instagram.com/ulttyq_ulan_ontustik

Ұландықтар тыл ардагері Ғалымжан Бакешевке құрмет көрсетті

02.05.2025 22:33

Алматыда отставкадағы майор Ғалымжан Бакешевтің  үйінің ауласында салтанатты шара өтіп, ұландықтар тыл ардагерін 90 жасқа толған мерейтойымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеңес Одағының Батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев ардагерге Алғыс хат табыстап, қолбасшылық атынан құттықтау лебізін білдірді. Ал "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылықтың Ардагерлер кеңесінің мүшелері және «Hexlet» ІТ колледжінің оқытушылары мен студенттері тыл еңбеккеріне арнайы дайындап келген сый-сияпаттарын берді. Осыдан соң ардагер үйінің ауласында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындаса, ұландық сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтті.

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылықтың мәліметінше, соғыс басталғанда Ғалымжан Бакешев небары 6 жаста болған. Өзі сияқты буыны бекіп, бұғанасы қатпаған  балалардың бәрі еңбекке ерте араласып, ауылдағы ер-азаматтардың орнын басты. Аналарымен бірге тылда еңбек ете жүріп, Жеңіс күнінің жақындауына үлес қосты.

Қазір соғыс жылындағы балалар тыл ардагерлеріне теңестірілген, өйткені олардың көбі кішкентай жасынан бастап майданға кеткен ересектердің орнын басты: зауыттарда, колхоздарда жұмыс істеді, сарбаздарға жылы киім тоқыды. Ғалымжан ақсақалға да осы мәртебе берілген.

Ғалымжан Жүсіпұлы – Ұлттық ұланның қарт ардагерлерінің бірі. Ол 1960 жылдан бастап КСРО-ның Ішкі әскерінде әр түрлі қызметтерде болған. КСРО ІІМ Қазақ ССР-і және Қырғыз ССР-і бойынша Ішкі әскер басқармасында саясат бөлімінің нұсқаушысы лауазымында зейнетке шыққан.

Дендерің сау, өмір жастарың ұзақ болсын! Әскери борышты өтеу оңай емес. Дегенмен, командирдің тілін алып, әскери борышты жақсы орындаңдар. Елімізде тыныштық, амандық, береке болсын! Маған келіп, құттықтағандарың үшін көп рақмет!, - деп ақсақал сарбаздарға ақ батасын берді.