Жаңалықтар

Үкаша ата – Мұхаммед пайғамбардың сенімді серігі

Үкаша ата қабірі неге 12 метр?
Үкаша ата – Мұхаммед пайғамбардың сенімді серігі
05.10.2017 09:48 20893

Қарт Қаратауда бірнеше киелі орындар кездеседі. Олардың бірі – Үкаша атамен тікелей байланысты. Оған арнап тұрғызылған кесененің ұзындығы 16 метр, ені 5 метрге жуық, ал биікті – 3,5-4 метрге жете қабыл. Сәулет ескерткішінің күнбатысында биіктігі 4,5 метр, диаметрі 4 метрдей күмбез тұрғызылған. Құрылысқа таудың тастары пайдаланылған, ал сырты ақ пен сұр түсті берік тұтқыр құрылыс затымен сыланған. Ал кесененің ішіндегі мазардың биіктігі шамамен 170 см, ені 150 см, ұзындығы 12 метрге жетеді.

Үкаша ата құдығының қасиеті жайында жергілікті тұрғындар арасында көптеген аңыз-әңгімелер айтылады. Сол сияқты сахабаның өзі турасында да деректер кездеседі. Бірақ, олар кәсіби мамандардың қатысуынсыз жазылған дәйектер болғандықтан, бұрмаланған жерлері де жоқ емес. Кеңес заманы кезінде біздің рухани тұлғаларымыздың атын атауға, оларды зерттеп, зерделеуге ашық түрде қарсылық болды, олар туралы тарихи мәліметтерді жоюға тырысты. Егемендік алғаннан соң ғана, қолымыз аузымызға жетіп, тұмшаланып жатқан тарихымыз аршылып, оларды қайта «тірілттік».

Ислам дінін таратумен айналысқан Үкаша атаның кесенесі мен құдығының арасы бір-бірінен алыс жатыр (арасы шамамен бір шақырымды құрайды). Кесене тарихи ескерткіш ретінде республикалық қорғауда тұр. Оның орналасқан жері – рухани астанамыз Түркістан қаласынан ары қырық шақырымдай, Өгіз деп аталатын тау шатқалының маңында. Үкаша сахаба шамамен VI-VII ғасырларда ғұмыр кешкен Мұхаммед пайғамбарымыздың замандасы болған.

Сахаба туралы жазылған еңбектер

Үкаша ата хақында өткен ғасырларда ғұмыр кешкен Шәді Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысыламұлы көптеген деректер жазып қалдырды. Бұл жазбагерлердің туындыларында Үкаша ата есімі Ғакаша деп берілген екен. Көпейұлының бір жазбасында Ғакаша бастаған тоқсан түркілер Мұхаммед пайғамбарымыздың жасағына келіп қосылатыны туралы айтылады. Бұдан байқайтынымыз, Үкаша атаның арғы тегі түркі болған. Ілгеріде аты аталған авторлардың шығармасынан Үкаша сахабаның өмірде болған, тарихи тұлға екенін білеміз. Ол соңғы пайғамбарымыздың жанында жүрген жолдасы, сенімді серігі болған. Кеңес Одағының құрамына қосылып, әліпбиіміз криллицаға өткенге дейін, Үкаша атаның есімі Ғакаша деп аталған екен.

Кеңес үкіметі кезінде дін мәселесін жазу, оны қозғау тіптен мүмкін емес еді. Сол заманда О.Дастанов «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты кітап жазып, оның ішінде «Үкаша ата кім?» атты тақырыпты қозғады. Онда Мұхаммед пайғамбардың тапсыруымен, Үкаша ата ислам дінін халық арасында таратумен айналысты деп жазылған. Тарихшы Мұхтар Қожа «Оңтүстік Қазақстанның әулиелі жерлері» атты шығармасында Үкаша атаның қайтыс болғаны туралы аңызды тарқатып айтады. Тәуелсіздік алғалы бері бірнеше тарихшылар мен жазушылардың әулие туралы жазбалары жарық көріп жатыр. Оларда келтірілген деректердің бәрі бір-бірімен өте ұқсас.

Үкаша ата қалай қаза тапты?

Аңыздарды ақтарып қарасақ, соңғы Пайғамбардың күзетушісі болған Үкаша ата туралы көптеген мәліметтер бар. Мұхаммед Пайғамбар 61-ге толған кезде Жебрейіл періште келіп, «Пайғамбар ретінде міндетіңді атқардың, енді өз туысқандарыңның ортасында қарапайым болып ғұмыр кешесің» деген екен. Мұны естіген Алланың елшісі қарапайым пенде ретінде өмір сүре алмайтынын, ендігі көкке ұшып, Алланың қасына барғысы келетінін айтып, жалбарынады. Бұл тілегін Тәңірі қабыл етіп, Пайғамбар қоштасарда ағайын-туыс, дос-жаранның барлығын жинап, қарызы бар-жоғын сұрайды. Сонда Үкаша ата тұрып, ертеректе арқасының осқанын, соның өтеуін алғысы келетінін айтады. Киімін жоғары көтеріп, жауырынын тосқан Мұхаммед пайғамбардан 3 сәуле тарап, Үкаша атаға қонған екен. Осыдан кейін, ол шапса қылыш кеспейтін, атса оқ өтпейтін қасиетке ие болады. Үкаша ата ислам дінін таратумен белсене айналысқанын жоғарыда айтып өттік. Міне, ол бүгінгі қазақ жеріне келіп, дінді халыққа насихаттап жүргенде, дұшпандарын тым көбейтіп алады. Оның өлімін тілеушілерде сан жоқ еді. Үкаша атаның осал тұсы намаз оқып жатқанда, қылыш пен оқ өтпейтін қасиеті жоғалып кететіндігі еді. Осыны біліп алған дұшпандары, таң намазының үстінде басын шауып алған екен. Дегенмен, бас ешкімге ұстатпай, домалап, Алланың құдіретімен найзағай жарған құдыққа келіп, түсіп кетеді. Тарихшылардың айтуынша, сол құдық Меккедегі Зәмзәм бұлағымен жалғасып жатқан көрінеді. Оған дәлел – Үкаша атаның басы сол құдықтың түбінен табылып, Мұхаммед Пайғамбардың аяқ жағына арнайы жерленгендігі. Үкаша ата басының Алла елшісінің мүрдесінен төмен жатқанын Жаратқаннан шын сұраған екен.  

Құдық ниетіңе қарай су береді

«Отыз бес метр тереңдікте жатқан құдық суының шипасы көп» дейді халық. Сол себепті, мұнда келушілердің саны азайған емес. Судың сырқаттан айықтырар емдік қасиеті бар делінеді. Сол секілді Үкаша атаға ниеттеніп келмегендерге, оның қасиетіне күмән келтірушілерге бір тамшы су бұйырмайды. Ал шын ықыласымен зиярат етушілердің ешқашан шелегі құрғақ шықпайды. Бір қызығы, құдық түбіне шелек тастағанда күмп етіп суға түспейді. Тіпті шелекті тартып шығарарда да, онда су бар-жоғын білу мүмкін емес, тек жарты жолға келгенде шелегіңіз бірден ауырлап кетеді. Қайдан-қалай су құйылғаны жұмбақ.

Бірнеше жыл бұрын құдықтан мүлде су шықпай қалып, тастаған бірнеше шелек үзіліп кете берген. Бұның сырын білмекке шырақшылар жандарына адам ертіп, құдық түбіне түседі. Олар құдықтың спираль тәрізді екендігін көріп, таң тамаша болыпты. 15 метр түскеннен соң, биіктігі он метрден аса, кеңдеу келген үңгірге тап болады. Сол секілді тағы қос үңгірді байқайды. Келбеті қазақ киіз үйі тәріздес үңгірлердің асты құрғақ, шетінде ғана кішігірім бұлақ ағып жатады екен. Үзілген шелектер сол бұлақтың үстіне жиналып қалыпты. Бұлақ суы құбылаға бет алған, сондай-ақ оның шетінде әдемі ақ гүлдер жайқалып өсіп тұрыпты.

Ауыл тұрғындары болса, судың шықпай қалуын былай түсіндіреді: шелектер тас пен бұлақ арасындағы, тереңдігі шамамен алпыс-жетпіс  метрді құрайтын қазандыққа түскен. Яғни, ақ ниетті адамдар салғанда шелек бұлаққа қарай, ниеті түзу еместердікі қазандыққа қарай кетіп отырған сыңайлы. Оның ақ-қарасы әрине, тек Аллаға аян.

Құдыққа түсіп, ішіндегі ғажайыпқа куә болып, аман шыққан тек сол шырақшы бастаған топ секілді. Ал осы маңда орналасқан ауылдардың балалары, бұрын зиярат етушілер тастаған соқыр ақшаға қызығып, құдыққа түсіп, қайтып шықпапты.

Неге қабір 12 метрге созылып жатыр?

Үкаша атаның бассыз қалған денесін Ер Қоян батырдың өзі бастаған адамдар көміп, оған 12 метрлік мазар қойған. Бірақ Үкаша ата біз ойлағандай алып кісі болмаған. Мазар қойған адамдар, басының қаны шашылған жерлер аяқ асты болмасын деп, мазарды осынша метрге ұзарта берген екен.

Үкаша ата құдығына түскен кей адамдар тірі шығып, кейбіреулерінің аман оралмауында не сыр жатыр? Түскен шырақшы кісілер сол балалардың денесін таппады ма? Бір құдық адамның ырыс-берекесінің өлшемі бола ала ма? Әрине, әулиелі жердің құпиясын нақты дөп басып айту қиынның қиыны. Қазірде, Үкаша ата кесенесі мемлекеттік сәулет ескерткіші ретінде қорғауға алынып, Қазақстанның 100 киелі нысандарының қатарынан табылып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға