©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

«Үлкен бір қазақ отбасы»: той жасаймын деген жас жігіт қазақстандықтарды біріктірді

Родион Бурунов есімді елорда тұрғыны несиесіз, артық шығынсыз шағын той жасау туралы кеңес сұраймын деп желі жұлдызы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жас жігіт әлеуметтік желіде кеңес сұраған еді, бірақ жазбасы күтпеген жерден үлкен флешмобқа айналып кетті.

Жігіттер, шағын той жасағым келеді. Несие алмай, бар ақшамен өткізсем деймін. Бір миллион теңгені 20-30 адамға жеткізуге бола ма? Ата-анамның жағдайы жоқ, тойды өзім жасамақпын, – деп жазды ол.

Көп ұзамай жүздеген қазақстандық қолдау білдіріп, көмектерін ұсынды: бірі – гүл шоғын, бірі – костюм, енді бірі – көлік кортежін немесе музыкалық сүйемелдеумен көмектесуге дайын екенін жазған. Бұл бастамаға кәсіпкерлер де, қарапайым азаматтар да қосылып, азық-түлік пен ұйымдастыру жағын көтеруге ниет білдірді.

«Астанада болсаң, тегін кортеж менен», «Қалыңдыққа гүл шоғын сыйлаймыз», «Тойыңды тегін жүргізіп беремін», «Қаржылай көмектесе алмасам да, заттарыңды тасуға қол ұшын созуға дайынмын», «Көкшетаудан торт жібере аламыз», «Қалыңдыққа макияж жасап бере аламын», «Кәсіби саксафоншымын, тойыңызда тегін өнер көрсетуге дайынмын», - деп жазған ұсыныстар толып жатыр.

Кейбіреулер қазақстандықтардың осыншалықты бірлігі жарасқан ел екендігіне таңданыстарын да жасырмаған.

«Құдды үлкен бір қазақ отбасына тап болып, кенже ұлды үйлендіріп жатқандаймын», «Бірлігі жарасқан...», «Пікірлерді оқып отырып неге жылауым керек?», «Бауырым, 150 адамға жасай бер, Қазақстан болып көмектесеміз», «Осындай елде туғаныма мақтанып отырмын», «Қазақтар, таңғалдырудан шаршамайсыңдар», - деп жазған. 

Родион мұндай үлкен қолдауды күтпегенін, адамдардың мейірімі жүрегін елжіреткенін айтты. 

Қолдау көрсеткендердің бәріне рахмет. Мен тек бюджетімді есептеп, несиесіз, даңғазасыз той өткізу мүмкін бе, соны білгім келген. Жазбам бірден қызу талқыға түсіп, өзім аң-таң болып отырмын. Зал, музыка, фото, торт… Қаншама ұсыныс, қаншама жылы сөз. Халқымызға риза болып отырмын. Ешкімнің аянышын тудырайын деген ойым жоқ еді. Мұқтаж емеспін, тек қарапайым той жасап, аздап саяхатқа ақша қалдырсам деймін. Айтпақшы, әлі ұсыныс та жасаған жоқпын. Тегін көмек қабылдауға ыңғайсызданамын, бірақ қолдау көрсеткендерге шын жүректен алғыс, – деді ол.