Жаңалықтар

Ұлы қыпшаққа қойылған әлемдегі жалғыз ескерткіш

Тағзым
Ұлы қыпшаққа қойылған әлемдегі жалғыз ескерткіш
19.01.2017 10:17 21227

Атырау қаласының орталығында Әйтеке би көшесінде облыстық әкімдік ғимаратының алдында аңызға айналған тұлға, жауынгер және мемлекет қайраткері Сұлтан Бейбарысқа (толық есімі Сұлтан Бейбарыс әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Бейбарыс әл-Бұндуқтари әс-Салих) арналып орнатылған ескерткіш бар. Бұл – Мысырдың билеушісі болған ұлы қыпшаққа қойылған әлемдегі жалғыз ескерткіш екенін ерекше атап өткен абзал.

Биік тұғырға орнатылған ескерткіште Сұлтан Бейбарыстың мүсіні сомдалған. Ескерткіш Алматы облысының Күрті ауданынан әкелінген граниттен жасалған. Ескерткіштің биіктігі 7,2 м, ені 3,8 м дейін. Тұғыры 3 блоктан тұрады. Ескерткіштің салмағы 120 тоннаны құрайды.

Сұлтан Бейбарыс ескерткішінің авторы мен бас мүсіншісі Қ. Кәкімов, сәулетшісі Қ. Жұмабай болып табылады. Ескерткіштің негізгі мүсіні жанында мұнара мен киіз үй тәрізді тас мүсіндері орнатылған, бұл Сұлтанның екі елдің – Мысыр мен Қазақстанның тарихи тұлғасы болып табылғандығын көрсетеді. Ескерткіш артына авторлар көне түрік тіліндегі руна жазуымен безендірілген граниттен жасалған жарты шарды орналастырды. Түрік тілінде жазудың мағынасы: «Еліме жеріме, суыма. Осы бір түрік елі ел болсын деп жасаған ісіміз. Күлтегін».

2000 жылы ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: «...Бейбарыс, Абылай хан, Әбілқайыр, Әл Фараби және тағы басқа тұлғалардың есімдерін біз және біздің ұрпағымыз есте сақтау қажет...Дүниежүзі қазақ халқын, олардың ата-бабаларын, біздің қандай мықты болғанымызды және болатынымызды білуі керек.», – деп сөз сөйлеген.

Тариха аңыздарға сенсек, Бейбарыс Дешті-Қыпшақ даласында туған деп айтылады. Қазақстан халқы ол Қаспий маңындағы далада өмір сүрген Беріш руынан шыққан деп есептейді. Монғолдардың шапқыншылығы кезінде ол он жасында 800 дирхамға сатылыпты. Оның ұстазы, тәлімгері мен қамқоршысы болған саудагер Бұндуқтаридің құлы болып Мысырға келген деседі. Бұндуқтари құл-баланы әскери өнерді үйренуге беріп, ол Мысыр билеушісі Салих сұлтанның батыл жауынгері болып өседі. Ақырында таққа отырып, елді 17 жыл бойы биледі. Ол тек қыпшақ тілінде сөйлеген, елде қыпшақтар дәстүрлерінің элементтерін енгізді: қымыз ішіп, жылқы етін жеді. Мысыр мен Алтын Орда арасындағы достық қатынастың басын бастады. Мысыр мемлекетінде оған дейін басқа да әміршілер болғандықтарына қарамастан, араб әлемінде Сұлтан Бейбарысты Мысыр мемлекетінің негіз салушысы етіп санайды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Бейбарыс тек қана талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ, көреген саясаткер ретінде танылды. Ол сол кездің көптеген алыс-жақын мемлекеттері мен қарым-қатынас орнатты. Сұлтан Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимараттар, көрнекті мешіттер, медреселермен емханалар, биік қорғандар мен қамалдар салдырды. Олардың бірқатары сақталған. Қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығына алып отырған. Сұлтан Бейбарыс 1277 ж. шілденің 1-інде Димашқ қаласында қайтыс болып, аз-Заһариа кітапханасына күмбезінің астына жерленді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сұлтан Бейбарыс туралы былай деген:

«Ерекше ерлігі, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарыстың бала кезінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгені, өзінің сүйегі осындағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған. Мен Мысыр еліне барғанымда Бейбарыс салдырған мешітте Құран оқыттым. Даңқты бабамызды арабтардың қалай құрмет тұтатынын өз көзіммен көрдім.»

2000 жылы 1 ақпанда облыстың бұрынғы әкімі И. Тасмағамбетовтың бұйрығымен Атырау қаласындағы ескерткіш тұрған орталық алаң Сұлтан Бейбарыс атымен аталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға