Жаңалықтар

"Ұл керек екен". Танымал продюсер Гүлнұр Мамасарипова өмірдегі өкінішін айтты

"Ұл керек екен". Танымал продюсер Гүлнұр Мамасарипова өмірдегі өкінішін айтты
Фото: instagram.com/gulnur_mamasaripova 08.02.2024 10:21 4067

Отандық киноиндустрияны дамытып жүрген белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипова мансапқа беріліп, ұл туып алмағанына өкінетінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туыстар тарапынан болған шығар. Алайда ешкім бетіме келіп айтпады. Күйеуім ешқашан "Ұл керек" деп айтпаған. Қазір "Неге үшеу-ақ туғанмын" деп ойлаймын. Жас кезде, физиологиялық тұрғыдан мүмкіндік бар кезде, көбірек баланы дүниеге әкелген дұрыс. Үшінші қызымды босанғанда, 27 жаста болдым. Содан кейін не істеп жүрдім? 33 жасымда, 35 жасымда не ай қарап жүрдім? Тағдыр солай шығар. Айтып отырмын ғой, маңдайыңа жазылса, көзің байланады. 30-бен 50 жас аралығы мансабымдағы ең белсенді уақыт екен. Осы жиырма жыл тынымсыз жұмыс істеппін. Оған дейін отбасы, бала босанумен айналыстым ғой, - дейді продюсер.

Дегенмен, продюсер үш қыздан соң тағы бір рет босанбағанына өкінетінін айтты.

Жиырма жылдың қалай өткенін білмей қалыппын. Оның жемісін де көріп жатырмын. Бірнәрсе дейін десем, асылық болады. Қатты берілгенім соншалық "Мен әйелмін ғой. Маған ұл керек шығар" демеппін. Ол ұл күйеуімнен гөрі маған керек қой. Құрбыларым ұлын үйлендіріп, құдағи болып, келін алып жатыр. Қызық. Киіт алып, қоржын жасайды. Үйге қандай келін келетінін уайымдайды. Ұлымның болмағанына қазір өкінемін. Маған ұл керек екен. Соны жастау кезінде неге түсінбедім екен. Ұл болсын, қыз болсын неге тағы 1-2 сәби босанбағаныма өкінемін. Күйеуім сұрамады. Ешкім ештеңе демеді. Тек шешем ғана "Ұл деген керек. Қаншаға келсең де, бір ұл туып алсайшы" деп қанша рет айтты. Үш қызды Алла менің маңдайыма, күйеуімнің маңдайына жазған шығар. Ұлдың өз орыны, қыздың өз орыны бар екен. Анаға ұл да, қыз да керек екен. Мен соны енді түсіндім, - деді Гүлнұр Мамасарипова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға