Ұландық офицер өрт шыққан пәтердегі тұрғынды аман алып қалды
Қарағандыда ұландық офицер өртке оранған пәтерден егде жастағы әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ұлттық ұланға қарасты 6505 әскери бөлімінің ротасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары Дастан Сайлаубеков пәтерлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқаған. Ол бірден құтқару қызметтеріне хабарласып, көмектесуге ұмтылыпты.
Дереу жедел қызметтерге қоңырау шалып, пәтерге қарай жүгірдім. Есікті шамамен 60 жастағы әйел ашты. Ішке кірсем, асүйде газ плита мен сорғыш жанып жатыр екен, — дейді офицер.
Дастан Сайлаубеков өрт сөндірушілер келгенше ылғал сүлгімен отты сөндірген. Кейін абдырап қалған пәтер иесін сыртқа – баспалдақ алаңына шығарып, құтқару қызметтері келгенше жанында болып, моральдық қолдау көрсеткен.
Ұлттық ұлан қызметкерінің жедел әрекетінің арқасында қызыл жалын басқа бөлмелерге таралып үлгермеген.

