұтас пікір мен ортақ әрекет азайған жерде саяси белсенділік те әлсірейді. Нәтижесінде, әркім өз мәселесін жеке шешуге тырысқанымен, әлеуметтік, экономикалық, тіпті саяси қиындықтармен күресте жалғыз қалады. Бұл – урбанизацияның ең жасырын, бірақ ең күрделі салдарының бірі.

