Жаңалықтар

Үкімет басшысы Абай облысындағы өртті сөндіру жұмыстарын талқылады

Үкімет басшысы Абай облысындағы өртті сөндіру жұмыстарын талқылады
Фото: primeminister.kz 10.06.2023 13:25 816

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою шаралары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі уақытта өрттің жалпы ауданы 60 мың га-дан асқан. Оны сөндіруге ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ЭТРМ және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған. Атап айтқанда, 800-ге жуық адам, 190 техника және 8 тікұшақ тартылды.

ТЖМ деректеріне сай, өрт Талица, Каштак, Барышевка, Успенка, Поднебесное және Камышенка елді мекендеріне қарай үш бағытта таралуда. ТЖ ауданын қалың түтін басқанымен, жоғары бетінде лапылдап жанып жатқан жоқ, оған ауа райы жақсы әсер етті – түнде және таңертең сіркіреп жаңбыр жауған.

Өрт аумағында авиациялық техника белсенді жұмыс істеп жатыр. Оған қоса ТЖ орнына қосымша күштер мен құралдар тартылып жатыр. Қатты өртеніп жатқан учаскелерде техника үздіксіз жұмыс істеуі үшін су жеткізіліп отыратыны айтылды. Азаматтар үшін уақытша орналастыру орындары жабдықталған. Қазір өр маңайындағы елді мекендерге төнген қауіптің беті сейілген. 

Сонымен қатар қабылданған шаралар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова баяндама жасап, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі табиғи өртті жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық және адами ресурстардың барлығы жұмылдырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Смайылов қосымша техника мен қызметкерлердің өрт сөндіру орындарына жедел жетуін қамтамасыз етуді талап етті.

Кеңес барысында Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесін пысықтауды, Денсаулық сақтау министрлігіне қажет болған жағдайда азаматтарға уақытылы медициналық көмек көрсету мәселесін бақылауда ұстауды, ІІМ-ге қоғамдық тәртіпті сақтауды және тұрғындар мүлкін қарауды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға