Жаңалықтар

Үкімет басшысы ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама жобасымен танысты

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті
Үкімет басшысы ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама жобасымен танысты
Фото: Үкіметүкім 16.01.2023 19:36 1340

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте салалық тұжырымдамалардың жобалары мен Астана маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Астана маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарында 2025 жылға дейін мектептер, балабақшалар, автожолдар, газ, жылу, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, өнеркәсіпті дамыту, сондай-ақ азаматтарды спортпен және медициналық қызметтермен қамтуды арттыру және т. б. көзделгенін хабарлады.

Премьер-Министр ұсынылған Кешенді жоспардың жобасын республикалық бюджет комиссиясы мақұлдағанын ескере отырып, оны қолдайтынын айтты. 

Сондай-ақ кеңесте ұлттық экономика министрі Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, ауылдық аумақтарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды (мектептер, ауруханалар, интернет, су қоймалары және т. б.) жаңғырту, кәсіпкерлік арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперацияларды дамыту және т. б. шаралар іске асырылады. 

Тұжырымдама ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдық жерлерде жайлы өмір сүруге қолайлы орта құру үшін Мемлекет басшысының тиісті жарлығы мен Сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін әзірленеді.

Сондай-ақ кеңесте республиканың отын-энергетика кешенін 2026 жылға дейін және электр энергетикасы саласын 2032 жылға дейін дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралды.

Премьер-Министр ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, оларды пысықтауды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға