El.kz

ҰБТ: Екі аптада 67 мыңнан астам талапкер тест тапсырды

16.03.2026 18:00

Биыл  2 наурызда басталған ҰБТ-да 67 мыңнан астам талапкер (2 апта) тестілеуден өтті. Талапкерлердің 66,99%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 32,88%-ы орыс тілінде және 85 адам ағылшын тілінде тапсырды.

Екі апталық тестілеу қорытындысы бойынша, олардың 61%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 59 балл. Ең жоғары нәтиже –136 балл. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында, ҰБТ-ға 192 талапкер қатысты.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

Екі аптаның қорытындысы бойынша, ҰБТ-да 117 ереже бұзылған. 69 талапкер смартфонды, шпаргалканы және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 48 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижесі жойылды. Өзге адамның орнына кіру фактісі анықталған жоқ.

Биыл ҰБТ аяқталғаннан кейін де  31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактісі анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Айта кетерлігі, тестілеуге қатысуға 184 мыңға жуық өтініш келіп түсті.