Жаңалықтар

Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды

Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды
Фото: Үкімет 12.11.2024 13:25 241

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олжас Бектенов дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етудің, сондай-ақ медициналық мекемелер үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектер сатып алу және жеткізу рәсімдерін уақтылы аяқтаудың маңызды екенін атап өтті.

Президент ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және оларды алдын ала сатып алу – ең басты міндеттердің бірі. Ауруханалар мен емханалар үшін 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жеткізу рәсімдерінің барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек тапшылығы деген мүлдем болмауы керек, — деп баса айтқан Олжас Бектенов, денсаулық сақтау министрі мен «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының дербес жауапкершілігін атап өтті.

Елімізде тегін препараттардың заңсыз айналымына жол бермеу үшін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу аяқталды.

Жалпы, дәрі-дәрмек нарығын жекеменшік өндірушілер, жеткізушілер және дәріхана желілері қалыптастырады. Бұл бизнесті мемлекет препараттардың қауіпсіздігі, сапасы және оларды тіркеу тұрғысынан ғана реттейді. Жуырда дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу аяқталды. Ол дәрі-дәрмектің өндірушіден емделушіге дейінгі қозғалысын штрих-код арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік берді. Бұрын жеткізу тізбегін бақылай алмайтынбыз. Дәріханаларға контрафактілік және сапасыз препараттардың түсу қаупі де бар еді. Енді біз ауруханалар мен емханалардағы дәрілік заттардың қозғалысын еркін көріп отыратын боламыз. Бұл тегін препараттардың заңсыз айналымына жол бермейді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту туралы: жаңа өндірістер ашу үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Үкімет отырысы барысында отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Үкімет жергілікті дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдау шараларын іске асыруда, бұл дәрілік заттар импортын азайтуға және нарықтағы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр.

 Премьер-министр қазақстандық зауыттардың өндірістік қуатын ескере отырып, оларда өнім шығару көлемін ұлғайту, ірі халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми ұйымдар арасында ынтымақтастық қажет екенін баса айтты. 

Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің алдына фармацевтикалық жаңа өндірістер ашуға және жоғары технологиялық шешімдерді енгізу үшін қолайлы жағдай жасау міндеті қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға