Жаңалықтар

Үкіметтегілер шахтада қаза тапқандарды еске алды

Үкіметтегілер шахтада қаза тапқандарды еске алды
Фото: primeminister.kz 31.10.2023 10:12 1093

Үкімет мүшелері Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысында Костенко шахтасында қаза тапқан шахтерлердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Қаншама адамның өмірін қиған апат қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Үкіметтің және жеке өз атымнан қара жамылған отбасыларға қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынамын. Барлық зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуін тілейміз. Денсаулық сақтау министрлігі емделіп жатқан әрбір кеншінің жағдайын бақылауда ұстасын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілуде. Мемлекет басшысы тиісті тапсырмаларды берді. Арнайы үкіметті комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияны өзім басқарып отырмын. Қазіргі уақытты оқиғаның себептерін тергеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, - деді Әлихан Смайылов.

Осындай апат биыл тамыз айында да болған. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты.

Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі. Олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастаған. Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады. Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды, - деді премьер-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға