Жаңалықтар

Үлгілі ұстаз – өнегелі отбасы

Үлгілі ұстаз – өнегелі отбасы
15.07.2019 09:47 7896

Соңғы алты жылдан бері отбасы құндылықтарын жан-жақты насихаттап келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде батыс-қазақстандық Қарсақовтар әулеті жеңімпаз болды. Ақжайық өлкесінде ұйымдастырылған сайыстан сүрінбей өткен көпбалалы отбасы Казталовка ауданы Казталов ауылында Медет Бақытжанұлы мен Гүлайым Төлегенқызы ата-аналары және бес перзентімен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатқан жандар. Шаңырағында қазақы дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып отырған әулет отағасы мен отанасы балаларының өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөліп отыруды еш ұмытқан емес.

 

Әулеттің отағасы Медет Бақытжанұлы Қарсақов  1982 жылы 22 тамызда  Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы  Тереңкөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа жақын Медет Бақытжанұлы 2004 жылы Ж.Досмұхамедов атындағы Орал  педагогикалық колледжін  «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығын бітірсе, 2014 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған.

­– Алғаш еңбек жолымды 2004 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастадым, - дейді Медет Қарсақов.

Бүгінгі күнге дейін сол мектепте I санатты дене шынықтыру пәні мұғалімінің жеткен жетістіктері жетіп артылады. 2012, 2014 және  2016 жылдары аудандық үстел теннисінен I орынды еншілесе, 2013 жылы облыстық шаңғыдан II орынды иеленді. Ал  самбодан III  орын және облыстық «Үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» байқауынан «Шығармашыл ұстаз» номинациясымен марапатталған. Оған қоса осындай спорттық шараларды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар да  табыс етіліпті. Медет Қарсақовтың шәкірттері түрлі спорттық сайыстардан үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Есімі облыстық деңгейлерге дейін танымал оқушыларын бүгінде ұстаз мақтанышпен айтып отырады.

– Өзімнің шәкірттерім Алинұр Амангелдиев биыл облыстық қол күресінен II орын,   Гүлшат Серікова облыстық үстел теннисінен былтыр III  орынды иеленсе, ал осы сайыстан Мейрамгүл Сейфуллина  «Ең үздік ойыншы» атанды, - дейді ұстаз М. Қарсақов.

Осы салада 15 жылдық еңбек өтілі бар Медет Қарсақов келіншегі Гүлайым Утегеновамен бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Болашақ жарымен 2000 жылдың мамыр айында Ж.Досмұхамедов атындағы Орал  педагогикалық колледжінің студенттері болып жүрген кезде танысқан. Содан әуелі дос болып, артынша достықтары үлкен махаббат сезіміне ұласып, қос ғашық 2001 жылы отау құрған.

Әулеттің отанасы Гүлайым Төлегенқызы Утегенова 1981 жылы 7 наурызда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Мақаш ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Ж.Досмұхамедов атындағы Орал  педагогикалық колледжін, 2004 жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетін «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша бітірген.

– Алғаш қызмет жолымды 2003 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Казталовка орта жалпы білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Қазіргі күнге дейін осы мектепте жоғары санатты бастауыш мұғалімімін әрі бастауыш сыныптардың оқу ісінің меңгерушісі әрі облыстық білім департаментінің сарапшысы қызметтерін атқарамын, - дейді білім саласының маманы Г.Утегенова.

Гүлайым Төлегенқызы осы уақытқа дейін өз қызметімен қоса, түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. 2012 жылы облыстық бастауыш сынып мұғалімдер олимпиадасында «Талантты ұстаз» номинациясы, 2014 жылы облыстық «Үздік панорамалық сабақ» байқауында «Жаңа форматта жұмыс түрін ұйымдастырушы» номинациясымен марапатталды. Ал 2017 жылы облыстық «Сабақтың үздік контенті» байқауында жүлделі I орынды еншілесе, сол жылы облыстық «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Осылайша, педагогтар шаңырағының отағасы мен отанасы аудандық, облыстық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары болса, олардың шәкірттері де түрлі қонкурс, жарыстардан жүлдегерлері, дүйім жұртқа ерең еңбегі сіңіп жүрген азаматтар атанып отыр.

Бүгінде Медет Қарсақов пен Гүлайым Утегенова шаңырағында ата-анасын сыйлаған ұл мен келін әрі бес бала тәрбиелеп отырған ата-ана. Өйткені олар алпысты алқымдаған ақ жаулықты Орынғаным әжей мен ақ сақалды қария Бақытжан атай барлығы бірге тұрып жатыр. Сөйтіп барша ауыл-аймаққа ата-анасын ардақтаған әрі татулығы жарасқан отбасы болып отыр. Осылайша кезінде мал баққан әрі соңғы  он бес жылда бірге тұрып келе жатқан ата-аналары балалары  Медет Бақытжанұлы мен Гүлайым Төлегенқызының алаңсыз еңбек етіп, биіктерден көрінулеріне қолдау көрсетсе, ал олар бес баласының қабілет-қарымын байқап, олардың жан-жақты болып дамуына әрі табыстарға жетуіне барынша жағдай жасап жатыр. Шындығында да перзенттерінің қай-қайсысы да мектепте оқу озаттары болумен қатар, өнерді жанына серік еткен өнерпаздар.

– Тұңғышымыз Назым 2002 жылы 20 қазанда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында дүниеге келген. Биыл мектепті «Алтын белгіге» аяқтап, үй-ішімізді, әулетімізді үлкен қуанышқа кенелтті. Болашақта қызым үлкен сахналарда өнерімен жұртты тәнті ететін актриса болғысы келеді. Бұйырса сол мамандықтың оқуына түссек деген ниетіміз бар. Қызымыздың өлең шығаратын өнері бар. Жуырда ауданымызда өткен еліміздің ақын қызы әрі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Аққұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кешінде қызымыз жалынды жырларын  оқып,  ақын апасының  «Ақын қыз!» деген ақ батасын алды, - дейді анасы Г.Төлегенқызы.

Үйдің үлкені сабақпен қоса, шығармашылық байқауларға қатысып, бақ та сынаған. 2015 жылы аудандық «Жас ақындар» байқауында I орын, 2017 жылы облыстық «Мәнерлеп оқу» байқауында II орынға ие болған. Ал Назымның артынан ерген інісі Сұлтан 2004 жылы 18 мамырда Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданында дүниеге келген. Сұлтан биыл 9-сыныпты «Ерекше» аттестатқа тәмамдаған. Оған қоса аудандық саз мектебін баян аспабы бойынша үздік бағамен аяқтады. Сұлтан да халықаралық, республикалық «Жадыра, жас дарын», «Ақ көгершін», «Қазақстан таланттары» сынды  байқауларға қатысып, бас жүлделерге ие болып жүр.

Сұлтанның қарындасы Ақнұр 2010 жылы 9 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданында дүниеге келген. Биыл төртінші сыныпты тәмамдаған оқу озаты халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің белді мүшесі.

– Үйдің төртінші баласы әрі менің інім Нұрдәулет 2011 жылы 29 қазанда дүниеге келген. Үшінші сыныпқа ауысқан бауырым мектепте оқу озаты әрі қосымша бокс үйірмесіне қатысады. Биыл алғаш рет облыстық бокстан жекелей есеп бойынша I орынға ие болды. Ал үйдің кенжесі әрі еркесі Еркеназ былтыр тамыз айында дүниеге келді, - дейді әпкесі Назым Медетқызы.

Қарсақовтар әулетінің әр мүшесі өздерінің ерекшеліктеріне сәйкес түрлі өнерді бойына сіңіріп, түрлі байқаулардың жеңімпаздары болумен қатар, отбасылық жарыстарға да белсене атсалысатындардың бірі. Олар аудандық отбасылық спорттық жарыстан II орынды иеленсе, облыстық «Оқырман отбасы» конкурсының лауреаты атанған. Оған қоса жыл сайын тойланатын отбасы күніне орай ауылдық әкімнің «Алғыс хатымен» де марапатталған.

Ынтымағы жарасқан әулет бос уақытында табиғат аясында серуендеп, таза ауада балық аулап, суға шомылып, демалғанды әрі спорттық ойындар ойнағанды ұнатады.

– Кез-келген отбасында ең бастысы – татулық, сыйластық, жанұя мүшелерінің бір-біріне деген махаббаты, қолдау және төзім болса, бұл отбасы ең бақытты әрі алар асулары көп болады деп есептейміз. Міне, біздің отбасымызда осындай құндылықтар мен ұстанымдар әлі күнге дейін берік сақталып келеді. Мерейлі отбасы болудың да құпиясы осы деп ойлаймыз, - дейді отанасы Гүлайым Утегенова.

Қарсақовтар әулеті қазақтың ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұмытпай, оны өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттап келеді. Сонымен қатар, жыл сайын отағасы мен отанасының кәсіби мерекелері «Ұстаздар  күні», 8 наурыз халықаралық арулар мен 7 мамыр Отан қорғаушылар мейрамы ерекше аталып өтіледі. Ең бастысы бұл отбасының әр мүшесі қандай да бір додаға қатысар болса, оның жеңіс тұғырынан көрінуі үшін барынша қолдау көрсету отбасылық дәстүрге айналған. Осындай бірлігі мығым шаңырақта қызықты оқиғалар да болып тұрады.

– Үшінші перзентіміз Ақнұрдың кішкентай кезі. Шамамен жасы бестерде болу керек. Мамыр айының бір күні біз жолдасым екеуіміз жұмысқа, балалар мектепке, үйдің үлкендері мал бағуға кеткен кезде Ақнұрды біз  үйде деп, үлкендер бауырларымен ойнауға кетті деп ойладық. Содан кешке төрт көзіміз түгел жиналған кезде Ақнұрдың жоқ екенін біліп, жан-жаққа іздеуге кірістік. Барлық көршілерді  түгел араладық, барады-ау деген жерлердің барлығына бардық. Ақыр соңында таба алмадық, - дейді отанасы Г.Төлегенқызы.

Сол күні көшенің арғы шетіндегі бір үйде қайтқан адаммен қоштасу рәсімі болып жатады. Содан кеш батып, күн қарайғанға дейін жер-жерден іздеп,  перзенттерін таба алмағандықтан олар  полицияға хабарласпақ болады. Сол мезетте кенеттен қоштасу рәсімінде болған бір таныстарын кездестіріп, ол қыздарының сол үйде болғанын жеткізеді. Мұны естіген бойда бірден әлгі айтқан үй жаққа тартады. Олар жан-ұшыра жүгіріп келсе, қыздары сол үйге келген адамдармен бір дастархан басында  шай ішіп отыр екен. Мұндағылар қыздың осы үйдің баласы деп ойлап, таңертеңнен кешке дейін тамаққа шақырып отырған. Дәл сол уақытта үлкен уайым болған бұл оқиғаны Қарсақовтар отбасы қазіргі кезде күлкімен еске алып отырады.

Әулеттің отағасы әрі спортпен тұрақты айналысатын Медет Қарсақовтың құрылысқа да икемі бар. Жаз уақытында үйді қайта өңдегенді ұнатса, жары Гулайым Утегенова волейбол ойнағанды жақсы көреді әрі кейде өз жанынан өлең шығаратын және түрлі кештерді жүргізетін өнері де баршылық.

Қарсақовтар шаңырағы ауданда тек жетістіктері арқылы ғана емес, бастысы бірлігі жарасқан, үлкенді сыйлаған, ата-ананы қадір тұтқан өнегелі, көпбалалы отбасы ретінде танымал әрі сыйлы.

«Ендігі мақсатымыз –  күз айында елордада өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының ақтық кезеңінде барша халықтың сенімін ақтап, өңір намысын қорғау үшін  барымызды саламыз» дейді әулет мүшелері.

(Суреттер  Қарсақовтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға