ҰБТ-дан 140 ұпай жинап пәтерге ие болған жас түлек туралы не белгілі?
Биылғы ҰБТ 140 балл жинап, білім мен табандылықтың жарқын үлгісін көрсеткен талапкер Айша Сатыпалды жұрт назарында. El.kz интернет порталының тілшісі Айшамен сөйлесіп, оның жетістікке жету жолын, дайындық кезеңін және болашақ жоспарларын білді.
Дайындық жолы: жүйелі еңбек пен тәртіп
Жас талапкер жетістігінің арқасында баспаналы болып, мыңдаған жас түлекке мотивация берді. Айша – жекеменшік мектептің түлегі. Ол тестілеуге дайындықты 10-сыныптан бастап, мақсатты түрде қолға алған. ҰБТ-да таңдалатын пәндер ретінде дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған.

жеке мұрағат
Мен ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптың күзіне қарай 125 High School мектебінде бастадым. Сол кезде күніне шамамен 6-7 сағат уақытым тек дайындыққа кетті. Ал 11-сыныпта кей күндері 9-10 сағатқа дейін оқуға тура келді, – дейді талапкер.
Оның айтуынша, дайындықтағы басты мақсат – база қалыптастыру. ҰТО бекіткен ресми кітаптарды толық меңгермейінше, тест шешу аса тиімді болмайды. Кітаптағы теорияны меңгеріп, оны сынақ тестілері арқылы бекітіп отыру нәтиженің кілті деп есептейді.
Қиындық пен оны жеңудің жолы
Айша үшін ең күрделі пән Қазақстан тарихы болған. Бірақ ол бұл қиындыққа берілмей, өзін қызықтыру жолдарын тапқан.
Тарих пәніне қызығушылығымды арттыру үшін тек оқулықпен шектелмей, подкасттар, видеолар тыңдайтынмын. Бұл әдіс жаңа ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектесті, – дейді ол.
Жанашырлар көмегі: отбасы мен достардың рөлі
Ата-анам мен достарым дайындық кезінде үлкен тірек болды. Кейде шаршаған сәттерде демеу болып, мотивациямды қайта оятатын. Олардың қолдауы болмаса, бұл үдеріс моральдық тұрғыда өте ауыр болар еді, – дейді жас талапкер.
ҰБТ күні және әсері
Емтихан сәтінде Айша қобалжымағанын айтады.
Шынымды айтсам, емтихан кезінде қобалжыған жоқпын. Бірақ менің ойымша, қобалжу — қалыпты процесс. Оны тоқтатуға тырысу оны одан әрі күшейтуі мүмкін. Ең дұрысы – эмоцияңды қабылдап үйрену, – дейді Айша.
Нәтижені көргенде ол еңбегі ақталғанын бірден сезген.
Жеңілдік пен шүкіршілік сезімі басым болды. Өзіме, еңбегіме сенім артқаным үшін қуандым, – дейді ол.
Баспаналы болу – жай ғана сыйлық емес
Айшаға берілген үй оның айтуынша, тек марапат емес, болашаққа сенімділік берген үлкен мүмкіндік.
Бұл мен үшін жай ғана сыйлық емес. Бұл – болашаққа деген көзқарасымды өзгертетін, мақсаттарымды кеңейтетін мотивация. Енді мен өзіме, арманым мен бағытыма одан сайын нық сенемін, – деді.
Болашаққа жоспар
Айша SDU университетінің екі шет тілі мамандығына, педагогикалық бағыт бойынша оқуға түсуді жоспарлап отыр.
Білім саласы – мен үшін тек мамандық емес, өмірлік миссия. Болашақта өз білімімді ел игілігі үшін жұмсағым келеді, – дейді Айша Сатыпалды.
Айшаның сөзінше, табысқа жету үшін тек талант жеткіліксіз. Еңбек пен жүйелі дайындық болмаса, таланттың өзі іске аспай қалуы мүмкін екенін айтады.
Ол өз дайындық процесіне өкінбейді.
Дайындығым мінсіз болды деп айта алмаймын, бірақ мен ештеңені өзгертпес едім. Қаншама тер төккен сәттер, сәтсіздіктер мен табыстар – бәрі де менің жолымның бір бөлігі, – деді.
Болашақ түлектерге кеңесі
Көп оқушы тест шешумен уақыт жоғалтып жатады. Бірақ негізгі фокус әрқашан база қалыптастыруда болу керек. Ол – кітап оқу, теорияны терең түсіну. Содан кейін барып, тестпен пысықтау қажет, – дейді Айша.
Айшаның жетістігі – кездейсоқтық емес. Бұл – еңбек, тәртіп пен ішкі сенімнің нәтижесі. Ол 140 балл алып қана қоймай, жүздеген жасқа шабыт, ал білімге берілген баспанасы еңбектің бағалануының айқын көрінісі болды.
Айшаның бұл жетістігі елеусіз қалмады. Оның білімге деген ұмтылысы мен еңбегін бағалаған мектеп басшылығы оған Алматы қаласынан пәтер сыйлады. Бұл сыйлық қоғамда кеңінен талқыланып, дарынды оқушылардың еңбегі лайықты бағалануы керек деген пікірлерге негіз болды.

