Жаңалықтар

ҰБТ тапсыруға 305 мың түлек өтініш берген

ҰБТ тапсыруға 305 мың түлек өтініш берген
Фото: © Pixabay.com 19.05.2023 13:37 1110

16 мамырда негізгі ҰБТ-2023 басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның ішінде тапсырушылардың 75% – ы қазақ тілінде, 25% - ы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірген. Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласында орналасқан тестілеу орталығына барып, ҰБТ-ның өту барысымен танысты.

Осы жылдан бастап біз барлық талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге байланысты ерекше мүмкіндік беріп отырмыз. Енді сіздер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса аласыздар. Бүгін Қазақстанда біз шекарасыз білім беруге ұмтыламыз. Сіздердің сапалы білім алып, өз әлеуетіңізді толық ашу үшін мүмкіндік жасаймыз, - деп атап өтті Саясат Нұрбек тестілеуге келген түлектерге.

2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға