Жаңалықтар

Әулие Ата туралы аңыз

Әулие Ата туралы аңыздар жоқ емес. Соның бірі – «Бабалар сөзі» жинағында да қарастырылған.
17.06.2015 04:42 14815

Әулие Ата туралы аңыздар жоқ емес. Соның бірі – «Бабалар сөзі» жинағында да қарастырылған.

Әулие Ата туралы аңыз

Әулие-ата күмбезі – 11 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Қазіргі Тараз қаласының батыс шетінде. Кесене Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Ша-Махмұд Бұғра Қарахан қабірінің басына орнатылған. Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы 19 ғасырдың 90-жылдарына шейін сақталған. 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзып алынып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған. Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкентишаны Сайд Бакханов қаржыландырған. Кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды. Қасбеті Айша бибі кесенесіне ұқсас болғанымен, кірпіштерінің өрнектеліп қалануы жағынан Бұхарадағы ортағасырлық Исмаил күмбезіне еліктеушілік байқалады. Әулие-ата күмбезі төрт бұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш кіші бөліктен тұрады. Орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсатылып жабылған. Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қасбеті оңтүстікке қараған, ал оның ішіндегі қабір оңт-тен солт-ке қаратыла қойылған. Кірер есігі аркалы қуыспен безендірілген. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы жағын қалауға жаңа кірпіш пайдаланылған.

Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар бар. Сондағы аңызға құлақ асайық.

Ежелде Қарахан атты батыр болған деседі. Ол Айша бибіге ғашық болады. Бірақ Айша бибінің әкесі мен Қарахан батыр бір-біріне жау болатын. Бір күндерде Қарахан Айша бибінің әкесінің ауылын шауып, Айша бибіні алып қашпақшы болады. Қарахан Айша бибіні алып қашып бара жатқанда әкесі жендеттерін жіберіп екеуін өлтіртпек болады.

Елінен ұзатылып Қараханмен бірге қашып бара жатқан Айша бала кезінен өскен жері Аса өзеніне бір шомылмақ бо­лып суға түседі. Осы кезде қыздың әкесі жіберген жендеттер Айшаның сәукелесіне жылан салып жібереді. Суға шомылып көңілі шаттанған Айша сәукелесін киген кезде жылан шағып, есінен танып, әлсірей бастайды. Осы сәтте Қарахан есінен танған Айшаны көтеріп алып, молдаға апарып, неке қиғыздырады.

Сол Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызып, қасына өзі де бір орын қалдыртады. Содан кейін-ақ Қарахан ақ сәлде, ақ жидемен жүріп, көз жұмар шағына дейін Айша бибі мазарын күзетіп, өмірін сонда өткізген деседі.

Қараханның осындай іс-әрекетіне қарай ел оны әулие деседі. Сол жерді ел «Әулиеата» атап кетіпті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға