Жаңалықтар

Ұлы адамдар өмірі: Қаныш Сәтбаев

Қаныш Сәтбаевтың өмірінен 10 дерек
Ұлы адамдар өмірі: Қаныш Сәтбаев
27.03.2019 15:55 56108

“Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған адамды қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпас”. “Ұлы адамдар өмірі” айдарында осы жолдардың авторы - Қаныш Сәтбаев.

1. Азан шақырып қойған есімі – Ғабдул-ғани

Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 31 наурызда (кей деректе 12 сәуірде) қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы № 4-ші ауылда дүниеге келген. Қаныштың атасы Сәтбай ауылға сыйлы, көзі ашық адам болған екен. 1902 жылы қажылық кезінде қайтыс болып, Меккеде жерленген. Ал әкесі Имантай бірнеше тілде еркін сөйлеген, Орыс географиялық қоғамының корреспондент мүшесі болған. Сондай-ақ ол Шоқан Уәлиханмен дос болған деседі. Білім, ғылымға ерекше ықылас танытқан шаңырақта дүниеге келген бала үйдің кенжесі болатын. Сол күні Имантай үйде тұрған Құранның таза бетіне “Жаңа күнтізбе бойынша 1899 жылы наурыз айының 31 күні мейрімді Алла Имантай атты құлына ұл сыйлады. Оған қасиетті кітапта бар Ғабдул-ғани есімін қойдық” деп жазған көрінеді. Есім араб тілінен аударғанда «Барлық жаратылыс иесінің (Құдайдың) құлы» деген мағына береді. Анасы болса кіші ұлын «Ғани», «Ғаныш» деп еркелетіп отырады екен. Кейін туған-туыстары да Ғабдул-ғаниды Қаныш атап кетеді. Болашақ ғалым мектепке де осы есіммен қабылданады.

2. Алгебраны қазақшалаған

Қаныш ауыл мектебінде білім алғаннан кейін Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Оны аяқтаған соң, әкесінің қарсылығына қарамай Семейдегі мұғалімдер семинариясына аттанады. Алайда ол жақта денсаулығы сыр беріп, туберкулезге шалдығады. Десе де барлық емтихандарды эстерн ретінде тапсырып, 1918 жылы оқуды бітіргені жайлы диплом алып шығады. Университетке түсуге дайындалып жүріп, Семейде жаратылыстану мұғалімі болып жұмыс жасайды. Бірақ туберкулез тағы да асқынып, Қаныш Сәтбаев ауылына аттанады. Бір жылдай қымызбен емделген ол бос жатпай, қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығын жаза бастайды. Кітапты Қаныш 1924 жылы араб графикасымен жазып шықса, 1929 жылы латын графикасына көшіреді. Бұл бастаманы тарихшылар Алаш зиялыларының қазақтың сауатын ашу мақсатында жұмыла кіріскен жобалардың бірі санайды. Мысалы, Әлихан Бөкейхан география, Мағжан Жұмабай педагогика, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған тіл мамандары тіл білімі, Халел Досмұхамедов анатомия, Әлімхан Ермеков математика бойынша оқулықтар дайындаған. Ал eң күрделі пән бойынша оқулық дайындау Қаныш Сәтбаевқа жүктелген екен.

5. Геологияға қызығушылығын ашқан - Михаил Усов

1921 жылы Қаныштың ауылына туберкулезден емделуге Томск технологиялық университетінің профессоры, геолог Михаил Усов келеді. Профессор Қанышпен танысып, оған геология ғылымы мен қазақ жерінде ашылмаған кен орындары жайлы қызықты әңгімелерін айтады. Осылайша білімпаз жігітті Усов Томск технологиялық университетіне түсуге көндіреді. Сол жылы денсаулығы жақсарған Қаныш Сәтбаев Томскіге аттанып, қабылдау емтиханынан сәтті өтіп, технологиялық университеттің геологиялық барлау бөлімінің студенті атанады. Геология ғылымының қыр-сырына қаныға бастаған Қаныш Сәтбаев өзінің ұстазы Михаил Усовтың кеңесіне жиі жүгініп тұрған екен. Сондай-ақ осы жерде оқып жүріп ол белгілі геолог Михаил Русаковпен танысады.

Бірнеше жылдан кейін профессор Усовтың жетекшілігімен жазған дипломын сәтті қорғап шыққан Қаныш Атбасар түрлі-түсті металдар тресіне жіберіледі. Жас геолог Орталық Қазақстан территориясындағы барлық барлау және іздеу қызметін басқарады. 1926 жылы Қарсақбайға келіп, ағылшындардан қалған геологиялық жұмыстар танысады. Сондай-ақ Жезқазғанда жаңа кен орындарын табады. Осылайша Қарсақбай ауданындағы барлау жұмыстарының көлемі артып, мыс қоры көбейе түседі. 1934 жылы Қаныш Сәтбаевтың жұмысының арқасында Үлкен Жезқазған мәселесі КСРО Ғылым академиясының сессиясында көтеріледі. Ал соғыс таяп қалған уақытта Сәтбаевтың он бес жыл жүргізген жұмыстарының нәтижесі - “Жезқазған ауданындағы кен орындары” атты маңызды еңбегі жарық көреді.

4. “Ер Едіге” жырын басып шығарған

Бірде Томскіде оқып жүрген Қаныш Сәтбаевтың қолына “Ер Едіге” жинағы түседі. Жинақта оны алғаш қағазға түсірген Шоқан Уәлихан мен Платон Мелиоранскийдің нұсқасы жарияланған екен. Қаныш жырда кеткен қателерді түзеп, қайта өңдейді. 1927 жылы ғалым Мәскеудегі КСРО халықтары орталық баспасында “Ер Едіге” жырын басып шығарады. Қаныш Сәтбаевтың немересі Нұрлан Жармағамбетовтың айтуынша, дастан Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейханның қолдауымен жарық көрген. Кітаптың алғысөзінде Қаныш Едіге батырдың қазақ тарихындағы орнына ерекше тоқталып өтеді. “Едіге қазақ батырлары ішіндегі ең маңдайлы, аруағы күшті, көлемі, сәулесі күшті шолпаны есебінде”, - дейді ол, - “Сыпыра жырау Едігені Ер Шыңғыс, Әз Жәнібек, Ақназар сынды ерлерден де артық сипаттайды”. Өкінішке қарай, Қаныштың бұл еңбегі кеңесшіл ортада оң бағалана қоймады. Ал 1951 жылы академикті Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатуға ықпал еткен “себептің” бірі де осы “Ер Едіге” болды.

5. Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті

Қаныш Сәтбаев Қазақстанда Ғылым академиясын құру мәселесін 1944 жылы көтерген болатын. Сол жылдың тамыз айында дайындық жұмыстары басталып кетеді. Қаныш Имантайұлы КОКП-ның Орталық комитетімен бірнеше рет хат алмасады. Сондай-ақ Мәскеуге барып, Қазақ КСР-інде Ғылым академиясын құрудың қажеттілігін дәлелдеуге тырысады. Нәтижесінде 1944-1946 жылдары 11 жаңа ғылыми-зерттеу институттары құрылады. Сонымен қатар болашақ академия ғимаратының жобасы әзірленеді.

1946 жылы 1 маусымда Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақ КСР Ғылым академиясының тұсауы кесілді. Екі күннен кейін Академияның бірінші жиналысында Қаныш Сәтбаев оның президенті әрі академигі болып тағайындалды. Сол жылы ол КСРО Ғылым академиясының академигі және Жоғары кеңес депутаты болып сайланды.

Ғылым академиясының ашылуы, онда жаңа институттардың пайда болуы қазақстандық зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашты. Алайда академияның қоғамдық ғылым бөлімінде жұмыс жасайтын мамандардың жұмысы сынға алына бастады. Мысалы, 1951 жылы Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сияқты тұлғаларға ұлтшыл деген айып тағылып, Қаныш Сәтбавқа оларды жұмыстан шығару жайлы бұйрық түсті. Бұған академиктің жауабы қысқа болды: “Мен басқарып тұрғанда, маған сеніп тапсырған ғылыми мекемелерде негізсіз “тазалау жұмыстарын” жүргізуге келісім бермеймін. Менің жауабым осы”. Сол жылы Қаныш Сәтбаевтың өзі сынға ұшырайды. Партияға кірер кезде тегін жасырды, ұлтшылдарға қамқорлық танытты және жас кезінде алашшыл болған деген айыппен 23 қараша күні Ғылым академиясының бірінші президенті қызметінен босатылды.

6. Уинстон Черчилльмен кездесуі

1947 жылы Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғары кеңесінің делегациясымен Ұлыбританияға барады. Сапарда жүрген ғалым Британ музейін, әсіресе ондағы минералдар коллекциясын тамашалағысы келеді. Музейде экскурсия өткізіп жүрген адам оған әр экспонат жайлы айтып келе жатқанда бір минералдан көз алмаған Қаныш Сәтбаев “Мүмкін емес!” деп басын шайқапты. Ол экспонаттың жазбасында “Трансваальден әкелінген мыс” делінген екен. “Жоқ, бұл қазақ даласының халькозині ғой” деген ғалымға гид “Біздің музейде ондай қателік кетуі мүмкін емес” деп жауап береді. Оған Қаныш “Мен мұны сізге геология ғылымдарының докторы ретінде айтып тұрмын. Экспонат жазбаларының дұрыстығын тексеріңіздер” деген көрінеді. Кейін узей қызметкерлерінің қателік жібергені анықталады. Сол кезде Қаныш Сәтбаев Кеңес парламенттік тобының мүшесі ретінде Уинстон Черчилльмен кездесуге келген еді. Сонда Черчилль одан басының көлемін сұраған екен. “Сэр, егер сіз қалпағымызды ауыстырайық десеңіз, қуана келісемін”, - дейді ғалым. Онысына Черчилль “Жоқ, сіз мені дұрыс түсінбедіңіз. Бізде қалпақ ауыстыру - жаман ырым. Мен тек сіздің ұлтыңыздың өкілдері де сіз сияқты үлкен бе деп сұрағым келген еді”, - деп жауап береді. Сонда Қаныш Сәтбаев “Менің халқым менен де үлкен”, - деген екен.

7. Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезовпен достығы

Қаныш Семейдегі семинарияда Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұланмен қатар оқыған. Кей деректерде Қаныш пен Мұхтар бір бөлмеде тұрғаны айтылады. Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясына басшылық еткен жылдары Мұхтар мен Әлкейді сонда шақырып, ғылыммен айналысуларына мүмкіндік береді. Әлкей Марғұланға археологиямен айналысуға кеңес берген де Қаныш болатын.

Үшеуі тек сыйлас емес, сырлас дос болған деседі. Бірде Қаныш Мәскеуден келген тапсырма бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлықтары картасын жасайды. Алайда ол картада бірнеше кен орнын көрсетпей кетеді, онысын “Ол жерде рудалар тым терең орналасқан. Көп қаржы мен техниканы қажет етеді. Сондықтан оларды енгізу әлі ерте”, - деп түсіндірген екен. Ал өзінің сыр ашпайтын достары Мұхтар мен Әлкейге “Әдейі жасырдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек болар”, - деген екен.

8. Домбыраның құлағында ойнаған

Қайрат Байбосынов “Бүркітбай” әнін өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековтен үйренгенін айтады. Ал Жүсіпбек бұл әнді алғаш Қаныш Сәтбаевтың орындауында естіген екен. Қаныш домбырада жақсы ойнап қана қоймай, көптеген ескі әндердің тарихын жақсы білген. Ғалым Александр Затаевичке 25 шақты қазақ әндерін жазып берген деген дерек бар. Күйеу баласы Қайнекей Жармағамбетов “Қаныш Имантайұлы халық әндерін сүйіп тыңдайтын. Кейде өзі де қолына домбыра алып, баритон дауысымен “Бүркітбай”, “Әупілдек” әндерін шырқайтын еді”, - деп еске алады. Сонымен қатар ғалым гитарада да ойнаған. Ал археолог Әлкей Марғұланның айтуынша, академик би билегенді қатты ұнатқан екен.

9. Отбасы

Қаныш Сәтбаев екі рет үйленген. Ғалым бірінші жары Шәрипамен 21 жасында отау құрады. Екеуінің Ханиса, Шәмшиябану есімді қыздары мен Майлыбай атты ұлы болған. Соңғысы 16 жасында қайтыс болған екен. Ал екінші әйелі Таисия Алексеевнамен Қаныш Сәтбаев Тамскіде оқуда жүргенде танысқан. Таисия Қанышқа екі қыз бен бір ұл сыйлаған. Бірақ ұл бала бір жасқа жетпей дүниеден өткен. Сондай-ақ ғалым дәрігер, профессор Кәмила Өтегеновамен азаматтық некеде тұрған, Жәмилә есімді қыздары бар.
Ұзақ уақыт туберкулезбен ауырған ғалым 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеу қаласында дүниеден өтіп, Алматыдағы Орталық зиратта жерленген.

10. Сәтбаев планетасы

1979 жылы 31 шілдеде Қырым астрофизикалық обсерваториясында астроном Николай Черных кіші планетаны ашады. Қызылжұлдыз бен Есекқырған орбиталарының арасында Күнді айнала қозғалатын ғаламшар Халықаралық планета орталығының каталогына 2402 нөмірлі Satpayev астероиды деп енгізілген. Кіші планетаға ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі берілгені жайлы диплом Ұлттық ғылым академиясының Геология институтында сақталған. Сондай-ақ Қаныш Имантайұлының есімі Қарағанды облысына қарасты қалаға (Сәтбаев қаласы), минеролог-геолог Екатерина Анкинович ашқан минералға (Satpaevite), Жоңғар Алатауының сол жақ жотасындағы мұздыққа (Сәтбаев мұздығы), Кекек өсімдігінің жаңа түріне (Oxitropis satpaevii) және гладиолус гүліне (Академик Сәтбаев) берілген. Сонымен қатар Алматы қаласында орналасқан Қазақ ұлттық техникалық университеті де ұлы ғалымның атымен аталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға