©El.kz

ҰБТ халықаралық деңгейге шығады: министр мән-жайды түсіндірді

26.09.2025 22:07

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Алайда бұл жаңалықтар 2026 жылы енгізілмейді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің айтуынша, ҰБТ-ны жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Ең алдымен баршаңызды сабырға шақырамын: 2026 жылы ешқандай өзгеріс болмайды. Бұл – өте әлеуметтік сезімтал мәселе, сондықтан бірден өзгертуге болмайды. Біз қазір бес жылдық, ұзақ мерзімді жоспар дайындап жатырмыз. Бірінші кезеңде тестологтарымыз әлемге әйгілі ETS компаниясында оқудан өтеді. Біздің алғашқы маман қазірдің өзінде Принстондағы кампуста білім алып жатыр. Бұл – әлемдегі ең мықты тестологиялық компания, – деді ол.

Саясат Нұрбектің сөзінше, дәл осы ETS компаниясы – SAT, TOEFL және GRE сияқты халықаралық тестілердің авторы. Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан ұйымға 80 жылдан астам уақыт болған, онда 2,5 мыңнан астам ғылым докторы жұмыс істейді.

Келесі кезеңде ETS мамандарымен бірге жаңа әдістеме жасалады. Бұл бізге не үшін қажет? Қазіргі кезде көптеген шетелдік жоғары оқу орындары ҰБТ сертификатын халықаралық деңгейде мойындамайды. Біз ҰБТ-ны әлемдік стандартқа сай placement test, яғни жетекші шетелдік университеттерге түсуге жарамды емтиханға айналдырғымыз келеді, – деді министр.

Бұл модель екі мәселені шешпек: білімді бағалаудың сапасын арттыру және ҰБТ-ның халықаралық мойындалуын қамтамасыз ету.

Егер бәрін дұрыс жасасақ, біздің түлектер ҰБТ сертификатымен кез келген шетелдік университетке түсе алады, – деді Саясат Нұрбек.

Министр сонымен қатар қоғамдағы сын-пікірлердің де ескерілетінін айтты. Жаңа үлгіде тек білім ғана емес, талапкерлердің психологиялық ерекшеліктері, сыни ойлау қабілеті мен бейімделу мүмкіндігі де бағаланатын болады.

Қазіргі еңбек нарығы жаңа талаптар қояды, сондықтан ҰБТ мазмұны да соған сай жетілдіріледі. Қазірдің өзінде жасанды интеллект бағалау жүйесіне енгізілуде. Ол стандартталған тестілеу мен жаңа әдістерді ұштастырып, талапкердің жауаптарына тәжірибелі сарапшы сияқты талдау жасай алады, – деді ведомство басшысы.