Жаңалықтар

UEFA Ұлттар лигасы: Қазақстан алғашқы екі ойынды қалай өткізді?

UEFA Ұлттар лигасы: Қазақстан алғашқы екі ойынды қалай өткізді?
Фото: ҚФФ баспасөз қызметі 11.09.2024 18:14 458

Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының жаңа маусымын бастады. Станислав Черчесов басшылығындағы Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын Алматыдағы Орталық стадионда Норвегия футболшыларымен өткізіп, азулы қарсыласымен тең ойнады. Ал үш күннен кейін Словенияға сапар шегіп, жергілікті құрамадан ірі есеппен жеңілді.

Жалпы, бұл екі матч Станислав Черчесов үшін де, Қазақстан ұлттық құрамасы үшін де маңызды ойын болғаны сөзсіз. Өйткені бас жаттықтырушы ретіндегі алғашқы ойыны әрқашан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне кейінгі екі жылда Қазақстан құрамасы Магомед Адиевтің қоластында жақсы жетістікке жетті. Тіпті, қазақ футболының бойына қан жүгіртіп, жаңа жеңістерге бастағанын бүкіл жанкүйер біледі. Бір ғана мысал, Адиев Ұлттар лигасының өткен маусымында ұлттық құраманы С лигадан В лигасына шығарып, Еуро-2024 іріктеу кезеңінде жақсы ойын көрсетті. Енді ҚФФ басшылығы да, қазақстандық жанкүйерлер де Черчесовтен сол деңгейдегі ойынды күтеді.

Холанд гол соға алмады

Норвегиямен өткен алғашқы матчта Станислав Черчесов өзіне артылған сенімді толық ақтады деуге болады. Бірақ әзірше ол Адиев жасақтап берген құрамаға аса қатты өзгеріс жасаған жоқ. Иә, жаңа бас бапкер бұл жолғы ұлттық құрамаға бір-екі жаңа есімді шақырғанымен, құраманың 90 пайызы Адиевтің кезінде ойнаған футболшылардан құралды.

UEFA Ұлттар лигасы: Қазақстан алғашқы екі ойынды қалай өткізді?Cурет:ҚФФ баспасөз қызметі

Матчқа тоқталар болсақ, Черчесов бірінші минуттан бастап қорғаныста ойнайтынын, жеңістен бұрын тең ойынға риза болатынын байқатты. Яғни, 5 қорғаушы, 4 жартылай қорғаушы және 1 ғана таза шабуылшымен ойнады. Нәтиже де өзі күткендей болып, матч 0:0 есебімен аяқталды. Бұл матчта Норвегия сапында әлем футболының жұлдыздары – Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегор алғашқы минуттан алаңға шықса да, Игорь Шацкий қорғаған қақпадан саңлау таба алмады.

Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы маңызды матчта алғашқы ұпайын иеленді. Бұл кездесуде ұлттық құрам сапынан ең үздік ойыншы деп Нұрәлі Әліпті айтуға болады. Өйткені ол ойын барысында көп қауіптің бетін қайтарып, Холандқа гол соғуға еш мүмкіндік бермеді.

UEFA Ұлттар лигасы: Қазақстан алғашқы екі ойынды қалай өткізді?Cурет:ҚФФ баспасөз қызметі

Матчтан кейін бас бапкер Станислав Черчесов:

Біз Ұлттар лигасындағы жаңа жорығымызды бастадық. Бұл басқа деңгей, әрбір ойын біз үшін маңызды. Біздің міндетіміз – әр ойынға тыңғылықты дайындалып, қарсыластардың әлсіз тұстарын табу. Жігіттерді жаңа маусымның бастауымен құттықтаймын. Олардың бүгінгі ойынына бес деген баға беруге болады. Ал шабуылда әлі де жұмыс істейтін тұстарымыз бар! Тәжірибе көрсеткендей, матч туралы әзірше ештеңе айтуға болмайды. Ойынды қайта қарауымыз керек. Қалай болғанда да, мұндай матчтарда жақсы ойнауымыз керек, шабуылдарды соңына жеткізуге тиіспіз, - деді ол.

Шешконың бір өзі матч тағдырын шешіп кетті

Норвегиямен өткен матчтан кейін Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы екінші тур ойынын сырт алаңда Словениямен өткізді. Бұл матч футболшылар мен жанкүйерлер үшін маңызды ойын еді. Өйткені Словения футболшылары 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде екі рет кездесіп, екі ойында да Қазақстан құрамасын 1:2 есебімен жеңген болатын. Оның үстіне дәл осы жеңіліс бізді Еуро-2024 турнирінен шығу мүмкіндігінен айырған-ды. Сондықтан біздің жігіттер сырт алаңда жеңіске жетіп, былтыр кеткен есені қайтаруға тиіс еді. Өкінішке қарай, бұл жолы да отандастарымыз жанкүйерлерді жеңісімен қуанта алмады.

Бұл матчта да Станислав Черчесов Норвегиямен болған ойындағыдай негізінен қорғанысқа басымдық берді. Словенияға қарсы кездесуде Черчесов Әлібек Қасымның орнына Сергей Малыйды шығарса, Максим Самородов Ислам Чесноковты алмастырды. Бірақ бұл өзгерістен еш пайда болған жоқ. Тіпті қорғанысымыз алғашқы матчқа қарағанда өте нашар ойнады. Шабуылда да жігіттеріміз дәрменсіздік танытып, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасай алған жоқ.

Кездесуді ә дегеннен алаң иелері белсенді бастап, Игорь Шацкийдің қақпасына бірнеше қауіпті жағдай туғызды. Бірінші таймның орта тұсына жеткенде Беньямин Шешко бес минуттың ішінде екі гол соғып, мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ ол 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде де Қазақстан құрамасының қақпасына пенальтиден гол соққан еді. Біздің жігіттер бірінші таймда Ян Облактің қақпасына бір рет те тура соққы жасай алмады.

Екінші таймның басында алаң иелерінің қарқыны біраз бәсеңсіп, біздің жігіттер шабуылға шықты. 59-минутта Бақтиёр Зайнутдиновтің гол соғатын мүмкіндігі болған еді, алайда Ян Облак қақпасына гол өткізбеді. Арада көп уақыт өтпей Шешко ойындағы үшінші голын соғып, кездесудің нүктесін қойды. Әуелете келген допты баспен қақпаға дәл бағыттап, хет-трик жасады. Екінші таймда Станислав Черчесов алаңға жаңа ойыншыларды қосқанымен, олар ойын барысын өзгерте алмады. Қорытынды есеп – 3:0.

Словениямен өткен матчтан кейін Станислав Черчесов сырт алаңнан ұпаймен оралуды көздегенімен, ойлаған мақсатына жете алмағанын айтты:

Ойынның нәтижесі, қалай өткені бәрі таблода көрсетіліп тұр. Өкінішке қарай, словениялықтарға қарсы төтеп бере алмадық. Дегенмен олар кейбір сәттерде бізден мықтырақ болды. Әрине, қағаз жүзінде алаң иелері фаворит болған шығар, бірақ біз мұнда өзімізге тиесілі ұпайымызды алуды көздеген едік. Біз ойын алдында қателігімізді жасап, соның зардабын тарттық. Бүгін Малый өте жақсы ойнады, егер сары қағаз алмағанда оны ауыстырмайтын едім. Қасым да тәуір ойнап шықты, - деді Черчесов.

Топтағы екінші ойында Норвегия өз алаңында Аустрия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Екінші тур ойындарынан кейін Словения 6 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Кейінгі орынға 3 ұпаймен Норвегия құрамасы жайғасса, Қазақстан мен Аустрия бір ұпаймен соңғы орындарды бөлісіп тұр.

Ұлттар лигасының келесі тур ойындары қазан айына жоспарланған. Қазақстан ұлттық құрамасы 3-тур ойындары аясында 10 қазанда сырт алаңда Аустрия құрамасымен ойнаса, үш күннен кейін Алматыда Словения футболшыларын қабылдайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға