ҰБТ-ны талапкерлердің 77%-ы қазақ тілінде тапсырған
Фото: ҰТО
Фото: ҰТО
06.07.2024 01:35
686
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 315 мың рет тест сынақ тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 77%-ы қазақ тілінде, 23%-ы орыс тілінде, 200-ден астам адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 78% талапкер жинады.
Орташа балл - 70, ең жоғары балл – 140. Оны ҰБТ-ны өткізудің алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі Жаннұр Еңсебек жинады. 139 балды 2 тестіленуші: Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, аталған үш талапкер ауыл мектептерінің түлегі болып табылады. 6 бала 138 балл, 20 бала 137 балл жинаған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға жеті аптаның ішінде 639 талапкер қатысты.
Бүгінгі таңда 596 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 375 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекетінен тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 179 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 42 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматы-Ташкент жолында жүк көлігінің тіркемесі өртеніп кетті