Коллаж El.kz

ҰБТ енді бұрынғыдай болмайды: білім жүйесін не күтіп тұр?

25.12.2025 15:01

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) Қазақстанда 2004 жылы енгізілді. Содан бері бұл жүйе мектеп бітірушілер үшін де, жоғары оқу орындарына қабылдау үшін де негізгі сүзгіге айналды. Бір форматпен бірнеше мақсатты қатар атқаруға тиіс болған ҰБТ жылдар бойы талай өзгерісті бастан өткерді: пәндер құрамы ауысты, өткізу тәртібі жаңарды, цифрлық форматқа көшті. Соған қарамастан, оның әділдігі мен сапасына қатысты пікірталас қоғамда әлі де толастаған жоқ. Соңғы күндері «ҰБТ форматын түбегейлі өзгерту керек» деген ақпараттың таралуы да осы көптен бері айтылып келе жатқан сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.

ҰБТ инновациялық экономикаға кадр дайындай алмайды

ҰБТ форматын жаңарту қажет деген пікірді білім саласының сарапшысы Нұрмұхаммед Досыбаев қолдайды. Оның айтуынша, қолданыстағы ҰБТ негізінен жаттанды білімді өлшеуге құрылған, ал мұндай тәсіл қазіргі заман талаптарына сай емес.

Сарапшының пікірінше, оқушылар арнайы дайындық жүйелері арқылы қысқа уақыт ішінде материалды жаттап, тест тапсыруы мүмкін, алайда университетке түскен соң бұл білімнің көбін ұмытып қалады. Ал экономика қарқынды түрде өзгеріп жатқан кезеңде жаттанды білімге сүйенген мамандарды цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллект оңай алмастырады.

Бізге қазір терең ойлай алатын, көпқырлы, мәселенің мәніне үңіле білетін мамандар керек. Инновациялық экономика дәл осындай кадрларға мұқтаж. Ал ҰБТ-ның қазіргі бағытымен біз мұндай мамандарды дайындай алмаймыз, - дейді ол.

Нұрмұхаммед Досыбаев шетелдік тәжірибеге де назар аударады. Мәселен, АҚШ-тағы тестілеу жүйелері баланың жаттанды білімін емес, функционалдық сауаттылығын, ситуацияны түсінуі мен ойлау қабілетін бағалауға бағытталған. Оның пікірінше, Қазақстандағы ҰБТ да осы бағытқа бет бұруы тиіс.

Америкада SAT деген емтихандар бар. Олар баланың жаттанды білімінен гөрі функционалды білімін өлшейді ғой, қаншалықты олар ситуацияны түсінеді, қалай ойланады деген секілді сұрақтарға жауап алады, - деді Нұрмұхаммед Досыбаев.

Қазақ тілі міндетті пән болып қалуы тиіс

ҰБТ форматын жаңарту мәселесіне мектеп мұғалімдері де салмақты пікір білдіруде. Астана қалалық №84 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсана Мұқанова бұл бастаманы білім беру жүйесін күрт өзгертпей, біртіндеп жаңғыртуға бағытталған байыпты шешім деп санайды.

Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2026 жылы ҰБТ-ның қолданыстағы форматын сақтап қалу туралы ұстанымы - оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін маңызды тұрақтылық факторы.

Білім беру жүйесінде асығыс шешім қауіпті. ҰБТ-ны кезең-кезеңімен жаңарту - оқушының да, мұғалімнің де жаңа талаптарға бейімделуіне мүмкіндік беретін дұрыс қадам, - дейді мұғалім.

Жаңғырту арнайы бес жылдық жоспар аясында іске асырылмақ. Алғашқы кезеңде отандық тест әзірлеушілер халықаралық деңгейде мойындалған Educational Testing Service (ETS) компаниясында оқудан өтеді. 2027 жылдан бастап жаңа формат пилоттық режимде енгізіліп, талапкерлерге белгілі бір кезеңде ҰБТ-ны ескі немесе жаңартылған үлгіде тапсыру құқығы беріледі. Мұндай тәсіл білім алушылардың психологиялық және академиялық дайындығын ескеруге мүмкіндік береді.

Жаңа форматтағы тест тапсырмалары логикалық ойлау, функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталмақ. Мұның басты артықшылығы - жаттанды білімнен арылып, өмірде қажет нақты дағдыларды дамыту.

Оқушы тек ережені біліп қана қоймай, оны нақты жағдайда қолдана алуы тиіс. Қазіргі заман дәл осыны талап етеді, - деп атап өтеді Гүлсана Мұқанова.

Осы тұста мұғалім қазақ тілі пәнінің ҰБТ жүйесіндегі орнына ерекше тоқталады. Оның пікірінше, қазақ тілін таңдау пәніне айналдырмай, міндетті пән ретінде сақтау - мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтудың тікелей тетігі.

Қазақ тілі - тек грамматиканы тексеретін пән емес. Ол баланың ойлау жүйесін, мәтінді түсінуін, өз ойын дәл әрі сауатты жеткізу қабілетін қалыптастырады. Сондықтан оның ҰБТ-дегі рөлі әлсіреуі емес, күшеюі керек, - дейді ол.

Мұғалімнің пайымдауынша, жаңа форматқа көшу барысында қазақ тілі пәнінің мазмұны да заман талабына сай жаңартылып, өмірмен тығыз байланысты, ойлануға жетелейтін тапсырмалармен толықтырылуы тиіс. Бұл оқушыларды жаттанды ережелерден алыстатып, тілді шынайы қарым-қатынас құралы ретінде еркін қолдануға үйретеді әрі мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттырады.

Қорытындысында Гүлсана Мұқанова ҰБТ форматын жаңарту - білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды әрі оң қадам екенін айта отырып, осы үдерісте қазақ тілінің мәртебесін естен шығармау ұлт болашағы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтеді. Тілі сақталған елдің ғана рухы биік, болашағы берік.

ҰБТ қалай және қашан өзгереді?

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ форматын жетілдіруге қатысты ресми ұстанымын да нақтылап отыр. Ведомствоның түсіндіруінше, бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеу мектепті аяқтаудың қорытынды емтиханы емес, ол тек Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу және мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде қолданылатын кіріспе емтихан қызметін атқарады.

Министрлік мәліметінше, 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында ҰБТ-ны халықаралық стандартталған форматқа көшіру көзделген. Бұл ретте тест тапсырмаларын әзірлеу мен нәтижелерді талдауда психометриялық тәсілдерді енгізу, бағалау сапасын арттыру негізгі басымдық ретінде айқындалған. Осы мақсатта әлемдік тестология саласында жетекші орын алатын Educational Testing Service (ETS) ұйымымен ынтымақтастық орнату мәселесі пысықталған.

Министрлік ETS-ті TOEFL және GRE секілді халықаралық емтихандарды әзірлейтін, білім мен құзыреттерді бағалау саласында көпжылдық тәжірибесі бар жетекші ұйым ретінде атап өтеді. Осы серіктестіктің аясында биылғы 21 қыркүйекте Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары барысында ETS компаниясының бас директоры Амит Севакпен кездесу өтіп, ұлттық білім жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланған.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты қадамдар қабылданды. Атап айтқанда, ETS-тің халықаралық жетекші сарапшыларының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. 31 қазанда Астанада өткен стратегиялық серіктестіктер форумында ETS бас директорының қатысуымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Ал 6 қарашада Вашингтон қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы және ETS арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар жоғары сапалы тест тапсырмаларын әзірлеуді қамтамасыз ету үшін 30 маманды халықаралық «Болашақ» стипендиясы аясында даярлау мәселесі қарастырылып отыр. ETS-пен бірлесіп жасанды интеллект, адаптивті тестілеу және халықаралық стандарттарды қолданатын жаңа тест құру тәсілдері айқындалды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа форматтағы тест алдымен Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарына түсу кезінде пилоттық режимде енгізіледі.

Жаңа тестті пилоттық түрде Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарына түсу кезінде енгізу жоспарлануда. Жалпы, жаңа тестілеу форматы ҰБТ сапасын арттырып, оны ең үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес стандартталған кіріспе емтихан ретінде танылуын қамтамасыз етеді. Айта кету керек, 2026 жылы қазіргі ҰБТ форматы өзгермейді, жаңа тест форматын кезең-кезеңімен енгізу 2027 жылдан басталады, - делінген министрліктің El.kz тілшісіне берген ресми жауабында.