Жаңалықтар

ҰБТ тапсырмаларының саны қанша болады

ҰБТ тапсырмаларының саны қанша болады
Фото: © Pixabay.com 09.02.2024 19:01 695

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы ҰБТ тапсырмаларының санын нақтылады, ол өзгеріссіз қалған – 120, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140.

«Қазақстан тарихы», «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндерінің тапсырмаларында төрт нұсқаның ішінде бір дұрыс жауабы бар.

Ал екі бейіндік пән төрт нұсқаның ішінен бір дұрыс жауапты 25 тапсырмадан, контекст негізінде жасалған төрт нұсқаның ішінен бір дұрыс жауапты 5 тапсырмадан, сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырмадан және алты нұсқаның ішінен бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар (үш дұрыс жауаптан көп емес) 5 тест тапсырмасынан құралған.

ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмалар мен сәйкестікті анықтауға арналған тапсырмалар бойынша сұрақтарға қатысты жауап берді.

Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында: дұрыс жауапты таңдағанда екі балмен; бір дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен; екі және одан да көп дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен бағаланады. Екі дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында: екі дұрыс жауапты таңдағанда екі балмен; бір дұрыс жауапты таңдағанда бір балмен; бір дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен; екі дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен; екі және одан да көп дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен бағаланады. Үш дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында: үш дұрыс жауапты таңдағанда екі балмен; екі дұрыс жауапты таңдағанда бір балмен; екі дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен; үш дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен; тек бір дұрыс жауапты не екі және одан да көп дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен бағаланады.

Сәйкестікті анықтауға арналған тапсырмаларда бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмаларын бағалауға ұқсас бағалау алгоритмі қолданылады, бір маңызды шарты бұл тапсырмаларда әрқашан екі дұрыс жауабы болады, - деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға