Жаңалықтар

Үкімет жүн экспортына салынатын нөлдік деңгейдегі салық мерзімін ұзартты

Үкімет жүн экспортына салынатын нөлдік деңгейдегі салық мерзімін ұзартты
Фото: primeminister.kz 24.02.2023 13:28 769

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы барысында сыртқы сауданы реттеу аясында бірқатар шешім қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жүнді әкетуге арналған экспорттық кедендік баждың нөлдік мөлшерлемесінің қолданылу мерзімін 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен қаралды, ал бұған дейін Шымкентте Серік Жұманғаринмен кездесуде бизнес өкілдерімен көтерілген болатын.

АШМ мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі, оның ішінде жұқа және жартылай жұқа жүн өңделеді, бұл жалпы өндіріс көлемінің 20%-ы ғана. Экспорттық кедендік баждың күшін жойғанда қырқылған жүнді тікелей өткізуден фермерлерге түсетін табыс 20-25%-ға, қайта өңдеу кәсіпорындарында 10%-ға ұлғаяды. Сонымен қатар фермерлердің селекцияға деген қызығушылығы артады, бұл биязы жүнді қойларды көбейтуге ықпал етпек.

ВАК шешімімен 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге ірі қара малдың терісіне экспорттық кедендік бажды 1 тонна үшін 200-ден 100 еуроға дейін төмендету және ұсақ малдың терісіне экспорттық кедендік баждарды жою мақұлданды.

Қазіргі уақытта ІҚМ басының саны жыл сайын өсуде, экспорт пен ішкі нарықта сұраныс төмен, бұл жағдайда өңделмеген тері қалдықтарының көлемі артады. Атап айтқанда, 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда өсім 406 мың дана немесе 15,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының өңделмеген терілеріне кедендік әкету баждарының төмендеуі нарықта оларға сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді, өндірушілер мен дайындаушылар олардың сапасын жақсартуға мүдделі болады деп күтілуде. Бұл өндіруші ұйымдардың қызметін жандандыруға жаңа серпін береді, бұл қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына, жеке қосалқы және шаруа қожалықтарының өнім өндіру мен сатудың өсіміне ықпал ететін болады.

Сондай-ақ ВАК отырысында аттракциондық техниканың кейбір түрлеріне, балыққа арналған жемге кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін төмендету бойынша ұсыныстар қаралды. Қазақстан Республикасының аумағынан көмірді және лигнитті (қоңыр көмірді) автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге уақытша тыйым салуды белгілеу туралы шешім қабылданды. ІҚМ және ұсақ мал басынан басқа, тірі ірі қара малды, қой мен ешкіні ҚР аумағынан әкетуге квотаның қолданылу мерзімі 6 айға ұзартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға