Бүгін Қазақстандық файтер Әліби Ыдырыс (10-1) UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізіп, сәтті түрде жеңіске жетті. UFC-дегі дебюттік жекпе-жегін Хьюстон қаласында (АҚШ, Техас штаты) өткізген ол Fight Night 267 турнирінде шығып, америкалық Оди Осборнмен (13-9) қапы қалдырды.
Ең жеңіл салмақта өткен жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіс Әліби Ыдырысқа берілді. Қазақстандық спортшы кәсіби мансабындағы он бірінші жеңісін тіркеп, UFC-де алғашқы қадамын сәтті бастап отыр. Оның қарсыласы Оди Осборн осымен кәсіби ММА-дағы оныншы жеңілісіне ұшырады.
Әліби Ыдырыс 1994 жылғы 1 наурызда туған. Мектепті аяқтаған соң политехникалық колледжге түсіп, оны үздік нәтижемен тәмамдады. Алғашқы уақытта болашақ чемпион мейрамханада аспаз болып жұмыс істеді. Сөйтіп жүріп жаттығуға уақыт тауып, Ақтөбедегі «Erkin Kush» спорт клубында дайындығын шындаған.
Сол жылдары ММА елімізде қарқынды дамып жатқан уақыт еді. Кейіпкеріміз Әліби Ыдырыспен бірге жаттыққан Сергей Морозов пен Жалғас Жұмағұлов белгілі лигаларда өнер көрсетіп, ТМД кеңістігінде танымал бола бастаған кезең. Әліби Ыдырыс та үлкен турнирлерде жұдырықтасуға мақсат қойып, алайда отбасын асырау қажеттілігі оны жұмысын жалғастыруға мәжбүр етті.
Үш жыл вахтада еңбек еткен соң, ол тағдырын өзгертетін шешім қабылдап, кәсіби ММА мансабын бастауға бел буды. Жақындарына ойын айтып, ата-анасынан бата алды.
2019 жылдың қарашасында Әліби Ыдырыс «Қан мен тер» лақап атымен Naiza FC лигасында дебют жасады. Сол сында Медет Жұмамураттан басым түсті. Екі айдан соң өзбекстандық Ислам Айбатовтан айласын асырып, кейін Теймур Жапаров пен Арген Маликовты жеңіп, титулдық жекпе-жекке жолдама алған.
2021 жылдың жазында тәжірибелі Аслан Өтеғалиевті (9-4) айқын басымдықпен қапы қалдырып, Naiza лигасының ең жеңіл салмақтағы чемпионы атанды. 2022 жылы белбеуін екі рет сәтті қорғап, ресейлік Джохар Ескиевті (8-3) бірінші раундта нокаутқа жіберсе, бразилиялық Флавио да Силва Сантос «Мадруга» лақап атымен өткен қанды айқаста жеңіске жетті.
Кейін Ыдырыс Әліби чемпиондық белбеуден бас тартқанымен, Naiza турнирлерінде өнер көрсетуін жалғастырды. 2023 жылдың маусымында бразилиялық Элисон Силваны (8-1) алғаш рет жеңіліске ұшыратты. Одан кейінгі жекпе-жекте Эрисон Ферейраны (12-6) нокаутқа түсірді. 2024 жылдың мамырында өткен соңғы кездесуінде Эдилсон Сантос (9-3) техникалық нокаутпен жеңілген еді.
Алиби бір сұхбатында алғашқы кәсіби жекпе-жегі үшін 50 мың теңге алғанын атаса, соңғы айқасы үшін гонорары 5 миллион теңгеге жеткен.

